Өңдеу өнеркәсібі – өркендеу өзегі
Қызылорда облысында 2017 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 773,2 млрд теңгені құрады, бұл 2016 жылғы деңгейден 4,3%-ға төмен. Бұл кен орындарының табиғи сарқылу салдарынан мұнай өнімі көлемінің азаюымен байланысты. 2017 жылы барлығы 6,8 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 855 мың тоннаға төмен.
Осыған байланысты, 2017 жылға маңызды міндет ретінде аймақ экономикасының құрылымын өзгертуге бағытталған, бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістердің дамуына аса мән беретін өңдеуші сектордың қарқынды дамуы айқындалды.
Бұл ретте, өңірдің мұнай және уран өндірісіне тәуелділігін ескере отырып, минералды шикізат базасын одан әрі дамыту және жаңа кен орындарын игеру бойынша жұмыстар жалғастырылды.
Облыстың минералды шикізат әлеуетін дамыту мақсатында 2017 жылы 17 жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалану құқығы табысталды, оның ішінде: барлауға – 10, өндіруге – 7.
Келісім-шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша 20 қосымша келісімге қол қойылды. Осылайша, «Аралтұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 2018 жылы 25%-ға, ал 2019 жылдан бастап 2 есеге, «KazChinnur» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қиыршық тас өндірісі көлемін 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Орталық уәкілетті органдармен жүргізген жұмыстардың нәтижесінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акцио¬нерлік қоғамына «Құмкөл», «Майбұлақ» және «Арысқұм» кен орындарындағы көмірсутекті шикізатты жер қойнауын пайдалануға арналған 3 келісім шарттың мерзімі ұзартылды, сонымен қатар «Қарабұлақ» кен орнында көмірсутекті шикізатты өндіруге жаңа келісім-шарт жасалды.
«Кристалл Менеджмент» акционерлік қоғамы Оңтүстік Торғай ойпатының мұнай жер қойнауы учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде, оған 8,5 млрд теңге инвестиция салынды. Геологиялық барлау жұмыстары 2018 жылы да жалғасатын болады.
Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жалпы құны 610 млрд. теңгені құрайтын, 6,3 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған 25 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Кәсіпкерлікті қолдаудың Өңірлік картасы аясында 2017 жылы Арал ауданында жалпы құны 280 млн теңгені құрайтын 2 жоба – қаптама кірпіш және асфальтбетон зауыты іске қосылды және 62 жаңа жұмыс орны құрылды.
Облыстағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Шыны зауытына шыны өндіру саласында тәжірибесі мол қытайлық «Чайна Триумф» компаниясының жаңа мердігер ретінде тартылуы нәтижесінде құрылыс жұмыстары қайта жаңғырды. Шыны саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы жобаның ІІ кезеңін – аса жұқа және мөлдір шыны өндіру зауытының құрылысы жобасын ағымдағы жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Мұндай зауыт Қазақстандағы және ТМД елдерінің аумағындағы жалғыз зауыт болады.
«Баласауысқандық» ванадий кен орнынан 128,5 тонна метаванадат аммоний Ұлыбританияға экспортталды.
Тек соңғы жылдың өзінде Индустрияландыру картасындағы жобалармен экспортқа шығарылған өнім көлемі 28%-ға, 2017 жылдың 11 айындағы шикізаттық емес экспорт көлемінің құндық өсімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 59,9%-ға ұлғайды.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игеру және тампонажды цемент зауытының құрылыс жұмыстары жалғасып, 2017 жылы бұл жобалар бойынша 22 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды.
Сонымен қатар, Арал қаласындағы кальцийлендірілген сода өндірісі зауытының құрылысы жобасын жүзеге асыру үшін қытайлық «Хайси Дэшен» трансұлттық компаниясы тартылды, біріккен кәсіпорын құрылды. 2018 жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2017 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 109,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға жоғары.
2017 жылы облысқа 241,5 млрд теңге инвестиция тартылса, оның ішінде 22,6 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі.
2017 жылы өңірге инвестициялар тарту мақсатында 13 роуд-шоу ұйымдастырылды, оның ішінде шет елдерге 5 жұмыс сапары (Иран, Өзбекстан*2, Жапония, Ресей) және шетелдерден (Иран, Жапония, Түркия, Нидерланды, Швеция, Финляндия, Татарстан және 12 елдің дипломатиялық корпусы) 8 іссапар болды.
Қол қойылған меморандумдардың нәтижесінде қазіргі уақытта Түркияның «Yuldiz SSS» компаниясымен бірлесіп 2 жобаны жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, олар «Қуаттылығы 138 МВт газ поршеньді электр станциясы құрылысы» және «Керамикалық өнім шығаратын зауыт құрылысы» жобалары.
Сонымен бірге, Иран Ислам Республикасымен ынты¬мақтастық туралы 8 меморандумға қол қойылып, нәти¬же¬сінде Иранға ет, күріш өнімдерін экспорттау жолға қойылды.
Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында 2017 жылдың маусым айында «Байқоңырда бизнес дамуы мүмкін бе?» тақырыбында ІІ Халықаралық интернет-форум өткізілді. Оған Ресей, Қытай, Израиль, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Финляндия, Дания және Әзірбайжан сияқты 9 елден 20 халықаралық компания өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында кезекті IX «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумы өтті. Форумға Иран, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Польша және Оңтүстік Корея елдерінен өкілдер қатысып, нәтижесінде өзара қарым қатынас туралы 23 меморандум мен келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, түркиялық тараппен - 2, Өзбекстан – 3, Қытай – 3, Иран – 2, Польша – 1, Ресей – 3.
2017 жылы инвестициялық преференциялар алу мақ¬сатында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетімен салық және баж салығынан босатылатын, шетелдік жұмыс күшін тартуды қарастыратын 3 жаңа инвестициялық келісімге («Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «ҚазАгроМир» ЖШС, «Балауса процессинг компани» ЖШС) және 1 қосымша келісімге («Orda glass ltd») қол қойылды.