Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙЕКЕҢ АЙТҚАН ЕКЕН...

БАЙЕКЕҢ АЙТҚАН ЕКЕН...

Социалистік еңбек Ері Байдүйсен Оразұлының шешендік қыры
Шиелі – Сыр өңіріндегі ең бір шұрайлы, құнарлы өңір. 80 мыңнан астам халқы бар Шиелі «ақ күріштің атасы» атанған, дала академигі деп ел мойындаған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 адам осындай құрметті атақты иеленген. Солардың бірі – Байдүйсен Оразұлы. Қайсыбір облыстарда бірде-бір Социалистік Еңбек Ері жоқ екенін ескерсек, мұның өзі шиеліліктер үшін зор мәртебе, теңдесі жоқ даңқ.
Отырған жерін күлкіге көміп, тыңдаушысының айызын қандыратын, өткір де уытты сөзімен және пайымды уәжімен жамағатты тәнті ететін Байекеңді –өмірден өткеніне 40 жылға жуық уақыт өтсе де, өзі туып өскен әрі өмір сүріп, еселі еңбек еткен Сыр өңірінің үлкен-кішісі әлі күнге жадында сақтап келеді. «Байекең айтқан екен» деген әжуалы, қысқа қайырымды шымшыма сөздер елдің аузында жүр. Кейбір айтқандары кезінде әзіл ретінде қолданылғанымен бүгін де мәнін жоймаған, тіпті дәл бүгінгі хал-ақуалға арнап айтылғандай әсер береді.
Бірде күзгі егін орағының аяқталып қалған кезі екен. Байекең бастаған бірнеше диқанды көрші ауылдың егіншілері қонаққа шақырады. Арнап мал сойып, қонақ күтудің барлық жол-жобасын жасайды. Құрметке риза болған Байекең шерін тарқатып, әңгімені жан-жақтан қозғайды. Әрі күлкілі, әрі шымшыма әңгімеге риза болған сол ауылдың бір диқаны барғаннан Байекеңнің аузын бағып, тіпті тамақ ішуді де доғарып, көңілі айтқыш ағамызға ауады да отырады. Әбден риза болған ол, бір кезде Байекеңе «Ертең де бізге қонаққа келіңіздер. Бір қойымды сойып, өзім күтіп аламын», – дейді. Әңгімеге әбден елтіген ол Байекеңнің «көрерміз» дегеніне қанағаттанбай «келемін» деп кесіп айт, мынау ел естісін», – дейді. Әрі-бері ымдағанға түсінбейді. Байекең оның құлағына сыбырлап: «Мың қарақарға қарқылдағанмен күн шықпайды. Ал бір алақарға қарқ етсе, күн жарқ етіп шығады. Сен соны білесің бе?» дейді. Анау басын шайқайды. Ол былай дейді, Байекең асықпай, ежіктей түсіндіріп: «Сен де, мен де қарапайым колхозшымыз – қарақарғамыз. Ал анау төрде шынтақтап жатқан екі бригадир – алақарға. Біз екеуміз түні бойы келісіп, мен келетін болып, сен күтетін болып уәделескенмен, ертең екеуі екеумізді алдына салып жұмысқа алып кетсе, біздің сөзіміз далада қалмай ма. Сондықтан да айтарыңды соларға қаратып айт»,– дейді. Мұны естіген екі бригадир де, отырған дихандар да ішек-сілесі қатып күліп, Байекеңнің уәжді әзіліне тәнті болып, ертеңіне қонаққа келуге келісім берген екен.
Енді осы айтылған әзіл-әжуаны бүгінгі күнге бұрып әкелер болсақ, әлі де мәнін жоймай, пайдаға жарап тұр. Қалай дейсіз ғой? Айталық, қазіргі тәуелсіз еліміздің алдында қазақ тілін дамыту, оның өрісін кеңейту, қолданылу аясын ұлғайту міндеті тұр. Ол үшін арнайы заң қабылданды, мемлекеттік мәртебе берілді. Бірақ өзгеріс жоқ. Неге? Өйткені бұл тілді қажетсініп, оған жанашырлық танытып отырған тек қарапайым халық қана, яғни Байекеңнің сөзімен айтқанда –қарақарғалар. Ал, алақарғалар –лауазым иелері, шенеуніктер селт етпейді. Байекең сөзінің өміршеңдігінің бұл бір айғағы.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанымен, әлі елдің еңсесі көтеріле қоймаған, қарны тойып, киімі бүтінделмеген 1946 жылы Б.Оразұлы «Жиделі» ұжымшарында (колхозы) басқарма төрағасы екен. Күздің кезі. Егін жинау, негізінен күрішті мемлекетке өткізу қызып тұрған шақ. Ұрлық та көп, облыстан, ауданнан келетін уәкілдер мен тексерушілер де көп. Байекең егін аралап кеткенде қырманға тексеруші келеді. Ол колхоздың қырман есепшісіне жолығып, қанша астық барын, күніне мемлекетке қанша тонна күріш жөнелтіліп жатқанын сұрайды. Күндіз-түні көз ілмей қажыған, күн сайын келіп жатқан тексерушілер мен уәкілдерден әбден мезі болған есепші әлгі тексерушіні бастан-аяқ көзімен шолып шығады. Өзі күнделікті көріп жүрген тексерушілерге ұқсамайды.
Үстінде әскери үлгідегі киімдері бар. Бірақ милициянікі емес. Кенет оның көзі тексерушінің жағасына түседі. Қиықтары көк матадан тігіліпті. Мұны қайдан көріп едім дегендей, ойланып қалады. Есіне өткен жылы отынға барғаны түсті. Арбаның қауынан келтіріп шырпы тиеп келе жатқан мұны әбеншик (обьезчик - орманшы, қазақтар әлгідей деп атап кеткен) ұстап, кешке дейін әурелеген. Мына тексерушінің жағасы да дәл сол әбеншиктің жағасындай көкпенбек еді. «Е, бұл сол екен ғой. Бәсе-ау әр сөзін ежіктеп тұрғаны да содан аумайды» деп ойлайды да:
– Әй, шырағым, көрінген көк жағалыға есеп беретін уақытым жоқ. Жұмысқа кедергі жасамай қырманнан тайып тұр, – деп арқасынан итеріп-итеріп жіберіпті.
Біраздан соң Байекең келеді. Тексерушіні көре сала құрақ ұшып амандасады. Жағдайдың бәрін баяндайды. Мұны көрген есепші Аймахан бірдеңені бүлдіргенін сезіп, сүтке тиген мысықтай бүріседі де қалады. Жағдаймен танысып, бәрінен хабардар болған уәкіл – облыс прокуроры Байекеңе қарап:
– Бәрі дұрыс екен, Байеке, бірақ мына қырман бастығы маған ұнамады. Қайдағы қырсықты қайдан тапқансыз. Әлгі мәліметтердің бәрін сол есепші бағана мен сұраған сәтте айтып бергенде, осы кезде өзге шаруашылықтарда жүретін едім. Бір күнім босқа кетті. Мен мемлекеттің өкілі, обкомның уәкілімін ғой. Мемлекет ісіне кесірін тигізгені үшін бұл есепшіңді апарып түрмеге қамаймын, – дейді ашуға мініп.
– Оу, уәкіл мырза. Қамасаңыз да, сабасаңыз да сіздің қолыңызды қағатын ешкім жоқ. Алайда, обал-сауап деген бар емес пе? Бұл өзі соғысқа қатысып, бомбаның астында қалып, басынан жарақат алған – миы шайқалған мүсәпір адам. Бірақ, ісіне мықты, бала-шағасы да көп. Оның үстіне қазір ер азамат та қат қой, – деп артына қараса, Аймахан шынымен аузынан көбігі ағып тыпыршып құлап жатыр екен. «Бәлесінен аулақ, прокурор жолдас, сіз жүре беріңіз өзіміз бірдеңе жасап тұрғызып аламыз» деп уәкілді шығарып салыпты. Аймаханның қасына келіп «әй, сорлы, орманшың не сенің, ол сен түгілі колхоз бастығы мені де алдына салып айдап кететін прокурор емес пе?!» десе, әлі орнынан тұрмаған Аймахан «Байеке, бәрін айт та бірін айт, сенің сөзіңді сразым түсініп құлап түскенімді айтсайшы» деген екен.
Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс басқыншыларын талқандап, елге жеңіспен оралған Байекең ферма меңгерушісі, өндіріс жетекшісі, ұжымшар төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы сияқты бірнеше қызметтерді абыроймен атқарады. Жасы 50-ден асқанда қолына кетпен алып, ағасы Ыбырайдың (рулас туысқаны) жолын қуып, дихан атанады. Басшылық қызмет атқарғанымен жасынан жердің төсін еміп өскен шаруаның баласы күріш өсірудің қыры мен сырын лезде меңгереді. Қатарынан бес жыл өнім өндірудің тұрақты жоғары көрсеткішін қалыптастырады. Соның нәтижесінде 1967 жылы Социалистік еңбек Ері атағына қол жеткізді.
Осы қуанышты аупарткомның бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов өзі жеткізу үшін Байекеңнің үйіне барады.Қасында бірнеше ауданның белді-белді қызметкерлері болса керек, аяқасты келген қонақ пен күтпеген қуанышқа абдырап қалған Байекең тез көршілері мен ағайындарын шақырып, мал сойғызып, ас қамдатады. Бәрі лезде ретіне келеді. Тек ауыл дүкенінде тәуір арақ пен коньяк болмай қатты састырады. Қатардағы орыс арағын (оны ол кезде қисық арақ деп атаса керек) бірінші хатшының алдына қоюға қысылады. Алайда ойы ұшқыр, тілі шешен Байекең мұның да жөнін келтіреді.
Сыртта біраз кідірген ол ішке енген соң бірінші басшыға күлімсірей көз тастап: «Ғафеке, бір-екі орыс жігіті мені құттықтап келген екен, ішке кіргізуге сізден қысылып, кете беріңдер деуге қазақы дәстүрден аттай алмай, біраз кідіріп қалдым, айып етпеңіз», – дейді. Байекеңнің нені меңзеп тұрғанын бірден түсінген хатшы «Оу, ол не қылғаныңыз, шақырыңыз, бізбен бірге болсын»,– депті.
Ұлы Отан соғысына Шиелі ауданынан 4 мыңнан астам адам аттанып, солардың жартысына жуығы ғана отбасына оралады. Елге келгендердің қатарында туған бауырын майдан даласында қалдырған Байекең де бар еді. Байекең соғыстан елге оралғанда ауылдың кәрі-жасы түгел жиналып, аман-есен келгеніне құтты болсын айтады. Бірі әкесін, бірі ағасын, енді бірі баласын сұрап жатады. «Олар да аман, кешікпей келеді. Ауруханада жатқан шығар, поезд күтіп жүргені қаншама» деп Байекең жорта болса да ағайындарын жұбатады. Бір кезде апаттан аман келген ұлын әбден құшып, сүйіп, құмары қанған анасы Байекеңді құшағынан босата беріп: «Інің қайда, оны неге майданға тастап кеттің?» – деп қайта жоқтап жылай бастайды. Сонда Байекең:
–Оу, апа, мұныңыз не? Төрт-бес азаматын соғысқа аттандырып, солардың біреуі де оралмаған отбасы қаншама. Тіпті, қаңырап қалған шаңырақтарда есеп жоқ. Бір балаңыз майдан даласында қалса, бір балаңыз аман-есен келіп отыр. Соған шүкіршілік етпейсіз бе? – деп анасын жұбатқан екен.
Қазір сол бір Байекеңнен оннан астам ұл-қыз, 40-қа тарта немере, 15-ке жуық шөбере 10-ға тарта шөпшек өніп-өсіп отыр. Байекеңнің зайыбы Ләтифа Құлақметқызы мінезі салмақты, сөзі биязы жан еді. Батыр Ана, еңбек ардагері. Байекеңнің жиі қонақ шақырғанына, сауықшылдығына төзіп, бетінен қақпай, жанына жебеуші бола білген асыл адам болатын.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
26 қараша 2019 ж. 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031