Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнге күйіп қалсаңыз

Күнге күйіп қалсаңыз

Қазір жағажай маусымы. Біреулер өз еркімен, кейбіреулер еркінен тыс күнге күйіп жатады. Күнге күюдің пайдасын иммунитет жақсарып, қыста ауру-сырқауға жол жабылуымен байланыстырады, дегенмен оның жағымсыз жақтары да бар. Тері ашып, күлбіреп, қышып мазаны алады.

Қызарып, қабынып кеткен теріге ең жақсы алғашқы көмек – ылғал компресс қою. Ол ауырғанды басып, теріні ылғалдандырады. 15-20 минут шамасында ұстасаңыз болады. Бөлме температурасындағы суда ванна қабылдау да жақсы көмектеседі.

Күнге күйген жерді емдеудің бірнеше халықтық әдісі бар. Мысалы күйген теріні алоэ сығындысымен сүртуге болады. Халық арасында сода мен крахмал қосылған ваннаға түсу әдісі де бар.

Бастысы – күйгеніңізді байқаған сәтте дереу көлеңкеге бару керек. Содан соң ыстық емес температурада теріні салқындату керек. Компресс пен ванна ем-шарасын күніне бірнеше рет жасаған дұрыс. Қандай жағдай болғанда да сабын мен скраб қолдануға болмайды.

Бет күйіп қалған жағдайда оған көк шайдан жасалған компресс қояды. Егер қолда көк шай болмаса, жұмсақ әрі ылғал орамал да жарайды. Салқындататын гель, жақпа майы секілді нәрселерді бетке, мұрынға, иек астына, мойынға, құлаққа, иыққа қолданарда абай болған жөн, ол жердің терісі аса сезімтал. Қараюға арналған майды да қолданбаған дұрыс, ол күйіп кеткен теріге арналмаған.

Компрестен кейін зақымдалған жерлерге спрей шашу не арнайы ылғалдандыратын крем жағу оң әсерін береді. Содан соң теріні тынықтыру керек. Енді күн астына шықпай, көлеңке жерде отырыңыз.


Егер күйіп қалғаннан кейін шаршап, әлсіздік күй сезінсеңіз, аспирин не парацетамол ішіңіз. Жағдай сіз ойлағаннан жаман болса, ауру асқынып кетуі мүмкін. Аптап болып не қалтырасаңыз, жүрек айнып, ауыз құрғап, бас ауырса, дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерге көріну керек. Әдетте мұндай жағдай адам күн астында ұзақ уақыт бойы жүріп қалғанда не дененің көп бөлігі күйгенде болады.


Ауырмаңыз, денсаулығыңызға мұқият көңіл бөліңіз.

Massaget.kz сайты
04 тамыз 2019 ж. 691 0