Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үрейлі үйдегі әруақ

Үрейлі үйдегі әруақ


Өмірде дәл кинодағыдай құбылыстар кездеседі екен. Құбылыс деп кәдімгі қорқынышты фильмдерде берілетін елестерді айтып отырмын. Оған кейде мән бермей жатамыз ғой. Дегенмен, шын мәнінде адам өміріне түрлі өзгерістер алып келетін де осындай жағдайлар. Мысалы, менің бір балдызымның басынан өткен осындай оқиғадан кейін, жұмысынан шығып, басқа салаға ауысуға мәжбүр болды.

Балдызымның аты – Фариза. Ол Қордай ауданындағы шекара бекетінде жұмыс істеді. Бекетте қызмет атқаратын ағалары мен оның жолдастары, барлығы екі қабатты үйді жалға алып тұрады. Жұмысы сондай болған соң, үйге ешкім қонбай қалатын кездер де, түн ортасында бір-ақ оралатын сәттер де жиі болады. Бірде Фариза екі ағасымен түнделетіп жұмыстан келгенде ас бөлмедегі электр шамының жанып тұрғанын байқайды. Бұлар үйге ұры түскен деп, заттарын түгендесе барлығы орнында. Есік те бұзылмаған. Сосын олар оған онша мән бермей, жатып қалады. Бірақ, ертесіне бұл жағдай тағы да қайталанады. Сол түні Фариза басқа бөлмеге түнеп шығады. Түннің бір уағында ол өкпесі қысылып, оянғысы келсе де ояна алмай қиналады. Бейнебір екі қолын басып, үстінде біреу отырғандай күй кешеді. Бұлқынуға да шамасы жетпей, бар даусымен көмек шақырып, айқайлағандай болғанымен даусы шықпайды. Бір уақытта «бісміллә, бісміллә» дегенге зорға шамасы келгенде ғана, әлгі нәрсе қолын дереу босатып жібереді. Сол сәтте көзін ашқан Фариза алдында тұрған ақ киімді адамның бейнесін анық байқайды. Қара терге малшынған ол орнынан қозғала бергенде, ақ киімді бейне терезе жаққа жылжып, көзден ғайып болады. Содан Фариза келесі бөлмедегі компьютердің алдында отырған ағасының қасында таң атқанша көз ілмейді. Алғашқыда бұл туралы ешкімге тіс жармайды.

Міне, содан бастап әлгі үйде түрлі қызық жағдайлар орын ала бастайды. Бірде түнде отырыстан масайрап келген ағасын ақ бейне буындырса, бірде ас үйдегі ыдыстар өздігінен сынып, барлық бөлмедегі электр шамдары жағылып қала береді. Енді бірде түнімен жылаған дауыс жаңғырып тұрып алады. Осындай жайттардан әбден жүйкелері жұқарған олар, басқа пәтер іздейді.
Бір күні осы үйге бұрын сол бекетте жұмыс істеп, кейін басқа жаққа ауысып кеткен таныстары келеді. Шәй үстінде ол «ұйқыларың тыныш па?» деп, бір әңгіменің шетін шығарады. Сөйтсе бұл жігіт бұрын осы үйде келіншегімен тұрған екен. Алғашқыда олар да, өшірген шамдарының жанып қалатынын байқағанымен мән бермепті. Бір күні үйіне жолдастарын қонаққа шақырып, отырыс көңілді өтіп жатады. Біраз уақыттан кейін қонақ қыздың бірі екі қабатты үйдің ішін қызықтап, жоғары көтеріліп кетеді. Артынша дастархан басындағылар жаңағы қыздың қатты шыңғырған даусын естіп, барлығы орындарынан атып-атып тұрып, жоғары қарай тұра жүгіреді. Үй иесі бәрінен бұрын жетіп барғанда, бойжеткеннің екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтың бұрышында, екі қолымен бетін жауып, бүктеліп отырып қалғанын байқайды. Не болғанын сұраса, ол үндемей жоғары жақты көрсетіп, басын шайқай беріпті. Нұсқаған жаққа қараса баспалдақтың ең жоғары сатысында аппақ киімді 12-13 жасар қыз кітап оқып отыр. Сасып қалған ол екі көзін тарс жұмып, біраз уақыт тұрып қалады. Тілін кәлимаға келтіріп, көзін қайта ашса әлгі елес көзден ғайып болыпты. Содан кейін олар басқа пәтер тауып, көшіп кеткен екен. Кейін оның мән-жайын сол көшенің тұрғындарынан сұрап білдік: – Біз тұрған коттедждің орнында бұрын болған – үй өрт құшағында қалып, апат кезінде ішінде ұйықтап жатқан 12-13 жасар қыз тірідей жанып кетіпті. Кейін орнына осы коттедж салынған. Ол әдемі болғанымен үрейлі сарай сияқты. Алғашында бұл үйді сатып алған кісінің қызы жынды болып қалыпты. Қожайындары қорқынышты баспананы сатпақшы болғанымен өткізе алмапты. Жалға алатындар да ұзақ қоныстанбайды екен, – деп әңгімесін аяқтады Фариза.

boz.kz
23 тамыз 2019 ж. 853 0