Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құранда аты аталған Бәбісек құсы жайында не білесіз?

Құранда аты аталған Бәбісек құсы жайында не білесіз?

Хасан Ләһлә
1. Бәбісек құсы өте адал келеді. Ол жұбы өлген жағдайда, екінші мәрте жұп құрмайды екен.
2. Бәбісек құсы жұп іздеген уақытта, аузына құрт-құмырсқа, шылаушын т.б. қорек салып алады екен да, болашақ жұбына жақындап, оның көңілін аулау мақсатында неке сыйлығы іспетті, ауызындағы қоректі ұсынады екен. Егер, ұрғашы құс оның ұсынған қорегін тұмсығымен жесе, онысы – ризалық танытқандығының белгісі. Одан кейін еркек бәбісек нақ сүйерін ертіп алып, алдын ала әзірлеген ұясына апарады. Ұясын көбіне талды ойып жасайды. Ұрғашы бәйбісек 5-7 жұмыртқаға дейін салады. Балапандарын басып шығарғаннан соң оларды екеуі кезектесіп, қоректендіреді.
3. Еркек бәйбісек жұбына адал құс. Егер, қорегі мол, сулы жер тапса, ұрғашысын дыбыстап шақырып, қоректі бірге жейді. Ол ұрғашысы келмей тамаққа жақындамайды. Егер, жұбы ғайып болып, көрінбесе, оны іздеп шақырады.
4. Ұрғашысы өлген жағдайда, еркегі оны есіне алған сайын дыбыс шығарып сағынышын білдіреді екен. Екеуі бірге ұшқан жерлерге барып, бірге өткізген қызықты сәттерін есіне алып, өзіне тән дауыспен шырылдайды екен.
5. Бәйбісектің денесінің ұзындығының алты да бірі тұмсығына тән. Тұмсығы құрт-құмырсқаларды іздеп табуға өте ыңғайлы жаратылған.
6. Бәйбісекте өзгеде жоқ сезгіштік қасиет бар. Ол жер қойнауындағы көптеген тереңдіктегі судың орналасқан жерін сезеді. Оның осы ерекшелігіне қарап, қазіргі таңда оған «су инженері» деген де есім таққандар бар. Сүлеймен пайғамбар (ғалейһиссәләм) жердің тереңдігіндегі судың көзін іздейтін кезде осы бәбісек құсының сезіміне сүйенетін болған. Ол көрсеткен жерді Сүлеймен пайғамбар әміріндегі жындарға қаздырып, сол жерден су шығаратын.
7. Бәбісек құсы ұзақ қашықтыққа ұша алады. Ол мың километрлік жерді шаршамастан-шалдықпастан, шөлдемей, ашықпай бағындыра алады. Ол бір мемлекеттен екінші мемлекетке ұшып жүре береді. Оның бұл тұсы Құранда тілге алынған. Құран аятынан оның Йемен жеріндегі «Сәбә» патшалығынан, Пәлестинаға дейін ұшып барғандығын ұғынамыз. Сүлеймен пайғамбар қиссасы баяндалған аятта бәбісек құсының Сүлейменге: «Мен саған Сәбә жерінен ұлық бір жаңалық алып келдім» деген сөзі бар[1].     
8. Бәбісек құсының тағы бір ерекшелігі, азан айтылып жатқанда, намаз оқып, Құран оқылғанда үндемейді екен.
9. Пайғамбарымыз бәбісек құсын өлтіруді тыйған[2]. Оның себебі – аталмыш құстың бойындағы Аллаға ғана аян ерекше қасиеттері үшін шығар. 

[1] Нәмл сүресі, 22 аят.
[2] Әбу Дәуід. Сүнән: «Алла елшісі төрт жаны барды өлтіруден тыйды. Олар: құмырсқа, ара, бәбісек құсы және тағанақ құсы». Абдулла ибн  Аббастан риуат етілген (радияллаһу анһ). 

Арабшадан аударған:  islam.kz  
07 қараша 2019 ж. 1 735 0