Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Араб шейхтары ШҚО-да бекіре өсіріп, күркетауық етін өндірмекші

Араб шейхтары ШҚО-да бекіре өсіріп, күркетауық етін өндірмекші

ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданында бекіре өсіріліп, күркетауық фермасы салынуы мүмкін. Ол үшін БАӘ инвесторлары 50 млн АҚШ долларын құюға дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуге Біріккен Араб Әмірліктері шейхінің ресейлік өкілдері келді. Оларды ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қабылдады. «BITONFLY» компаниясының менеджері Максим Лавровтың айтуынша, Ресей мен БАӘ арасындағы бірлескен кәсіпорын Қазақстанға бірінші рет инвестиция салмақшы. Өндіріске жер телімі Бородулиха ауданынан берілмек.
«БАӘ тарабы екі жобаға 50 млн АҚШ долларын құюға дайын. Құрылысқа жауапты қосалқы мердігер анықталды. Қазақстан тарапымен инвестициялық келісімшарт жасалып, Ұлттық банкте тіркелді. Енді осындағы құжат жұмыстарын реттеуге көмектессеңіздер» - деді Масим Лавров. Бекірені тоқтау суда өсіру үшін еуропалық технология пайдаланылмақ. Жоба толық қуатына енгенде жылына 500 тонна бекіре сүбесін өндіретін болады. Ал күркетауық фермасы жылына 8,2 мың тонна құс етін шығармақ. Құжат жұмыстары ретке келген жағдайда инвесторлар бірден іске кіріспекші.
«Қара суық түскенше жұмысты нөлдік деңгейге жеткізуіміз керек. Ол үшін жер телімі орналасқан аумақтың геодезиясымен танысып үлгеруіміз қажет» -дейді компанияның менеджері.
Әсем Нүсіпова бұл жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап, бірлескен іс-шаралардың жол картасын дайындауды ұсынды.
«Бекірені тоқтау суда өсіру біз үшін таңсық емес. Бұл тұрғыда сіздерге әдістемелік көмек те көрсете аламыз. Ал күркетауық еті бұған дейін бізде өндіріліп көрмеген. Компанияның өкілдігі Семей қаласында тіркеліпті. Бұл қосымша салық түсімі деген сөз. Оның үстіне 150 адамды жұмыспен қамтығалы отырсыздар. Қазақстандағы алғашқы инвестициялық жобалырыңызды біздің өңірде жүзеге асырып бастағандарыңызға қуаныштымыз» -деді әкімнің орынбасары. 
Компания өкілдерінің айтуынша, қос өндіріс ошағы да негізінен БАӘ нарығына жұмыс істемек. Яғни, барлық желі «халал» стандарт бойынша жұмыс жасайтын болады.  
inform.kz
25 шілде 2018 ж. 1 399 0