Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асылы Осман: «Барым да, бағым да – қазақ тілі»

Асылы Осман: «Барым да, бағым да – қазақ тілі»

Тас мұқалып құм болады, адам өмірден озады, әдебиетіңді де, мәдениетіңді де, тарихыңды да салтыңды да барлығын ары қарай жеткізіп, жалғастыратын көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана.
Бұл ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османның аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен форумда айтқан сөзі. Үш жасында сталиндік саясаттың сергелдеңімен тарихи Отанынан Қазақстанға күштеп жер аударылған Асылы Осман бүгінде Қазақcтанда қазақ тілінің өркендеуін мақсат тұтқан «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы. Ғалым-филиолог өмірде көрген-түйгені жайында аудан тұрғындарымен бөлісті.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтау, ұлттық қод, барша қазақстандықтарды біріктіруші мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болған рухани кешке аудан ардагерлері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ұстаздар мен аудан тұрғындары қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Fulcrum Foundation» бастамаларды қолдау қоғамдық қоры ұйымдастырған өткен форум «Қоғамдық бірлік пен тұрақтылықты қалыптастыру, этносаралық қатынастарды дамыту әлеуметтік қызметі» аясында болды.
Қазақтың әйгілі жазушысы Қасым Қайсенов ­Асылы Осман туралы: «Оның барлық іс-қимылына сырттай риза болып отырамын, ал осы қарындасымның тек мемлекеттік тілмен емес, ел тарихына қатысты, оның ішінде Желтоқсан оқиғасына қабырғасының қайысатынын сезгенде, еріксіз көзіме жас алдым», – деген екен. Иә, Асылы Әлиқызы – қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін құрастырушылардың бірі. Ол қазақша мәнерлеп, көркем тілде сөйлегенде талай қазақтарды шаң қаптыратын талант иесі.
Форумдағы алғашқы сөз Қызылорда облысы әкімі аппараты қоғамдық келісім орталығының бөлім басшысы Әлібек Жапбасбаевқа берілді. Ол облыстық ассамблея мүшелерінің бастамасымен жасалып жатқан жұмыстар, қазіргі таңда қабылданған «Қазақтану» жобасының мәні мен мазмұны жайлы кеңінен тарқатты. Одан соң аудандағы өзге ұлт өкілдері мінбеге шығып, өз ой-пікірлерін білдірді. Кездесуде кәріс ұлтының өкілі, Ақмая аулындағы №49 мектептің оқушысы Мария Пак Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін нақышына келтіріп оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
– Менің бар қазынам — қазақ тілі. Өйткені, басқа ұлттар тарыққанда қолтықтарынан сүйеп, қолпаштаған қазаққа қарыздар. Сондай мейірімділіктің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Сондықтан өз басым өле-өлгенімше қазақтың маған жасаған жақсылығына қайтарымым ретінде оның тілін барынша қорғап өтемін. Қазақтың қанына біткен ерекше қасиеттің бірі – артта қалғанды ілгері сүйреп, құлап бара жатқанды сүйейді, сүрініп кетіп, жығылсаң, қолтығыңнан демеп, орныңнан тұрғызады. Мақтанғаным емес, қазақтың сол адами қасиеті маған да дарыған. Өз басым қазақты болмысынан адал, арамдықтан ада, жаны да, қаны да таза, ешкімді бөліп-жармайтын, алысты – жақындататын, аразды– татуластыратын, баршаның баласын жат деп жатырқамай, бауырына басатын, данышпан Абайдың сөзімен айтсақ, толық адам деп санаймын. Хакімнің «толық адам» деп отырғаны – кемеңгерлік, яғни, Тәңірі адам баласын жаратқанда оның бұл дүниеден таза қалпында өтуін қаласа, сондай қасиетті бойына сіңірген ұлттың бірі осы – қазақ, – деді форум барысында Асылы Әлиқызы.
Жиынға қатысушылар Асылы Османға түрлі сұрақтарын қойды. Соның бірі «Латын әліпбиіне көшуге қалай қарайсыз?» деген сауал болатын. Оған тіл жанашыры:
– Қазақ тілі ешқашан өзге тілге, өзге әріпке көшпейді. Әлемдегі барлық тіл латын графикасына негізделіп жасалған. Бірақ олардың ешбірі сол әліпбиге көштік деп есептемейді. Сол секілді қазақ тілі де өз мүмкіндіктерін аша алатын, ұлттық ерекшеліктерін айшықтап тұратын, өзіне ыңғайлы латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшеді. Мен мұны қолдаймын, – деп жауап берді.
Форум соңында аудан әкімінің орынбасары ­Бауыржан Жаниязов ұлты басқа болғанымен жүрегі қазақ деп соғатын, қазақ тілінің бірден-бір жанашыры Асылы Османға аудан әкімінің алғыс хаты мен ұлттық аспап домбыраны сыйлап, иығына шапан жапты. Одан соң жиынға белсенді қатысқандарды алғыс хаттармен марапаттады.

Гүлхан ЯХИЯ

26 қараша 2019 ж. 1 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031