Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Долларсыз дүние

Долларсыз дүние


«Бүгін доллар қанша екен?»...
 Кешегі жағдай тіпті басқаша еді. Күн сайын амандық-саулықтан кейін доллардың бағамын сұрау қалыптасқан дәстүр болатын. Тіпті екі адамның басы қосылса да әңгіме ауаны долларға келіп тірелетін. Тіпті базардағы сатушы бағаны қолдан қымбаттатып, көк қағаздың қатысы болсын, болмасын, себебін доллардан көретін. Доллар қымбаттаса, бәрі қымбаттайды деген түсінік санасында қатып қалған қазақтың жан амандығынан соң доллар жайын сұрайтыны сол. Доллардың күн санап қымбаттауы, теңгенің құнсыздануы елді долларға қызықтырды, доллар жинауды армандап, доллар сатып баюды мақсат еткендер де аз болған жоқ...
 Бүгінде елдің көк қағазға деген көңілі суи бастады. Талайлы тағдырды бастан өткеріп, тіпті кейбіреулер онымен қош айтысуды да болжаған теңге бүгінде дін аман, тіпті күшейіп келеді. Шынында да 2016 жылдың тамызында қайтып тұрмастай құлдыраған теңгенің халі мүшкіл болатын.  Талай белестерден өтіп келе жатқан теңгенің болашағын жарқын ету әрбіріміздің санамыздағы долларға тәуелділіктен құтылудан басталса керек.
Тіпті, экономист-ғалымдардың пікіріне сүйенсек, теңге бағамын қай кезде де қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылу қажет екен. Шынында ел экономикасын долларсыздану процесі басталған-ақ  ешкімнің долларды ойлап, басы ауырмайтын болды. Себебі, елімізде бағаны доллармен көрсетуге тыйым салған электронды сауда ережесі қабылданғаннан кейін жылжымайтын мүлік бағасы бірден 10-15 пайызға төмендеді. Ең бастысы, елде үй алатындар да, үй сататындар да, көлік мінгісі келгендер де бағасын доллардан теңгеге шағып, жиған ақшасының тілеуін тілеп, доллар өсіп кетпесе екен де безек қақпайды. Долларсыз-ақ  талай қазақ үй сатып, баспана алып жатыр.  Теңге де бұрынғыдай жалтақ емес, экономика әлемінде өз қиындығын өзі көріп, өзі алға қарай ұмтылып келеді.
Мамандар пікірінше, ақшаның құнсызданғанынан қорықпау керек. Себебі құнсыздану отандық өндірістің, оның ішінде ұсақ өнеркәсіптің дамуына жол ашады екен. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенер болсақ, шағын өнеркәсіпті өркендету сол елдің тұрақты дамуының кепілі болмақ. Мұны мамандар шағын өнеркәсіптің дағдарыс желінен соншалықты зардап шекпейтіндігімен түсіндіреді.
Теңгенің күнін долларға қаратпау саясатына байланысты Елбасы былай деген болатын: «Ойланайықшы, егер де біз теңгенің бағасын Ұлттық қордың есебінен тұрақтандыра беретін болсақ, не болатын еді?! Бұл дегеніңіз мемлекет пен халқының қазіргі жағдайдан әлдеқайда кедейлене түсуіне алып келетін еді... Бізге елде теңгенің айналымын күшейте түскен маңызды. Біз теңгеге Қазақстанда өмір сүреміз. Біз теңгеде төлемдер жүргізіп, барлық затты теңгемен сатып аламыз»...
Кешегі жазда еліміздің Ұлттық экономика министрі елімізде долларсыздану процесі сәтті өткенін атап айтқаны теңгенің мерейін өсіре түскендей. «Ең бірінші өзіміздің өндірісті өсірдік. Ең бастысы, өнім құнын теңгемен есептеп отырған кәсіпкерлердің арқасында долларсыздану іске асты. Атап айтқанда, барлық ірі заттарды, автокөлікті, пәтерді және басқа да заттарды теңгемен өлшеп жатырмыз» дейді экономика министрі. Ал, «Капитал» басылымы ұлттық валютамен депозитке ақша жинайтын қазақстандықтардың саны соңғы жылдары еселеп өсіп келе жатқанын жазыпты.


«Өскен өңір» ақпарат
05 желтоқсан 2018 ж. 892 0