Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Самұрық-Қазына» Татарстанмен серіктестік орнатты

«Самұрық-Қазына» Татарстанмен серіктестік орнатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Татарстан президенті Руслан Миннихановпен кездесті. Кездесу барысында мұнай-газ, химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Татнефть» ААҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанда мұнай өңдеу, мұнай-химия және газ-химия объектілерін жобалау және жаңғырту, сондай-ақ мұнай өндіру технологияларын, цифрлық технологияларды енгізу бойынша жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.


Татарстан президенті шетелдік әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда сауда-саттықтың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Казань қаласының маңындағы «Иннополис» инновациялық орталығында Қормен бірлесіп іске асырылатын жобалардың ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, ғылыми, жоғары технологиялық экожүйелерді құру, соның ішінде бизнес-модельді қалыптастыру, оның нәтижесі мен инвестиция тарту бойынша тәжірибе алмасу мәселесі сөз болды.
Кездесу соңында Ахметжан Есімов Татарстан президентіне жекешелендіру бағдарламасын таныстырды. Татарстан мұнай өндіру саласында дамыған елдердің бірі екенін айта кеткен жөн.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ 2015 жылы Үкімет қабылдаған кешенді жекешелендіру жоспарына қатысуда. Жоспарға енгізілген Қор тобы активтерінің 80%-дан астамы жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 15% қатысу үлесі 2018 жылдың қараша айында IPO-ға орналастырылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қордың 8 негізгі компаниясы, соның ішінде «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан Темір Жолы» және «Qazaq Air» компанияларының акцияларын орналастыру немесе стратегиялық сату жоспарланған.
11 шілде 2019 ж. 694 0