Ақтауда теңіз бетіндегі серуенге арналған катерлер пайда болды

Каспий жағалауындағы шаһарда екі бірдей серуен катері пайда болды.
Олармен күнде ашық айдынға шығып, қала келбетін тамашалауға болады. Бар-жоғы екі аптада бұл су көліктерімен үш мыңға жуық адам теңіз бетінде серуен құрып үлгерді. Жаңа жобаны жүзеге асыруға 60 млн теңге жұмсалған.
Каспийге катермен серуен күндізгі сағат 11-ден басталады. Билет құны – бір адамға 1000 теңге. Су көлігі жарты сағатқа ашық теңізге шығып, ұзындығы жеті шақырым жағажай жиегімен жүреді. Капитан бұл катердің 90 шақырым жылдамдықпен жүзе алатынын айтып отыр. Бастысы, жолаушылары қорықпаса болғаны.
Ұшқыр катерлер Ресейдегі зауытта құрастырылған. Олардың толқыны қатты Каспий теңізінде еркін жүзуі үшін біршама жетілдірілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, оның кең палубасы күн сәулесінен қорғайтын биік шатырмен жабылған. Туристерге арналған су көлігі моторының қуаты – 200 аттың күшіне тең.
Темірлан Төлешов, студент:
– Теңіз жағалауында жүргенде осы қайықтарды көретін едім. Бүгін осы қайыққа мініп отырған жайым бар. Әсерім жақсы, күшті екен іші. Бүгін енді жалғыз келіп тұрмын, келесіде қызбен келуіміз мүмкін.
Айнұр Үсеева, Атырау облысының тұрғыны:
– Өте тамаша, өзім бірінші рет осы теңізге шығып тұрмын. Осындай катерлер көбейе берсін. Туризм дами берсін. Кәсіпкерге көп-көп рақмет. Ешқандай қорқыныш жоқ, бағасы өте қолжетімді.
Бортына 15 адам сиятын жүрдек катерлерді басқару желкенді қайық спортының шеберлеріне жүктелген. Оқыс оқиға болмауы үшін үш адамнан құралған су көлігінің экипажы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайды. Жалпы бұл жоба жергілікті кәсіпкер мен аймақ әкімдігі арасындағы келісім негізінде жүзеге асқан. Биыл жағалаудан жер бөлініп, шағын бекет салынды.
Ғани Әбдісадық, кәсіпкер:
– Сол учаскеге қайыққа міну-түсу бекетін орналастырдық. Сонымен қатар қайыққа отырған әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік жейделерін кигіземіз. Сондай-ақ ішінде құтқарушы матросымыз бар. Жағдайлардың алдын алып отыру үшін ескертіп, сол қайықта отырған азаматтарға тәртіп бұзбауын қадағалап отыратын маманымыз да бар.
Іскер азамат енді теңіз шығанағына толқын қайтаратын тосқауыл орнатуды жоспарлап жүр. Мұратына жетсе, қатты желге қарамастан катерге жолаушы мінгізуге болады. Келешекте су көліктері қала жағажайларынан бөлек айдынмен шектесетін Түпқараған мен Құрық аудандарына да барады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
24.kz