Жарлыны жүрер жасытпай, азаматы елдің нәсіпбай
Күнделікті тіршілік уақытпен жарысып жатқандай зуылдап өтіп жатыр. «Қазір таң атса, лезде күн батады. Біздің кезімізде күнді ұясына батыра, уақытты өткізе алмай жүруші едік, қайдам» деп үлкендер жүр. Не күннен, не жерден көретіндерін өздері де білмейді. Бірақ болжай, тоспалдай сөйлеу әдетіміз. Біреу біліп айтады, бірі күліп жатады. Ал ертеректегі бабаларымыз ат үстінде жүріп-ақ даналық сөздерін айта беріпті. Өмірден алынып, ой қорытындысынан дөп шыққан сөз тіркестері мақал-мәтелге айналып, бізге де өнегесін беруде. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген әдемі сөз, маған осы Нәсіпбайға арналғандай көрінеді. Біз бидай өңді, бойшаң, жарасымды күлкісіне қыз сүйсінген, істеген тірліктеріне жігіттер тік тұрған, сабырлы, сайдың тасындай салмақты, сымбатты жігіт ағасы, Шиелі өңірінің зиялы азаматтарының бірі – Көпенов Нәсіпбай Дүйсенұлының жанар жүзін елестеткендей боламыз. Ол жасынан пысық, алғыр бала болып өсті. Кент орталығындағы №47 М.Ломоносов атындағы орта мектептің озат шәкірті атанды. Жастайынан еңбекке араласып, әкесінің қолғанаты болды. Еңбек дағдысын меңгеру үшін адамға алдымен білім керек екенін түсінген Нәсіпбай кішкентайынан автокөлікке құмарлығын сездіргендей, Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумның автомеханика факультетіне 1977 жылы емтихан тапсырып, 1980 жылы автомеханик мамандығын алып шығады. Ойы ұшқыр, досқа адал, уәдесіне берік, қызметіне мығым жас маман еңбек жолын Шиелі АТП-1 мекемесінде техник ГСМ және диспетчер қызметтерін атқарудан бастайды. Сатырлаған ер жігіттер, мықты шопырлар жұмыс істейтін аудандағы бірден-бір үлкен мекемеде күніне жүздеген автокөлікті реттеп, тиісті бағыттарға жөнелтіп отыру міндеті де оңайға түскен жоқ. Осындағы ағалары бас инженер Төлен Көпешов, аға диспетчер Дүйсенбек Төлегеновтерден үлгі, өнеге, тәжірибе алды. Оларды өзіне ұстаз санады. Сол кездердегі мекеме басшылары Молдахмет Мырзахметов, Әнуар Кенбаев секілді білімді де білікті инженерлерден тәрбие алса, одан кейін осы уақытқа дейін бастығы болып келе жатқан, елімізде жекешелендіру науқаны басталғанда АТП-1 мекемесін жойылудан аман сақтап, ұжымды заман талабына сай етіп қайта құрып, «Арғымақ» деп ат қойып, бүгінгідей дәрежеге жеткізген қайсар басшы, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, досы Оразәлі Байділдамен біте қайнасып, «иішшай» деспей әлі келеді. Арасындағы достығы уақытша, алдамшы, күнкөрістік, былайша жолай достық емес, шынайы, сенімді, адами мәңгілік достыққа айналған. Осы жасына дейін Нәсіпбайды да аудан басшылары жоғары басшы қызметтер ұсынып шақырса да, оның Оразәлі досымен зейнетке шыққанша бірге боламын деген ниетін естігенде, нағыз, берік достықтың, адалдықтың арбасынан аумаған Нәсіпбайға сырттай, «Міне, жігіт!» деп тәнті болғанымыз да бар. Осындайда «Тегін адам таз болмайды» деп те қаламыз. Бұл болашақ ұрпағымызға үлгі боларлық қасиет. Мекеме бастығы мен бас инженері отыз жылдай татулықта болуы – жазылмаған кітап. Нәсіпбай болса, алпыс жасқа жаңа толып отыр. Мекемеде күнде болатын айқай-шуды ақылға жеңдіріп отыру – парасатты, ұстамды кісілердің ғана ойына келетін мінез. Ол мінез Нәсіпбайдың бойында қалыптасқан. Осындай жақсы қызметкер екенінен хабардар облыстық автокөлік басқармасы Н.Көпеновты 1981-1982 жылдары басқарма атынан Қостанай облысында егін жинауға көмектесу үшін аға диспетчер етіп жібереді. Егін жинауға қосқан үлесін Қостанай облысының басшылары «Алғыс хатпен» марапаттайды. Еңбек ете жүріп, 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына түсіп, 1988 жылы инженер-механик жоғарғы мамандығын алып шығады. Жалындаған жас 1986-1988 жылдары аудандық «Казсельхозтехника» ауыл шаруашылық басқармасында механик және инженер қызметін атқарса, 1988-1991 жылдары аралығында Шиелі мұнай базасы мекемесінде аға оператор болып, аудан халқына сапалы қызмет көрсетті. Одан соң бір жыл 1 жүк тасымалдау кәсіпорнында инженер болған Нәсіпбай Дүйсенұлы, 1993 жылдан бастап АТП-1 мекемесіне бас инженер болып тағайындалады. Бұл мекеме 1998 жылы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылады. Содан бері Н.Көпенов «Арғымақтың» бас инженері ретінде ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңып, талмай-жалықпай ауыр жүгін арқалап келеді. Әр жүргізушінің денсаулығына, отбасының жағдайына, әлеуметтік тыныс-тіршілігіне зер салып, үнемі қамқоршы болып отырады. Ұжым ардагерлерімен жиі кездесіп, олардың рухани жан азығы аудандық, облыстық басылымдарға мекеме атынан жаздырып, басқадай көмектер беріп, арғымақтардың ынтымағын, бірлігін ұйыстырып жатады. Ол кенттің «Шанхай» беті халқының да зор құрметіне бөленген. Н.Дүйсенұлы – VI шақырылған Шиелі аудандық маслихатының депутаты. Өзінің көпшіл мінезімен, іс-әрекетімен, кәсіпкерлігімен, ақыл-кеңесімен, сөз жәрдемімен, керек болса қиындық көрген тұрмысы төмен отбасыларына қол ұшын беріп те жібереді. Нағыз халық қалаулысы. Егер мамандығы дәрігер болса, науқастарды дәрімен емес, жылы сөзімен, мейірімді көзімен жазып жіберетін кәнігі денсаулық сақшысы болар еді. Еңбек адамды есейтіп, биік тұғырға көтереді. Қоғамға сіңірген еңбегі бағаланып, абырой-беделге ие болады. Н.Көпенов – ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген белді азамат. Алпыс жастың асқарына шықса да, түрі де, келбеті де, жүріс-тұрысы да, денсаулығы да, еңбек қабілеті де қылшылдаған жастардан кем емес, сол қалпында сақталған. Жұбайы Лариса екеуі – бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған тату, өзгеге үлгі боларлық, махаббаттары мен достық, сыйластығы жарасқан жанұяның қожайыны. Еңбек ардагерлері әкесі Дүйсен мен анасы Рахия Шиелі төңірегіне танымал болған ұлдары Нәсіпбайдың тілеуін тілеп, немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі атануы, сырттай қамқоршы болуының өзі оған күш-қайрат, жігер беретіні сөзсіз. Еңбек майданында төгілген тер де ескерусіз қалған жоқ. Н.Көпенов «Ы.Жақаев – 120 жылдық», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қызылорда облысының автотранспортына – 80 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Оның кеудесінде «Құрметті автокөлікші» төсбелгісі анадайдан жарқырайды.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі