Күршімде туған қазақ баласы Google компаниясына жұмысқа тұрды
Әлемге әйгілі Google компаниясында қызмет істеу тағы бір отандасымызға бұйырды. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жасан Байпақбаев аталған компанияға инженер маманы болып тұрды.
«Мен өзім Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы, Қаратоғай ауылында туып өскем. Мектеп бітірген соң Алматыдағы С. Демирел атындағы университеттің «Ақпараттық жүйелер» мамандығында түстім.
Ол жерден бакалавр дәрежесін алып шығып, Қазақ-британ техникалық университетіне дәл сол мамандық бойынша магистратурада білімімді жалғастырдым.
Иә, Google секілді әйгілі компанияға жұмысқа тұру менің мамандығым бойынша оқыған әрбір студенттің арманы деуге болады. Және онда жұмысқа орналасу процесі көпке мәлім. Яғни ақпараттық технологиялар саласының мамандарына ол ережемен етене таныс. Жалпы бұған дейін АҚШ-та стартап саласында аздап еңбек еткем, сондықтан да ақпараттық технология бойынша тәжірибем бар деп айтуға болады. Google компаниясына инженер маманы болып жұмысқа тұрдым», – деді Жасан Байпақбаев.
dalanews.kz