Франция парламенті эвтаназия туралы заңды қабылдады
Франция парламенті бірнеше айға созылған қызу пікірталастардан кейін эвтаназияға, яғни медициналық жолмен өмірден өз еркімен кетуге рұқсат беретін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.Заңға сәйкес, эвтаназияға өміріне қауіп төндіретін, емделмейтін ауыр дерттің соңғы сатысында болған немесе адам төзгісіз физикалық-психологиялық азап шеккен Франция азаматтары ғана жүгіне алады. Құжатқа сәйкес, пациенттің өтініші алдымен жауапты дәрігердің қарауына беріледі. Шешім қабылдар алдында дәрігер тиісті маман мен науқасты жақсы білетін медицина қызметкерінің қорытындысын алуы қажет. Қажет болған жағдайда басқа дәрігерлердің, психологтың және пациенттің сенімді өкілінің пікірі де ескеріледі.
Дәрігер өтініш бойынша 15 күн ішінде шешім қабылдайды. Егер өтініш мақұлданса, пациентке өз шешімін қайта қарау үшін 2 күн уақыт беріледі.
Заң жобасы бойынша препаратты науқастың өзі қабылдауы тиіс. Алайда денсаулық жағдайына байланысты мұны өзі жасай алмайтын науқастарға дәрігер немесе медбике көмектесе алады. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне эвтаназия рәсіміне қатысудан ар-ождан себептерімен бас тарту құқығы беріледі. Бірақ олар пациентті рәсімді жүргізуге келісетін басқа маманға бағыттауға міндетті.
292 дауыс қолдап, 241 дауыс қарсылығымен қабылданған заң жобасы француз қоғамында түрлі пікір туғызды. Құжатқа қарсы саясаткерлер мен медицина саласының өкілдері Конституциялық кеңесте заң нормаларын қайта қарауды талап етпек.
Осы заң қабылданғаннан кейін Франция эвтаназияны заңдастырған мемлекеттердің қатарына қосылды. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе әртүрлі талаптар мен рәсімдер бойынша әлемнің 11 елінде қолданылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізде ағза транспланциялауды қажет ететін пациенттер саны азаймай тұрғандығын мәлімдеген болатын. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта күту тізімінде 4 600-ден астам адам, оның ішінде 119 бала бар.







