Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық ердің туы еді

Тазалық ердің туы еді

– Қолы да, жаны да таза еді ғой, – деді Киікбай аға әр сөзін қадап тұрып айтып. – Ол кезде біз жаспыз. Әбекең бізге ересектеу кезінде келді. Арада көп жыл өтіп кетті. Соған қарамастан, оның өзіне берілген жұмыс учаскесіне өте сақтықпен қарағанын ұмытқан жоқпын. Біз оған қатты сендік. Ол сол сенімнің үдесінен шыға білді. Әбіш ағамыз өте шыншыл, тура, таза, адал кісі еді. Шыны керек, мұндай адамдар сол заманның өзінде өте сирек-тін.
Айтылып отырған кезеңде Киікбай Исмайылов Шиелідегі «Казсельхозтехника» шаруашылық бірлестігін басқарған еді. Ал оның тілге тиек етуші кісісі Әбіш Дүйсенбаев болатын. Әбекең осы бірлестікте табаны күректей 11 жыл қойма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сол жылдардың мұғдарында ол басшылық тарапынан кіл алғыс пен сүйіспеншілік болмаса, ешқашан ескертпе алып көрмеген екен.
Әбіш ағаның сондай жаны таза адам екенін өз басым бірінші көргеннен сезінгендей болғанмын. Жүзінен нұр төгіліп тұрған бұл кісі сөзінің мәйегі де мәнді-тін. Мені баурап алғаны да оның осы қасиеттері болса керек. Сондықтан Шиеліге жолым түскен кездерде Әбекеңмен әрәкідік кездесіп қалып жүрдім. Сонда байқағаным, о кісімен дендеп сөйлесіп, тереңірек сыр бөліскен жан оның баяғы дала даналарынан тағылым алған құймақұлақ екенін аңғара бастайды екен. Кездесулер кезінде көбіне сол кісіні тыңдайтынмын. Оның айтқан кейбір нақыл сөздері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Мен мысалы, соған дейін «Намысы бар жігіттің нар күші бар, намысы жоқ жігіттің қай күші бар?» деген нақылды естіп көрмеппін. «Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» дегенді де сол кісі айтатын. Осының бәрі оның ата-баба аузымен жалғасып келе жатқан даналық мәйегіне қанық екенін білдірсе керек.
Біздің кейіпкеріміз Әбіш Дүйсенбаев 1926 жылдың тамызында Шиелі ауданындағы №22 разъезде дүниеге келген. Әкесі Есдәулет осы жерде теміржолшы болып істеуші еді. Сол мезгілдің өзінде мемлекет ішіндегі мемлекет секілді болып көрінетін шойын жол бойында өмірдің өнегесі мен тәртібі мүлде басқаша көрінетін. Әбіш соған бала жасынан қанығып өсті. Теміржол тәртібін қатаң ұстап үйреніп қалған әкесі де зарығып көрген ұлының қарақұрым тартып есейгенше өмірден өз орнын таба алатындай халге жететін болуы үшін оның тәрбиесіне ұдайы көңіл бөліп отырды. Баласы бұдан жаман болған жоқ, қайта әкесіне жастай жәрдем бере жүріп, біртіндеп еңбекпен шыңдала бастады. Әбіш теміржолдың шпалдарын алмастырып, рельстерін қарап тұруға дағды алғаннан бастап, үйдегі малды қарауды да кішкентайынан үйренді. Жыл сайын есік алдына түрлі бақшалық дақылдар егіп, оны күтіп тұру да оның бір міндетіне айналды. Осының баршасы бәрін білуге, көруге, көңілге түюге ынтық баланы жастайынан еңбек пен бейнетке шыңдап жетілдірді.
Әлбетте, төрт-бес үйден тұратын шағын ауылда мектеп болған жоқ. Сондықтан Әбіш бұл жерден оншақты шақырым жердегі Шиелі қыстағына қатынап оқыды. Бірақ жеті жылдықты бітіргеннен кейін оқуын одан әрі жалғастыра алмады. Соғыс басталуына бір жылдай ғана қалған алмағайып уақыт еді. Әкесі Есдәулет пен анасы Теңгекүлге қолғанат болып үйде қала берді. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды. Сол кезде жасы 15-ке енді толған жасөспірім майданға аттанған үлкендер тобының орнын басатын толқынның қатарынан табылды. Осыдан бастап Әбіш егіндік алқапқа дән себу, астық жинау, шөп дайындау, малдың күтіміне араласу сияқты толассыз жүріп жататын шаруашылық жұмыстарының бәріне араласты. Арасында әкесіне ілесіп, шойын жолдың ауыр балғаларымен рельстер бойын шарлап кеткен кездері де болды.
Сөйтіп жүргенінде, күндердің күнінде, 1944 жылдың басында жасы 18-ге толық толмай тұрып, әскерге алынып, майдан даласына аттанды. Соғыстың соңғы жылдары болғанымен, бұл жаумен шайқастың әлі де қай жағына қарай шешілетіні белгісіздеу кезең еді. Герман армиясы қаңтар айына қарай Эстонияны, Латвияны, Литваны, Карелияны, Белоруссияның бір бөлігін, Украинаны басып алуды жалғастырып жатқан, Ленинград және Калинин облыстарының айтарлықтай аумақтары, Қырым түбегі мен Молдавия жері түгел жаудың қолына өткен. Бірақ кеңес әскерлері 1943 жылдың желтоқсаны мен 1944 жылдың сәуірі аралығында Украинаның оң жағалығында қауырт шабуылдарды бастап кеткен болатын. Жағдайдың қиындығы мен уақыттың тығыздығына, жауынгерлердің жетіспеушілігіне байланысты бұрынғыдай оқу-жаттығу дайындығынан өтуге мұршалары келмеген жаңа сарбаздар бірден майданның өтіне апарып салынды. Әбіш аға түскен полк бірден ­Украина жеріндегі Житомир-Бердичев, сосын Кировоград, Корсунь-Шевченко, бұдан кейін Ровно-Луцк операцияларына қатысты. Сөйтіп кеңес әскерлері ендеуі 1,3 мың шақырымнан астам атырапты алып жатқан майдан шебін бұзып өтіп, елдің мемлекеттік шекарасынан шықты. Сол пәтімен Әбекеңдер Карпат тауларының етегімен соғыса жүріп отырып, Румыния территориясына кірді. Ал 1945 жылдың ерте көктемінде Чехословакияда тұрған кездерінде болған бір шайқаста Әбіш оң аяғының тобығынан жараланады. Осыған орай өте күрделі ота жасалды. Әскери хирургтер басында тіпті тобық тұсынан аяқты шорт кесіп тастамақшы болған екен. Бірақ гангренаның жоқ екеніне көздері жеткесін, бұл ойларынан қайтыпты. Алайда, отадан кейін жас жауынгер аяғын баса алмай қалады. Сол себепті оны әскер қатарынан босату жөнінде шешім қабылданады.
Әбіш аға Шиеліге оралғаннан кейін де біраз емделеді. Аяқтағы жарақаты біртіндеп жазылады. Содан кейін оны аудандық сот жұмысқа шақырады. Бұған оның көркем жазуы тасқа басылғандай түзу, маржандай тізілген сұлу екені себеп болған сияқты. Қазылар құжырасында бірнеше жыл қызмет еткеннен кейін 1950 жылы жолдамамен Алматыдағы заңгерлер курсына түсіп, оны 1952 жылы үздік бітіріп шығады. Бірақ білім алуын одан әрі жоғары оқу орнында жалғастырудың орайы келмейді. Бұл кезде ол үйленіп, үш балалы болып қалған, оның үстіне, жастары ұлғайып қалған ата-анасына да қарайлауы керек еді.
Өзінің өмірдегі басты мақсатын ұрпақ өсіріп, оларға жақсы тәрбие беру деп санаған Әбіш аға осы жолда қандай да бір қиын еңбектен бас тартқан емес. Ол 1963 жылы баяғы екі жылдық заңгерлік курсының әлеуеті бұдан артыққа бара қоймайтынын сезгесін аудандық жол құрылысы мекемесіне аға прораб болып ауысып кетеді. Істің көзін, шаруаның ­жайын жақсы білетін ол мұнда да тындырымды істерімен көптің көңілінен шығады. Бұдан кейін 1968-1979 жылдар аралығында жоғарыда айтылған аудандық «Казсельхозтехника» шаруашылық бірлестігінде жұмыс істейді. Мұнда бүкіл аудан колхоз-совхоздарына ауыл шаруашылығы техникаларын тарататын мекеменің бұл аса маңызды буыны жұмысын абыроймен атқара білді. Ал 1979 жылы астық тарату базасына келгесін 1986 жылы зейнет жасына жеткенше тағы 9 жыл абыройлы еңбегімен танылды. Мұны сол жылдары базаны басқарған Әбдіқадыр Ибрайымов пен Сайлау Мұсабеков әрдайым растайды.
Француздың ұлы ойшылы Дени Дидро «Ең бақытты адам – жан-жағына шуағын шашып жүретін адам» деген екен. Біз білетін Әбіш Есдәулетұлы да тап сондай адам еді. Ол ең алдымен әкесі мен шешесін құдайдай сыйлап, солардың алғысымен көгерді. Содан кейін сонау 40-ыншы жылдардың екінші жартысында өзімен үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттанған жұбайы Күлшекер Берішқызын ол өмірден өткенше аялап ұстады. Өзі найман тайпасының бесбала руынынан болса, әйелі ақтаз тармағынан-ды. Екеуі артық-кемі жоқ қырық жыл отасқанында бір-бірлеріне «ищай» десіп көрмепті. Сол отбасылық сыйластық, сондай жарасымдылық кейін өздерінен өрген ұл-қыздарына да жұғысты болды. Ұяда көргендерін ілген перзенттері де бір-бір отаудың бақытын қалыптастырып, қызығын өрбіткен жандарға айналды. Әбекең содан кейін бірге қызметтес болған барша әріптестеріне ұдайы шарапатын шашып жүрді. Мінезі жұмсақ, иі түзу, айтары мол, іске адал жанды сондықтан да танитын, араласқан жандардың бәрі қалтқысыз құрметтейтін еді.
Ал 1987 жылдың тамыз айында Күлшекер апа 59 жасында бақилыққа аттанып кетті. Осылай қосағынан айырылып қалған Әбіш аға тағы 15 жыл өмір сүріп, 2002 жылғы ақпан айында мәңгілік мекенінен жай тапты.
Міне, содан бері де 17 жыл зырылдап өте шығыпты. Енді кезінде жақсы істерімен жұртының сүйсінетін адамына, айтулы азаматына айналған Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері, екінші дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері Әбіш Есдәулетұлының есімін есте қалдыратын шаралар жасайтын уақыт жеткен сияқты. Немістің атақты ақыны Иоганн Вольфганг Гётенің «Пайдасыз өмір сүру – мезгілсіз өліммен тең» деген сөзі бар. Міне, біз сөз етіп отырған Әбіш аға бүкіл саналы өмірінде осы ұстанымды ұстап өтті. Ол ата мен ананың тәлім-тәрбиесін, бұрынғы өткен ғұламалар мен ақылман ақсақалдардың айтып кеткен өсиетке бергісіз өнегелі сөздерін бойына сіңіріп қана қоймай, соларды күнделікті тіршілікте қолдана білген зерек те зерделі кісі еді. Өз заманына лайықты тұлға ретінде өмір сүрген, тазалықтың ер-азаматтың туы деп білген Әбекең сол замандағы рухы күшті, діңі берік, жаны жайсаң адамдардың типтік образы іспеттес толымды кейіпкер болды. Бұған Әбіш ағаның өмірдегі өнегелі жолдары, ел аузында қалған жақсы істері және өз тәрбиесіне сай тәлімді болып өскен ұрпақтары толық дәлел бола алады.


Серік ПІРНАЗАР
29 қазан 2019 ж. 549 0