Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әулие деген кім?

Әулие деген кім?


Әулие - уәли деген арап сөзінің көпше түрі, қазақша қасиетті деген мағынаны береді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде кездеседі. Ал, хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни «Уәли Аллаһ» - «Аллаға жақын», «дос», «Алланың мейірі түскен» деген ұғымда ұшырасады. Қазақ тілінде әулие-әнбие түрінде қосарланып та айтылады, бұндағы әнбие - арабша нәби, яғни пайғамбар деген сөздің көпше түрі болып келеді. Әйткенмен бұл тіркес ел түсінігінде тек қана әулие деген бір ғана мағынаны білдіреді.

Әулие туралы ұғым ислам дінінің тарихының әр түрлі кезеңінде әр қилы мағынаға ие боп, дамып отырған. Сопылық ілімнің ілкі дәуірдегі (ІХ ғ) өкілдерінің бірі Зүнүн Мысыри (796-859) еңбегінде осы термин теософиялық мәнде қолданылады. Одан кейінгі кезеңдегі авторлар әулиені діни практикада кемелденіп толыққан тұлға, Алла туралы ілім-білімге қанық жан ретінде түсіндіріп, оған жаратушы туралы құпия сырды білуші (ал-гайб), Алланың дидарын көрген (мушахадат ал-хакк) деген сипаттарды береді.

Әсіресе Хаким Термези «Пайғамбар тек Аллаға ғана емес, әулиенің демеуіне де иек артады, себебі әулие пайғамбардан төмен болғанымен оның сайрап тұрған қызыл тілі ұдайы Алла Тағаланы еске түсіруге қызмет етеді, ал лүпілдеген жүрегі Алланың нұрымен нұрланған» деп жазады.

Х ғасырда суфизмде әулие иерархиясы жүйелі түзім тапты: әдетте олардың саны 356, кейде 500, ал рухани көшбасшысы «кутб» (жарылқаушы) аталды. Бұл құрылымда сопылық пен шииттік арналар тоғысып кеткен. ХІІ-ХІҮ ғасырда сопылық бауырластық күшейгенде әулиенің қоғамдағы орыны мен мән-маңызы, атқаратын қызметі мен міндеті еселеніп арта түсті. Зерттеушілер сопылық пен әулие ұғымының қанаттас дамығанын және бұл құбылыстың (суфизм) ХІІІ ғасырда ислам дүниетанымында шешуші мәнге ие боп, зор ықпал жасағанын айтады.

Көптеген аңыз-әпсана, деректерде Алтын орда империясының билеушілерін сопылық бауырластық өкілдері алғаш рет ислам дінімен таныстырып, содан кейін бұл алып мемлекеттің ресми діні - исламға айналғаны көрініс табады. Мысалы, Берке ханды Кубравия бауырластығының өкілі Сайфиддин Бахарзи, Өзбек ханды Иасауия жолын ұстанушы Сейид-ата ислам жолына түсірген деген мәлімет бар.

Осындай тарихи-әлеуметтік нақтылы себептерге байланысты қазақ халқының арасында да әулие туралы түсінік ислам дінімен жапсарлас жайылып, киелі сипатқа ие болып, әулиелік туралы аңыз-әпсаналар молынан таралып, бір сөзбен айтқанда, әулие культі ел санасында берік орныққан деуге болады. Ғылымда анықталғандай әулие культі әсіресе ресми діннің орталығынан шеткерілеу аймақтарда тұрғылықты халықтың байырғы наным-сенімдерімен, салт-дәстүрімен, ырым-жораларымен тығыз сабақтастықта қалыптасатыны - анық та қанық жайт. Түйіндеп айтқанда, әулие культінің орнығуына жергілікті халықтың табиғат нысандарына табыну жорасы (Мысалы: көрікті тау-тас, сырлы үңгір, шипалы көл-бұлақ т.б. ), шаманистік мифологиясы, аруақтарды ұлықтау рәсімдері өзгеше лепте үндесіп, айырғысыз тұтастықта ұштасып, әбден кірігіп кететіні байқалады. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтық исламның сомдаған төл түсінігі болып табылады, осы ілімге сүйенген ел әулиені таңғажайып керемет иесі (карама), береке-ырыздықтың бастау көзі, тілекті қабыл етіп жарылқаушы, әр түрлі кәсіптің жебеуші иелері, қамқоршысы бейнесінде таниды. Көзі тірісінде елді рухани тура жолға бастаған әулиелердің қайтыс болғаннан кейін де қадір-қасиеті тағы да арта түседі, себебі олардың қабіріне кесене тұрғызылып, бұл қасиетті дүрбе мұсылмандардың тұрақты зиярат ететін киелі мекеніне айналады. Мәселен, Қазақстандағы Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстанбап, Ысқақ бап, Шайқы Ибраһим, Иасауи, Әулие ата, Қоңыр әулие, Бекет ата т.с.с әулиелердің сағаналарына халық жиі тағзым етуде.

Қазақ арасында ислам дінін таратып, осы жолда өмірін сарп етіп, жанын қиған Арыстан бап, Қожа Ахмет Иасауи, Масат ата, Укаша ата секілді арғы тегі хазірет пайғамбардан таралған әулилер ерекше ілтипатқа ие. Олардың тұқым-жұрағаттарын халық қожа деген әлеуметтік қабатқа жатқызып, ақсүйек деп ардақтап келеді. Сонымен бірге дінді тарату жолына күш салып, бұқараны имандылыққа үндеген жергілікті халықтан шыққан Әулие ата (Сатық Бұғра Қара хан), Бахауиддин Нақышбанд, Бекет ата, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан ахун, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Шәкәрім секілді тұлғалар да әулиелік жолды жалғастырушылар болып есептеледі.

Қазақтың әпсана-мифтерінде әулие кереметті көрсетуші, тылсым сырды шешуші, жоқтан барды жасаушы, батырларды жебеуші пір, дін жолында құрбан болушы бейне ретінде дәріптеледі. Оның мұндай қызметтері, әлбетте, өңірдегі табиғат нысандарымен тікелей байланыста болып келеді.

Мәселен, қазақ мифтерінде төмендегідей типологиялық сарындар тұрақты кездеседі. Елге белгілі әулиелер (Масат ата, Укаша ата, Түлкібас, Азанұр әулие, Шілтер әулие т.б.) намаз оқып тұрғанда аңдып жүрген аяр жаулары оған аяқ астынан қастандық жасайды да, олар қаза тапқаннан кейін марқұмның денесінен (қанынан, ізінен, түкірігінен) жергілікті жағырапиялық нысандардың түр-түсі, кескін-келбеті пайда боп, қалыптасады. Ал атса оқ өтпейтін қасиетті әулиенің осал тұсын дұшпанға айтып берген опасыз келіні (кейде тоқалы) қарғыстан меңіреу тасқа айналады.

Енді бұл жайттарға нақтылы мысалдар келтірсек: «Баяғы өткен заманда Шілтер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі сүттей пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып, қасындағы қырық кісімен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан былай деп тілепті:

- Иә, құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып, қатыра көр, - деп тілейді.

Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып, серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады. Сонан көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, екіншісі көз ауруларына, үшіншісі құлақ ауруларына дәру деседі»

Әдетте бұндай оқиғалардан кейін пайда болған делінетін әулиеге қатысты жағырапиялық нысандар елді емдеп-домдайтын, сауықтыратын, ақ тілегін қабыл ететін құтты да шипалы орынға айналады. Ондай өлкелер Оңтүстік Қазақстанда, Маңғыстауда, Сыр бойында көптеп кездеседі. Мысалы, Укаша әулиенің қаза тапқанда домалаған басы еніп кеткен таудың қуысында киелі құдық пайда болса, Көзата қабірінің қасынан жанарды емдейтін бұлақ ағып шығады, Түлкібас әулие түкіріп қалғанда он екі қарсыласы езіліп кетеді, сол жерде он екі шипалы бұлақ пайда болған деген аңыздаулар бар. Масат ата бұлағы да бар. Машат// башат деген сөз қырғыз тілінде бұлақ деген ұғымды білдіреді. Демек, бұл қазақша машат// башат// масақ, яғни бастау деген мағынаны білдіреді деген пікір бар.

Демек, бұл мифтерде халықтың ислам дініне дейінгі табынып келген табиғат нысандары туралы ежелден бері айтып жүрген әпсана-хикаялары енді әулиенің қасиетті өмірбаянымен етене ұштасып, басқа сипатта жаңғырып, киелі өзен-су, тау-тас жаңа діннің күшті насихат құралына лайықталғаны және де соның арқасында осындай көрікті мекендер мұсылмандардың діни жоралғы өтеп, жиі-жиі зиярат ететін орынына айналғаны байқалады.

Әулиенің ерекше кереметтерінің бірі - перзентсіз ата-анаға ұрпақ сыйлайтын қасиеті екендігі қазақ мифтерінде, ертегілерінде, эпостарында тұрақты дәріптеледі. Әсіресе әулиенің шапағатына қатысты пайда болған қасиетті нысандар мифте өте-мөте иланымды суреттеліп, тіпті сол өлкелер ел жадында бұлтартпас деректермен куәландырылып, бүгінгі ұрпақтың да бағзы заманғы ғажайыпты көруіне бағыт-бағдар нұсқалып, соның нәтижесінде даламыздағы нақты бір өңір өткен мен бүгінгі күнді түйілістіретін қуатқа ие, қазір де мұқтаж жандар тәуап ете барып, ғұрыптық жора орындайтын нүктеге айналған деуге әбден болады.

Ел аузында айтылатын «Жылаған ата» деген мифтегі деректілік осы пікірді растай түседі:

«Кентау қаласынан алпыс шақырымдай қашықтықта, тау бөктерінің ішінде Ақсерке деп аталатын жердегі үңгірді ел «Жылаған ата» деп атайды. Ерте заманда осы өңірде Құрышхан деген хан болыпты. Өзі сүйіп қосылған жары Шаш (кей деректе Шашты ана) анадан перзент болмапты. Перзентсіз бұл өңірде қызық жоқ екендігіне көздері жеткен екі мұңлық бар дүниесін Алла жолына сарп етіп, Құдайдан бала тілеп, әулие аралап, тентіреп кетеді. Аяқтары жеткен әулиелердің бәрін аралап, «қос дуана» атанып, табандары тозып, Шеңгелді әулие деген жерге келіп жетеді. Осы әулиенің басына түнеген кезде тілектері қабыл болып, Шаш ана құрсақ көтереді.

Аллаһ тағаланың рақымына, әулиенің шарапатына разы болған қос мұңлық әулие басын паналап, тұрақтап қалады. Ай күні жетіп босанған Шаш ана бір мес (перделі бала) туады. «Құдайға не жаздық, Құдайдың бұл неғылған сынағы?», - деп еңіреген ата мен ана месті арқалап, үш жыл тау кезіп, қаңғып кетеді. Арбаның шайқатылуымен бе, не еңіреп жылаған атаның шыдамсыздығынан ба, әйтеуір, мес үш жылдан соң жарылып кетеді. Жарылған местің ішінен бір бала шығады да, ата анасына қарап: «Сіздер мені жеті жыл арқалап жүруге шыдағандарыңызда мен сіздерге және халыққа құт әкелетін перзент болар едім. Енді мен сіздерге жоқпын, бірақ сіздерге мен ана дүниеде бала боламын», - деп тауға қарай қаша жөнеледі. Ата мен ана тұра қуады. Қуып келе жатқан ата мен анаға бөгет болсын деп таудың бір үлкен қара тасын үш жасар бала көтеріп әкеліп жолға қояды. (Бұл тасты қазіргі кранмен көтерудің өзі қиын). Ақыры ата-анасы қуып жетуге айналғанда бала дәу жартасқа «Қара тас, жарыл!», - деп айқайлайды. Сол кезде таудан үңгір пайда болып, бала соған кіріп, жоқ болып кетеді. Үңгірдің екі жағына екеуі келіп, баласын шақырып жылап, екі көзден айырылған екен дейді көне аңыз.

Содан әлгі жер Жылаған ата атанған. Қазір үңгірдің жарқабағындағы жылтыр тастан анда-санда сорғалап құйылып, қайта жоқ болатын суды көруге болады. Жылтыр таста пайда болатын бұл суды ел «Атаның көз жасы» дейді. Ал төмендегі бұлақты «Ананың бұлағы» деп атайды. Әулиенің қасиеті де осы жылтыр тастан тамшылайтын суда. Егер барған адам жылтыр тастан құйылып тұрған суды көріп, ішсе немесе жуынса, онда тілегі қабыл болады. Ал егер су жоқ болса, онда қабыл болмағаны деп есептейді.

Егер тастың етегіндегі саз балшықты алсаңыз, сол сәтте-ақ балшық қатып қалады. Бұл да әулиенің кереметі. Бұл әулиенің басына шын ықылас еткен және Алладан перзент сұрап, кеселдеріне шипа тілеген, бұл өмірден өз жолдарын тапсам деген жандар барып, түнеп тұрады».

Ертегілерде де әулие перзентсіз жандарға ұрпақ сыйлайтын керемет иесі, бірақ бұнда мифтегідей нақтылы бір жағырапиялық өңір дәлме дәл көрсетілмейді, басқаша айтқанда, деректілік негіз әлсіреп, қиял күшейтілетіні байқалады. Мысалы, «Әлібек» батыр ертегісінде біз талдап отырған жайттар былайша суреттеледі:

«Үлкен тойда не ұлы, не қызы жоқ байға «қу бассың» деп орын бермейді. Қорланған бай мен кемпір «...Темір таяқ ұстап, темір етік киіп, қайыршы болып, ойлаған мақсаттарына жету үшін жаяу жол тартып, жүріп кетеді. Бірнеше күн, ай, жылдар жүдеп-жадап, әулиден әулие қоймай сиынады. Бірақ ештеңе өндіре алмай әбден жүдеп-жадап, құдайға өкпелеп, елдеріне қайтады.

Бірнеше күн жол жүріп келе жатыр, бір күні күн бата құлап жатқан, ескі жарты молға кездеседі. Бұған әйел: «Барайық», - дейді, байы «Жарты мола түгіл, бүтін моладан да түк болған жоқ!», - деп, барғысы келмейді.

Байының сөзіне қарамастан әйел молаға барады. Бұл молаға келіп жетсе, моланың көлеңкесінде ақ сәлдесі басында, қарагер аты астында, зікір салып, бір әулие тұр екен. Әйелді көре салып: «Өң-түсі қашып, жүдеп-жадап жүрген не қылған адамсың?», - деп сұрай бастайды. Әйел өзінің балаға мұқтаждығын, көп заманнан бері құдайдан тілегенмен ештеңе бермегендігін айтып, құдайға наразы болып, еліне қайтып келе жатқандығын баян етеді. Сонда әулие тұрып: «Мен саған екі қыз, бір ұл берейін, қолыңды жай, жылама дейді де» , - судырлатып батасын бере бастайды. «Ұлың атын Әлібек, қыздарыңның атын Қанікей мен Тотай қой», - дейді де ғайып болады»

Қаһармандық эпоста перзентсіз ата-ана «Қорасанға қой айтып, әулиеге ат айтып, етегін шеңгел сыдырып, әулие қоймай қыдырып» Құдайдан бала тілейді. Мысалы «Қобыланды батыр» жырында бұл жағдай былайша көрініс табады:

«Сен тіледің біздерден,
Біз тіледік Алладан.
Қолыңды жай ал, балам,
Берейін бата саған-ай.
Берейін отыз ұл дейді
Көресін мұны, бұ қалай?
Атса мылтық өтпеген,
Шапса қылыш кеспеген...
Берейін жалғыз мен деді.
Қайсысын мақұл көресің
Келінжан, енді сен деді»

Перзентке зар кәрі ата-ана «атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін» батыр баланы қалайды, нәтижеде ол ел үшін еңіреген ердің ері болады. Ал, батырды өмірге келуіне о баста шапағат жасаған әулие оны алдағы қиын-қыстау ұрыстарда да ұдайы жеңіске жеткізуші жебеуші пірге айналады. Бұндай қаһармандар эпостарда Баба Түкті Шашты Әзіз, «жеті кәміл пір», «ғайып ерен, қырық шілтен» бейнесінде де кездеседі.

«Алпамыс батыр» жырында Байбөріге перзент сыйлайтын Бабай Түкті Шашты Әзіз әулиенің өзі, ол - диуана кейпінде суреттеледі:

Асасы бар қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Көп календер зіркілдеп,
Зікір салған соңында
Бір диуана келеді:
- Жатырсың нағып балам? - деп,
Асаменен түрте береді...

Қаһармандық жырдағы Едіге батырдың арғы атасы да Баба түкті Шашты Әзіз болып суреттеледі. Академик С.Қасқабасовтың жазуына қарағанда түрік халықтарының фольклорында тұрақты кездесетін тылсым бейне Баба Түкті Шашты Әзіз - батырларды жебеуші пірлердің бірегейі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Кейбір мәліметтерге қарағанда, оның шын есімі - Баба Түклас. Оның әкесі - Керемет Әзіз. Баба Түкластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір деректер бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіз - Ахмет Иассауидің арғы бабасы, ислам діні Орта Азияға тараған кезде жасаған кісі, Қорқыттың замандасы (VIII-IX ғ). Тағы бір мәлімет бойынша, Баба Түкластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлу-Қия деген ұлынан Едіге туған.

Қазақ эпосында, әсіресе хандар туралы тарихи жырларда оларды жебеуші пірдің бірі - Нақышбанд Бахауидин әулие. Мысалы, Шәді төре жырлаған «Абылайдың тарихы» деген жырда Абылайдың пірі - Жалаңаяқ Әздүр диуана ханға Бахауиддин әулиенің тілек сәуесін жеткізеді, әмбесінде ол Абылайды өмірге келгеннен бастап қолдап-қоршап жүрген қамқоршы бейнесінде суреттеледі. Жырда ол туралы былай дейді:

Абылай жалғыз өзі отыр еді,
Есіктен бір диуана кіріп келді.
Иығына шашы түскен жалаңаяқ,
Иіліп күле қарап сәлем берді.
Абылай диуананың түрін көріп,
Әулие-каландар деп көңіліне еніп.
Сәлемін ап, түрегеп қолын ұстап,
Қасына отырғызды орын беріп.

Халық әулиені басқыншы жауларға қарсы күресуші қаһарман ретінде де бағалайды. Бұның тарихи негізі де бар, мәселен крестішілерге қарсы шазилия, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, орыс отаршылдығына қарсы иасауиа мен нақшбандиа тариқаттары соғыс жүргізгені туралы мәлімет бар (Д.Кенжетай).

Бұл оқиға аңыздарда да жиі көрініс табады. Сыр бойында сақталған әулие Оқшы атаның мазары бар. Ол жайында мынадай аңыз елге таралған:

«Ертеде қазақ даласын Тоқбура есімді қалмақ билеп тұрған заманда бір жетім бала қайыр сұрап, күн көреді екен. Оны бір кемпір мен шал бала етіп асырап алып, өздерінің жалғыз қызына аға етеді. Тоқбура елдегі жас қыздардың тізімін жасатып, жасы он беске толған қыздарды қойнына басып отырған.

Жетім бала шал мен кемпірдің қолында өсе береді. Оны ел Көгентүп атап кетеді. Бірде ол ұзақ сапарға шықпақ болады. Бірақ әкесі оған қарсы болып, қарындасың жақын арада он беске толады, соны қалмақтан аман алып қалудың шарасын ойластыр дегенді айтады. Бала өз айтқанынан қайтпай, Қарнақ шаһарына барып, қысқы азығын жинауға кіріседі. Жол жүріп бара жатып, әкесіне: «Егер қалмақтың ханы қарындасыма кісі жұмсаса, менің атымды айтып үш рет айқайла, мен есітемін де, жылдам жетемін,» - дейді.

Көгентүп арпа жинап жүргенде қарындасы он беске толып, ізінше Тоқбураның жендеттері қыз бен бір қойды алып кетеді. Қапаланған әкесі бар дауысымен «Көгентүп» деп айқайлайды. Оның даусын Қарнақтағы Көгентүп естіп, бір уыс арпаны жұлып алып: «Я құдайдың мылтығы ұрсын, Тоқбура қалмақты арпаның қылтығы ұрсын,» - дейді.

Еліне келсе, Тоқбура қалмақ өлген екен. Ел іші қуанышты. Ауылдың кейбір белсенділері оны мен өлтірдім деп, өзара таласуда екен. Көгентүп болған жайды баяндап береді. Мұны естіген ел өлі денені сойып көрсе, бір уыс арпаның қылтықтары оның жүрегіне қадалған екен. Содан бері Көгентүп әулие саналып, Оқшы ата атанған екен деседі аңыз».

Әулиенің ел жадында сақталған тағы бір игілікті ісі шөлден су шығара білетін қасиеті. Айталық, Оңтүстік Қазақстанның Ташкентке жақын Турбат елді мекенінде Қазірет Ысмайыл Ата диқаншылардың тілегі бойынша аса таяғымен жерді түртіп, «шар бұлақ» ағызып берген деседі.

Әулиеге табыну ғұрпы қазақ даласында шамандық жора-жосынмен синкретті сипатта үйлескенін бақсы сарынынан да байқауға болады. Мысалы, бақсы өзінің сарынын әулие-әнбиелерге сыйынудан бастаған:

Мағруптағы әулие,
Машруптағы әулие,
Түркістанда Түмен баб,
Сіздерден медет тілеймін.
Сайрамдағы сансыз баб,
Отырарда отыз баб,
Ең үлкені - Арыстан баб,
Ең кішісі - Алаша қап,
Сіздерден медет тілеймін.
Қазығұрт ата, әулие,
Арғы жақта Қыңырақ бар,
Бергі жақта Қарақ бар,
Сіздерден медет тілеймін...

Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін діни бостандыққа ерік берілді. Сол себептен де ескі дәстүр қайта жаңғырып, әулиеге табыну, қасиетті жерлерге зиярат етіп сыйыну рәсімдері әр түрлі жағдайда қоғамда көрініс тауып отыр. Бұндай шаралар емшілік-саяхаттық, сонымен бірге өлкетанушылық бағытта да әр түрлі қауымдар мен діни ұйымдар тарабынан ұйымдастырылып, рухани қажеттілікке айналды.

Ақеділ Тойшанұлы
әдебиеттанушы
филология ғылымдарының кандидаты


20 қазан 2019 ж. 1 434 0