Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлікпен өрнектелген ғұмырлар

Ерлікпен өрнектелген ғұмырлар

Өмірдің бар шығынын төлер ме едің?
Сөйтіп бір қуанышқа бөлер ме едің?
Ел үшін не ғажаптың бәрін жасап,
Кәдімгі адам болып өлер ме едім.
(Рахима Мұхтарова)
Тағдыр. Әркімнің маңдайына әр түрлі жазылатын жайт. Бәз біреулер кей нәрсеге қолын оңай жеткізсе, екінші біреулер ауыр жолдан өтіп, зардап шеге қиыншылыққа тап болып, барар жеріне жете алмай, өтіп-кетіп жатады. Көбінесе шыдамдылықты, төзімділікті ер кісілердің бойынан іздеп жатамыз. Соған қарамастан қаншалықты жаны нәзік болса, соншалықты қайсар, өр мінезді, тағдырдың тәлкегіне оңайлықпен берілмейтін, тұла бойында мұқалмас жігер, турасын айтып тіліп түсер өткірлігі жеткілікті бейбіт заманда еңбек ері болуға лайықты, ажары айдай сұлу жандар аз болды ма?! Әттең, сол өзіне тиісті бағасын кезінде ала алмай, оқыс жайттан қара жерді қайыра баса алмай, аққан жұлдыздай өмірден жарқырап, жалындай жанып өткен замандасым жайлы бүгін айтпасам, толғамасам, болашаққа кімдерді үлгі етер едім?
Әкелі-балалының бірі – кешегі сұрапыл соғыста үлкен ерлік танытса, бірі – бейбіт өмірде «Қазақтың Островскийі» атанған жандардың рухын тірілту тірілерге аманат емес пе? Міне, осындай артына өнегесімен өшпес із қалдырған Алғабастан шыққан арманын тек түсінде ғана көріп өткен әкелі-балалы жандар мені тағы да қағаз бетін шимайлауға алып келді. Ауыл шетінде кішкентай ғана үй өзіне лайықты шаруасы бар, қазаны оттан түспеген, бір қызы би билеп, бірі анасына көмектесіп, ұлы аттың ерін машина етіп айдап мәз-мейрам. «Менің қыздарым әлі-ақ ел аузынан түспейтін батыр болады» деп Жәли мен Гүлзира апамыз өз өмірлеріне дән риза болып отыратын. Ауылдасымыз, Ұлы Отан соғысының ардагері болған Жәли Дүйсебеков өмірінің соңына дейін соғыстан алған ауыр жарақатына қарамастан елге сыйлы болып өмірден ертерек кетті. Ақылына мінезі сай майдангер әке-шешесінен жастайынан айырылып, өмірдің тауқіметін аз тартпапты. 1902 жылы Шиелі ауданы, Тартоғай елді мекенінде туып, соғысқа дейін еңбек етіп, «Стахановшы» атанып келе жатқанда Ұлы Отан соғысы басталып майданға аттанады. Ж.Дүйсебеков өзінің жауынгерлік жолын Аягөзде 3 ай «Мергендікке даярлық» курсынан өтіп, 901-ші атқыштар полкы құрамында Ленинград қаласын қорғаудан бастайды. Мұнда ол көптеген кескілескен ұрысқа қатысады. Ерлігімен көзге түсіп, қатардағы жауынгерден рота командиріне дейін көтеріледі. Бұл кезде майдан даласындағы әскерлердің «Қызыл әскер» атты газеті шығып, ерліктерді жариялайтын. Жәли туралы А.Баймұратовтың «Жәлидің жауынгерлік істері» деген атпен 4 мамырда 1943 жылы шыққан санында былай деп жазады: «Немістердің бір пулеметі біздерді толассыз атқылады. Рота командирі қызыл әскер Жәли Дүйсебековке және бір жауынгерге бұл пулеметті жоюға бұйырды. Жәли қасындағы жолдасымен бірге бұйрықты орындауға шықты. Олар жер бауырлап жылжумен дұшпанның оң жақ бүйірінен оқты боратып пулеметтің көзін жойды», – деп жазды. 1944 жылдың 27 қаңтарында Ленинград қаласын азат етушілердің қатарында болды. Осы жылдың шілдесінде 245-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерімен Псков қаласын азат етіп, Балтық теңізі жағалауындағы Литва елінің шекарасында мергендігімен көзге түседі. Ол небір қауіпті тапсырмаларды орындайды.
Бірде Латвиямен Польша шекарасына бекінген неміс армиясына барлау жасап келу жүктеледі. Осыған орай 11 мерген неміс офицерлерінің көзін жоюға аттанады. 10 мерген жау қолынан оққа ұшып, 11-ші болған Жәли дәлдеп жау генералының маңдайынан атып жібереді.Осылайша тапсырманы ойдағыдай орындайды. Келесі бір кескілескен майданда жаудың оғы мұрнын жұлып, сол көзін ағызып, бір шекесін жарып шығады. Желтоқсан айында Ленинград қаласының ауруханасында жатып, 1945 жылы мамыр айында Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі болып елге оралады.
Майдангер жауынгер бейбіт өмірде де қол қусырып отырмады. Қосағы Гүлзирамен 1 ұл, 3 қыз өсірді. Қан майданда әкесі ерлік танытса, бейбіт заманда алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында сол майдангер Жәли әкеміздің тұңғышы, ауылымыздан шыққан алғашқы механизатор, Сыр өңірінің мақтанына айналған Жұмагүл суырылып алға шықты. Сол кезде Ленин атындағы колхоздың (Алғабас) басқарма төрағасы Ә.Исмаилов қаршадай ғана қағілез қыз Жұмагүлге «Жұмагүл, қалқам, байқаймын, сенен бірдеңе шығады, қолыңнан бәрі де келетін сияқты. Нақ қазіргі шақта мына шаруашылықтың жұмысын ілгері апару үшін, жігіттердің намысына қайшы салар тап өзіңдей еті тірі қайратты қыздар керек-ақ. Бәлкім сен колхоздың есебін емес техникасын жүргізерсің» деді бетіне қарап. Жұмагүл де келісе кетті. Ертеңіне колхозға келген су жаңа «ЮМЗ-6» белорус тракторына отырғызды. Трактор рөліне отырысымен-ақ, жұмыс талғамады, уақытпен санас­пады. Қажу, шаршау дегенді білмей жұмысты да жасындай жарқылдап жүріп атқарды. Артында қияға қондырар қызы, ұядан ұшырар ұлы болмасын сезді ме бір күні әкесіне «Әке маған талдың шыбықтарын дайындап берші» деп өтінді. Әкесі әкеліп берген шыбықтарды отырғызды. Қазір құшақ жетпейтіндей болып өскен «Жұмагүл бауы» деп атанған бұл жерге малын бағып, қоныстанған жандар әрдайым алғысын жаудырып, Құран бағыштайды. Жұмагүлдің еңбегі көлеңкеде қалған жоқ. 1971 жылы 31 қазан мен 22 қараша аралығында туристік сапармен Алматы-Варшава-Москва қалаларын аралап келді. «Осы жылдардың ішіндегі 12 күн мен үшін үлкен бақыт зор қуаныш. Өйткені, бұл күндерді Еуропаның орталық қаласы, поляк халқының астанасы Познань мен Кракьовта өткіздім. Бір кезде арман еткен талай ақын жазушылардың шығармаларына арқау болған сұлу қала Алматыны алғаш рет көрдім. Жастардың көңілді ортасы Көктөбеге шықтым. Миллиондаған халықтың жүрегі, сол жүректердің тірегі болған қаһарман қала Москваны көрдім. Ағалардың Отан анаға ант беріп, сап түзеген қызыл алаңмен жүрдім. Әсем табиғат өрнегін, сәулетті, сәнді қалаларды тамашалап қайттым» деп партия мен халқына шын жүректен алғысын жаудырып отыратын. Жұмагүлдің елге көрсеткен қызметі үшін 1971 жылы Қазақстан ЛКСМ Қызылорда облыстық комитеті, Қазақстан комсомолының 50 жылдық мерекесі қарсаңында «Құрмет грамотасымен», 1972 жылы «СССР-50 лет» мерекелік дипломымен марапаттады. Егер кенеттен келген ауыр бейнеттің дауылы соқпағанда Жұмагүл алатын асулар алда еді. 1973 жылы 11 ақпандағы сарышұнақ аязды күні қойшыларға шөп апару туралы тапсырма алған Жұмагүл, таң ата тракторіне міне бергенде, әкесі қызын аяп өзі де бірге барады. Баздағы тізілген шөп маяларын жерден екі кісі лақтырып, тіркеменің үстінде Жұмагүл мен әкесі шөпті жайғастырып жатқан еді. Сол кезде тракторшы ескертпес­тен оқыстан солқ еткізіп айдаған кезде екеуі де тастай көк мұзға құлап түседі. Сұмдық. Шалқасынан түскен Жүмагүл ес-түссіз еді. Бел омыртқасы сынып кеткен. Көп емделді. Бірақ бәрі кеш еді. Төсекке таңылды. Қайсар қыз өмір үшін тағдырымен тайталасты. Қатал тағдыр аяушылық көрсетпеді. Бұл аздай жары да теріс айналды. Ол кеткенмен Жұмагүлді біз тастаған жоқпыз. Сол кездегі колхоздың комсомол ұйымының хатшысы Р.Мұхтарова, кітапханашы Г.Құтышева, Базаркүл бәріміз көңіліне демеу болуға ат салыстық. Шаруашылық басшылары үлкен көмек жасап отырды. 1975 жылы сәуірде «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Жақыпжан Нұрғожаевтің «Мезгілсіз солғым келмейді» атты мақаласында «Ағалардың аялы алақаны, құрбы-құрдастардың сергек сезімталдығы Жұмагүлді әлі-ақ өмірдің қайнаған ортас­ына оралтады. Өйткені адамның құдіреті бәрінен де күшті» деген керемет үміті жауапсыз қалды. Сонда да Жұмагүл өмірге деген құлшынысын тоқтатпады. Анасынан үйренген тігін тігу, тоқумен айналыс­ты. Сөйтіп ол сол жылдары-ақ кәсіпкер атанып отбасын, іні-сіңлілерін асырауға жарады. Көргенін қалт жібермейтін шеберлігі, оның қолынан шыққан өнер туындылары елге жайылды. Бірақ, өкінішті. 18 жыл төсекке таңылу кімге оңай? Ақыры жамбасы, аяқтары шіріп, Жұмагүлдің жалындаған жастығына, өмірге деген құштарлығына қарамастан қылыш шабар қылшылдаған қырық жасында сұм ажал келместің кемесіне мінгізіп, арамыздан алып кете барды. Қимай-қимай шығарып сала бердік.
Өткен күндер мен бүгінгі күндерді салыстырсақ, қаншама аяулы жандар ұмытылып бара жатқан сияқты.
Бақ, әрине, елдің бәрінің басына қона бермейді. Жұмагүлдің де осы ауданда өзіндік орны бар жан екендігі кімді болса да толғандырмай жүрген жоқ.
«Тектінің орны төрде» деген тәмсіл бар. Қайран өмір,жазираның жайнаған жаухарындай от жүректі, құрыш білекті Жұмагүлдің және Дүйсебектей төренің ұлы Жәлидің жарқын бейнесін ұмытпауды ұрпаққа қалай ұғындырар екенбіз?

Айжамал
Әбдіхамитқызы

27 тамыз 2019 ж. 679 0