Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАДИ ӘПЕНДІ ҚАЙДА ЖҮР

ҚАДИ ӘПЕНДІ ҚАЙДА ЖҮР


Әңгімені бастамас бұрын әуелі қади және әпенді деген сөздердің ара жігін толық ашып алғанымыз жөн шығар. Қади дегеніміз мұсылман әлеміндегі ірі лауазымдық атау. Яғни, шариғат үкімін айтушы адам. Қадиді мұсылман патшалары тікелей өз пәрменімен тағайындап отырған. Ол, белгілі бір қаладағы немесе аймақтағы тәртіпті қадағалап, шариғат заңдылығын сақтап, заңсыздыққа жол бергендерді тікелей жазалап отырған. Яғни, қади дегеніміз сот. Қади лауазымын ең алғаш екінші халиф Омар ибн Хаттаб тағайындаған. Одан кейін түркі халықтарының Осман империясында, Орта Азия хандықтарында қадилік құрметті лауазымдардың бірі болды.
Ал, енді әпенді деген сөздің басын ашып алсақ. Әпенді араб және парсы тілдерінде «эфэнде» деп айтылады. Мағынасы «мырза» дегенге саяды. Араб және түрік халифаттары, қағанаттары кезінде әпенді дегеніміз кейде тақ мұрагеріне, сұлтан, бек, сонымен қатар, әскери лауазымдарды да білдіріп отырған.
Қазақтар әпенді, сопы деген сөздерден кешегі КСРО кезінде дінді апин деп ұрандатқан заманда жеріне бастаған еді. Бұл атаулар бейшаралықтың, сайқымазақтықтың белгісіндей болып, қасақана жас жеткіншектер бойында жиіркеніш туғызған-ды. Бақсақ, бұл сөздердің мағынасы тіптен басқаша. Яғни, мұқым түркі мұсылман әлеміндегі ең құрметті лауазым және діни атаулар болған. Сондықтан, әпенділіктен қашуымыз бекершілік. Түріктің бүгінгі небір кино-сериалдарын көріп отырсаңыздар ондағы кейіпкерлер бір-біріне елжірей «эфендім» – деп құрмет білдіріп жатқанын байқайсыз.
Түріктің әйгілі Сұлтан Сүлеймен (Великолепный век) туралы телесериалын көрмеген қазақ кем шығар. Сол телесериалда жарты әлемнің патшасы, Осман халифатының көрнекті сұлтаны Азия, Еуропа, Африка құрлықтарына әмірін жүргізген І Сүлеймен патшаның Мехмед Эбусууд-эфенди деген шенеунігі туралы қызықты түсірілім бар.
Ол Стамбул шаһарының қадиі. Халифат астанасының барлық заңдылығын өзі қадағалайды. Базар аралап, саудагерлердің заттарының құнын, сапасын тексеріп, таразыдан жеген, сапасы нашар тауарды сатқан, затының бағасын асыра көтеріп, тұтынушылардың құқын таптаған саудагерлерді тікелей өзі жазалап отырған. Ешқандай пара, сыбайластыққа, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеген. Тауардың тазалығына, сапасына, бағасына баса мән берген. Қарапайым тұтынушылардың құқын бәрінен жоғары қойған. Құдайдың бір аты халық дегенді әсте есінен шығармапты. Қара қылды қақ жарған әділ сот болған. Көре алмаушылар қадиді Сүлеймен сұлтанға жамандап, араға от салғанда қаһарланған халиф алдынан арының тазалығы арқасында дін аман өтіп, сұлтаннан тіксінбей тікесінен тұрып берген жауабының арқасында аман-есен шығады. Осыдан кейін мұқым Османлы халифатының шейхул ислам яғни, жоғарғы сот дәрежесіне көтеріледі. Тарихта өзіндік орнын, қолтаңбасын қалдырады. Бұл кісі өмірде шын болған адам. Тарихта Қожа Челебей деген атымен мәлім. 1490 жылдың 30 желтоқсанында Исклипте туып 1574 жылдың 23 тамызында Стамбулда бақилық болған.
Мұның барлығын не үшін жазып отырғанымызға тоқталсақ. Мақсатымыз түріктің телесериалын жарнамалау емес немесе бірнеше ғасыр бұрын өмірден өткен бауырлас елдің тұлғасын насихаттау­ да емес. Меңзегеніміз сол ескі заманның өзінде тұтынушылар құқының керемет қорғалуын сөз ету. Бүгінгі Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда, базарлардағы, жалпы сауда орындарындағы заттардың, тауарлардың сапасы қаншалықты талапқа сәйкес келіп отыр. Тұтынушылар құқы қалай қорғалып жатыр, халық өзінің не ішіп, не киіп жүргенінен хабардар ма? Ішкеніміз адал, жегеніміз жарамды ма? Осыны сөз ету болып отыр.
Таяуда яғни, ағымдағы жылдың 27 қаңтар күні кешкілік 20.00-де «Қа­зақстан» ұлттық арнасының «Мәселе» бағдарламасында «Сапасыз асты қалай анықтауға болады» атты ақпараттық-сараптамалық мәселелік сюжет көрсетілді. Онда, сауда нүктелерінде сатылып жатқан кейбір тағамдар мен киімдердің сапасы былай тұрсын тіптен, тұтынушының өміріне аса қауіпті екендігі нақты дәлелдермен көрсетіліп, Алаш ұрпағын алаңдатарлық мәселе Қазақстан халқының назарына ұсынылды. Халық киген киімі мен ішкен тағамының өзіне күдікпен қарайтын заманға тап болғандай. Сатушыларға ешқандай кінә арта алмайтын заман. Тауарды ол өндіріп жатқан жоқ. Біздегі кәсіпкерлердің 99 пайыздайы өндіруші емес алыпсатарлар, не болмаса, қызмет көрсетушілер. Бір нүктеден екінші нүктеге үстіне тиын қойып тауарды жеткізіп берушілер де кәсіпкер. Жергілікті атқарушы орган тарапынан тисіп көріңіз. Бизнеске балта шабушы деп байбалам салынып, қадағалаушы орган келіп, тәртібіңізді май шаммен қарасын. Әрине, әркім өз саласы бойынша жұмыс жасайды. Дегенмен, халықтың да жағдайына қарап тұрғанымыз дұрыс шығар. Қазір онсыз да еліміз бойынша экологиялық аймақтарда өмір сүріп жатқан халық көп. Жұтқан ауаң, ішкен суыңның талапқа сәйкес еместігін тағдырдың жазуынан көрерміз ал, сатылып жатқан тауардың, киім-кишек, ас-тағамның сапасының төмендігіне өзіміз кінәлі емеспіз бе? Біздің Қади әпенділеріміз қайда қарап жүр? Бұл жердегі қади дегенімізді сот деген ұғыммен шатастырып алуға болмайды. Қазіргі заманда бұрынғы бір сала түрлі мамандықтарға бөлшектенген уақыт қой. Бұрынғы қадиге жүктелген тауар сапасын анықтау қызметі қазір тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерінің құзыретіне өткен.
Бұл департамент, басқармалар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне қарайды. Олай болса, осындағы жауапты мамандардың жұмысы қаншалықты тиімді жүріп жатыр. Ұлттық арнадағы әлгіндей сюжеттен кейін бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде қалғаны белгілі. Комитеттің барлық аудандарда аумақтық бөлімшелері жұмыс жасайды. Өзіндік ережесі бар. Заңмен арнайы мәртебесі айқындалған. Өздеріне жүктелген міндеттемесі де бар.
Мәселен, Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы «Тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау туралы» №274-ІV Заңының 5 бап 7 тармағында «тұтынушыларға ақпарат беруді, консультация жүргізуді және сауаттандыруды жүзеге асырады» – деп, көрсетілген. Тұтынушыларды сауаттандыруды жүзеге асыру заманы дәл бүгін туды. Қазір, тамақ, киім өнімдерінің дені шет елден тасымалдануда. Олардың кейбірінің сапасы адам өміріне қауіп туғызуда. Жоғарыда сөз етілгендей «Қазақстан» ұлттық арнасының өзінде бұқара халыққа осыны ашық, бүкпесіз жайып салды.
Олай болса, тұрғындарға, тұтыну­шыларға дұрыс ақпарат керек. Консультация керек. Сауаттандыруды жүзеге асыруы­мыз керек.
Аталған Заңның 5 бабының 13 тармағында «тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде зерттеулер жүргізу бойынша, ақпараттық-сауаттандыру жұмыстары және халыққа консультациялық көмек көрсету бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс­ты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асырады» – делінген. Біздегі, Шиелідегі басқарма тарапынан қандай әлеуметтік тапсырыс қалыптастырылды? Тұрғындарға, бұқара халыққа қандай түсіндірме жұмыстары жүргізілуде? Бұның барлығы жергілікті БАҚ-да айқын көрініс табуы керек деп санаймыз. Себебі, бүгінгі таңда тұтынушылардың дені өздерінің құқықтарынан бейхабар. Кейде, осының салдарынан орны толмас өкінішке алып баратын оқиғалар да орын алып жатады. Сондықтан, аудандағы аумақтық бөлімше, басқарма жылына кемінде екі-үш рет Шиелідегі баспасөз орталығына келіп, брифинг өткізсе дейміз. Әлеуметтік тапсырыс аясында жадынамалар әзірлеп, тұрғын халыққа таратса, тұтынушылық сауаттылықты арттырса тіптен құптарлық іс болар еді. Сонда жұрт, түрік сериалындағы қади әпендіге тамсанбай-ақ, өзіміздің тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының жұмысын біліп, ішкен-жеген тағамына сеніммен қарап, сатып алған киімін күмәнсіз киіп, басқарма қызметіне бағасын беріп отырар еді.

Нұрболат Сәдуақасұлы.
10 ақпан 2018 ж. 2 934 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930