Ер адам контейнерден үй салып, 30 градус аязда да сонда қыстап шықты
Бүгінгі күні контейнерлерден жасалған үйлермен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Себебі, олардан тіпті қонақ үй де салып жатқандар бар. Мұндай нысандарды әдетте бөлмені жылытудың қажеті жоқ жылы елдерде кездестіруге болады. Бірақ 32 жастағы Джозеф Дюпуи заңдылықты бұзып, өз отаны Канадада контейнерлерден үй тұрғызды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Ер адам тіпті, қақаған қыста минус 30 градустан асатын аязда да контейнерден жасалған үйінде тұратынын айтты. Джозеф әрқайсысы үш мың доллар тұратын үш жүк контейнерін сатып алып, орманда шағын үй тұрғызды. Ол бұл үйді белгілі бір мақсатмен салған екен. Өйткені, канадалық жігіт таусылмайтын энергия туралы ғылыми жұмыс жазып жүр. Сондықтан ол күн батареялары үйді жылыту үшін жеткілікті қуат шығара ала ма, соны өзі тексеріп көрмекші болды. Оның тәжірибесіне сүйенсек, күн батареялары үйді жылыту үшін жеткілікті қуат шығара алады екен. Ер адам контейнерден жасалған үйіне шатырдағы күн батареяларына қосылған арнайы жылыту және салқындату жүйесін орнатты. Жазда контейнерлер табадағы жұмыртқа секілді қызып кететін көрінеді. Оның айтуынша, ол қысты өзінің жаңа үйінде қарсы алған. Тіпті, сынап бағанасы 30 градустан төмен түссе де Джозеф өзін жайлы сезінген. Ол үйді жабдықтау үшін шамамен бір айға жуық, тәулігіне 14 сағаттан жұмыс істеді. Бірақ қазір үйдің ішіне қарап, оны қолмен жиналған баспана деп ешкім айта алмайды. Дюпуи жаңа үйіне жылытылған едендер мен пеш орнатып, енді қабырғаны бояуды жоспарлап отыр. Тапқыр жігіт жылыту үшін де ақы төлеудің қажеті жоқ деп қуануда.Stan.kz