Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз білетін Ибагүл

Біз білетін Ибагүл

Өткен ғасырдың 1940-1945 жылдары елге белгілі стахановшыларының бірі болып Ақтоғанның еркесі атанған Ибагүл Саршанова тарихта қалған. Елбасының рухани жаңғыру деген мақаласындағы еліңдегі, жеріңдегі белгілі азаматтарды өзіңнен кейінгі ұрпаққа қандай адамдар, еліміздің өркендеуіне қалай үлес қосқанын таныту бірінші міндетім деп біл деген қағидаға сүйене отырып, осы мақаланың басты кейіпкері Ибагүл жайлы аз ғана мәліметті газетке беруді жөн көрдім.
Ол Шиелі каналын қазуда ерекше көзге түсіп кетпеншілердің ішінде ең мықтысы атанған. Өзінің барлық күш жігерін сарқа жұмсаған. Сол кезде берілетін бір күндік нормасын үш нормаға дейін орындаған. Ақтоған колхозына мүше боп кіргеннен бастап, тары егумен айналысады. Солайша тары егуден ауданда рекорд жасайды. Тарының әр гектарынан 194 центнерден өнім алады. Атақты тары егуші Шығанақ Берсиевтің шәкірті ұстазының рекордын жаңартқан. Сол кезде егілген егіннің барлығын қолмен орғанын көзіміз көрді. Кейіпкеріміз сол кезде атақты орақшы атанды. Халық бұл атақты Ибагүлге қалай берді? Бір өзі кей күндері 1 гектарға шейін орған күндері болды. Канал қазуда стахановшылар қатарында болған егін орудан орақшы аталған үшін дуалы ауыз бір ақсақал осы Ибагүлге «Ақтоғанның еркесі» деген атақ берген. Осындай еңбеккештігін көріп ән еркесі Нартай өзінің «Аманат» деген кітабында «Балуан қыз» деп еркелетсе, халық үшін жасаған еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл ту» орденімен және басқа ордендермен медальдармен марапатталған. Осында еңбек етіп жүріп колхоз бастығы Қазыбек Айымқұловпен көңілдері жарасып, екеуі бас қосады. Ибагүл өз алдына отан болады. Дүниеге бақандай үш ұл, бір қыз келеді. Осылайша 1986 жылы айықпас дертке ұшырап, Ақтоғанның еркесі қайтыс болады. Ендігі айтарымыз Ибагүл апайға жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Осы мақаламен бірге Нартайдың Ибагүлге арнаған өлеңін беруді жөн көрдім.

Ақтоғанның базарлығы

Ибагүл сұлу де емес, жаннан асқан,
Әсемпаз ару да емес, жайсаң басқан.
Керілген кер маралдай кербез де емес,
Асқан көркем жанда емес, шұғыла шашқан.

Дембелше қызыл шырай еті тірі,
Кәдімгі қатардағы қыздың бірі.
Өзінің еңбегімен елге жағып,
Халқынан атағы бар алған ірі.

Қос айдап, арық қазып, атыз шауып,
Ерлігімен еңбектің сүтін сауып.
Аталған Ақтоғанның алып қызы,
Халқынан алғыс алған бақыт тауып.

Майданда ерлер жеңсе жауды қырып,
Базарлық етті Ибагүл елде жүріп.
Ақтарды жер қойнынан ақ күрішті,
Қайратпен күн-түн демей кетпен ұрып.

Биыл да ер Ибагүл еңбекте жүр,
Жатпай-тұрмай жан қинап терлеп те жүр.
Тойыңа Қазақстан шашуым деп,
Мол өнім ақ күріштен бермекке жүр.

Жұмабек Әлтайұлы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
Жақаев ауылы
05 желтоқсан 2019 ж. 658 0