Диагноз – үкім емес...
Адам баласы көп ретте оп-оңай таптаурық ойлардың құрбаны болып жатады. Бірақ сынаптай сырғыған уақыттың бір орнында тұрмайтыны тәрізді, өмір ағымы да соншалықты жылдам, сағат сайын, сәт сайын өзгеріске толы. Оба, тырысқақ тәрізді кеселдердің емі болмай, жаппай індетке тұтас жұрт қырылып жататын ол күндер қазір келмеске кеткен. Тіпті, қазір қатерлі ісікті басқа да созылмалы аурулардың қатарына жатқызатын мүмкіндік бар. Астанада «Қатерлі өскіндерді диагностикалау және емдеудегі заманауи тәсілдемелер» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференциядан осы оймен нық сенімде шықтық. Ой бөліскен, тәжірбие алмасқан бірнеше шеберлік сабақтар мен пленарлық отырысқа қатысқан уақытта біраз нәрсеге көзіміз ашылып, қаруланып қалғандай болдық. Бүгінде әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігі онкоаурулар ішінде алдыңғы орынға шығып отыр және оған шалдығушылар жыл сайын жасарып бара жатыр, алға қойылатын басты міндет неғұрлым ертерек анықтау.
Науқастардың емделумен қатар, әрі қарайғы еш уайымсыз, күнделікті тіршілігін жалғастырып, сапалы өмір сүруіне алып келетін ең маңызды фактор аурудың неғұрлым тезірек анықталып, дұрыс диагнозы қойылуы керек. Аудан көлемінде тексерілуге қажетті зерттемелер бар: сәулелеу диагностика-цифрлы маммограф; ультрадыбыстық зерттеу және арнайы маман маммолог даярланып, өз жұмысын жасауда. Бүгінгі таңда сүт безінің қатерлі ісік ауруына шалдыққан жас қыздар мен әйелдердің аналық безінің жұмысын уақытша тоқтатып, сол уақытта қажетті түрлі терапиядан өткізіп, сауыққан кезде қайтадан іске қосу технологиялары да жолға қойылып отыр. Мәселен, бұрын бауырда метастаздар болса, бірден науқасқа химиятерапия қолданылатын, ал қазір өзгеріс еніп, гормонды терапиямен емдеу жолға қойылуда. Дегенмен, науқас неғұрлым кешігіп қаралған сайын дәрігер қолынан келетін мүмкіндіктің де шектеулі бола түсетіні өкініш білдіреді. Әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығуы әлеуметтік мәні бар ауру. Өкініштісі, бұл дерт аяқ астынан келе қалып, барлығын астан-кестен етуі мүмкін. Бірақ қазіргі медицинаның мүмкіндігімен оны үкім ретінде қабылдауға әсте болмайды. Егер адам денесін шынықтырып, күніне 2 сағаттай таза ауада жүріп, уақытында 2-3 баласын дүниеге әкеліп, бөбегін емізсе, бұл ауру айналып та өтеді. Негізінде аурудың бастапқы кезеңдерінде анықталуы өте маңызды. Тіпті омырауды алып тастағанның өзі бұрынғыдай емес, бүгінде медицинада импланттар арқылы оны қалпына келтіру әдістері бар. Расында да біздің қоғамда аурудың алдын алып, учаскелік дәрігер скринингке шақырғанда міндетсініп әзер барып, өз денсаулығы үшін емес, емдеу мекемесіне қажетті статистикалық есепке керек әуре деп қарайтын көзқарас жиі кездеседі. Бүгінде дәрігерлер алдында тұрған үлкен проблема – адамдардың ертерек қаралуы. Сонда ғана өмір сүруіне кепілдік беруге болады. Ең бастысы, адам өзін жіті бақылап, сәл ауытқу болса күдікпен қарап неғұрлым ерте қаралғаны жөн. Тіпті маңайындағы туысқандар бір-бірін бағып, неге тамақ ішуі кем, неге ұйқысы азайды, неге жүдеп барады деп күмәндануы тиіс. Созылмалы сырқаты бар жан жылына бір рет рентгеннен өтіп, қолы жетсе компьютерлік томография жасатуы керек. Өкпе рагы өлім көрсеткіші жөнінен еліміз бірінші орында тұр. Созылмалы ауруы бар жандардың өздеріне күдікпен қарап, уақыт тауып қаралғаны жөн. Мәселен, көптеген адамдарда папиллома бар. Бұл – денеде бұрын болмаған еттің өсіп шығуы және папиллома теріде ғана емес ішкі органдарда, ішекте, асқазанда да, ауыз қуысы мен жыныс жолдарында да болуы мүмкін. Соны алып тастап, зерттеуден өткізу керек, әйтпесе қолайсыз сәтте ракқа айналып кетуі мүмкін. Тағы бір күнделікті кездесіп қалатын жайт, хеликобактериясы бар адамның қолы таза жуылмаса соны үйіндегі адамдарға тарату қауіпі бар. Ол адамдарды гастрит, сасық кеңірдек сынды ауруларға алып келуі мүмкін. Соның барлығы түбінде обыр ауруына ұшырап қалудың ықтимал белгілері. Туысқандардың бейғам болмауы да диагнозды ерте қоюға әсерін тигізеді. Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша жыл сайын 12 миллионға жуық адам қатерлі ісік ауруына шалдығып, олардың 7 миллионға жуығы өмірмен қоштасады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылы онкоаурумен ауырып, қайтыс болу көрсеткіші екі есе ұлғаю мүмкіндігін де алға тартады. Сондықтан, қатерлі ісікті бастапқы кезеңінде анықтау сіз бен біздің өміріміздің ұзаруының кепілі екенін есте ұстап, емханаға жиірек барып қаралғанымыз абзал.
С.Ә.ЖАНСАРИНА,
жоғарғы санатты дәрігер,
медицина ісінің үздігі,
аудан онкологы.