Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүркітші қыз

Бүркітші қыз


Халқымыз ұшқанда құстың қанаты талатын, жүгіргенде аңның тұяғы тозатын ұлы далада тек жан бағып, малдың күйін күйттеумен ғұмыр кешкен жоқ. Бабаларымыз ұлы дала елінен мінсең көлік, жесең тамақ, кисең киім болатын жануармен саятшылық құрып, аң аулауға бейім құс ұстап, дархан даладан қызықты да таба білді. Осы тұста бабалардан мирас болған қазақы құсбегілік өнері хақында, сондай-ақ, қазақтың қайсар қызы , шет елде туып өссе де ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосып жүрген Моңғолиялық қандасымыз, құсбегі Айшолпан Нұрғайыпқызының жетістіктері турасында аз-кем сөз етпекпіз.

Ұлтымыздың болмысын айқындап тұратын салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптардың осы күнге дейін жарасымды жалғасын тауып, ұмытылмай келе жатқаны Елбасының өз бағдарламаларында үнемі «біз аса бай рухани тарихы бар елміз» деп өткенді еске салып, болашақты назарға ұстауында болса керек. Тамыры тереңде жатқан тарихымызды жаңғырту мемлекет тарапынан да әрдайым қолдау тауып келеді. Бүркіт — қиядағыны көре білетін, ойыңды оқып, иесін тілсіз түсінетін текті құс. Аспан түстес туымызда қыран құстың бейнеленуі қазақ ұлтының адалдығы мен тазалығын айшықтап тұрғандай. Өздеріңізге белгілі бүгінде Моңғолиялық қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызының есімі ел аузында жүр. Елбасы «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бас­тамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деген болатын. Міне, сондай қазақтың атын әлемге танытып жүрген жанның бірі, бүркітші – Айшолпан. Алғаш бүркіт баптауды 8 жасынан бастаған жаужүрек қыз, 13 жасында 79 саятшы қатысқан жарыстан оқ бойы оза шығып, 5 секунд ішінде бүркітін қолына қондырып, рекорд жаңартқан.
Талдан таяқ жас бала,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды деп халық әнінде шырқалғандай, «қызылдығы өзіне жау» түлкіні алудан бөлек, Айшолпанның Аққанат атты бүркіті ара-тұра қасқырға да шабуыл жасайды екен. Төрт айда бір жасайтын құстың жасы төртте.
Он сегіз метр қиядан бүркіттің балапанын алып, жастайынан баптап, төзімділік танытып, тәрбиелеген қызының әрекетіне әкесі зор мақтанышпен ризашылығын білдіріп отыр. Бүгінде Айшолпанға Америкалықтардың қызығушылығы ерекше. Ол туралы жазушы Луиза Уэлш «The Eagle Huntress» атты кітап жазып жатса, құсының бабын білген қазақ қызы жайлы америкалық режиссер Отто Белл «The Eagle Huntress» атты деректі фильмін түсірді. Деректі фильм әлемнің 30 елінде көрсетіліп, «Оскар» сыйлығының шорт листіне (үміткерлердің қысқаша тізімі) дейін жетті. Сондай-ақ, фильмге австралиялық әнші Sia саунтрек жазды. Азияның өркендеуіне үлес қосқаны үшін тек таңдаулыларға табысталатын «Asia Game Changer» сыйлығы табыс етілді. Бұл сыйлықты бәріміз білетін Алиэкспресс интернет-дүкенінің негізін қалаушы Джек Ма да алған болатын. Әлем аралап жүрген саяхатшыларға Айшолпанның өмірі тарихи дәстүрін дәріптей отыра заманауи адам болудың мүмкін екендігін көрсеткендей. Айшолпанның әлемге әйгілігі сондай, жер бетіндегі 31 мемлекеттің туристері этникалық қазақтың ғұмыр кешу салтын көру үшін Баянөлгейге арнайы барған.
Атағы асқақтап тұрған Гарвард пен Окс­форд сынды оқу орындары грант ұсынып , оқуға шақырту алған Айшолпан болашақта мұхит асып, Америка елінде білім алуды жоспарлап отырғанын Forbes Kazakhstan сайтына берген сұқбатында айтып өтті. Өзі туып-өскен Моңғолия елінің президенті Халтмаагийн Баттулга 2018 жылы Айшолпанды «Алтын жұлдыз» орденімен марапаттады.
Қазірде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінде Айшолпан сіңлісі Сәйгүлік екеуі білім алуда. Өзге елде өзінің өмір салтын сақтай білген Айшолпанның ата-анасы әзірге Моңғолияда. Құсбегіліктен бөлек, спортты жанына жақын көретін Айшолпанға сан қырыңмен шоқтығың биік болып, талмай, самғай бер дегіміз келеді.

Назерке Мұхамедиярова.
20 сәуір 2019 ж. 1 484 0