Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЕРЕКШЕ МЕКТЕПТЕР

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЕРЕКШЕ МЕКТЕПТЕР


Сыныптар орнына кабинеттер, мұғалімдер орнына кураторлар және де 3D өлшеммен жабдықталған сабақтар мен жекелеген гаджеттер. Әлем жаңалықтарымен қатар жүзіп, заман ағымына қарай өзгеріс енгізіп келе жатқан мектептер тізімі жасалды.
1. Summit Sierra мектебі (Сиэттл, АҚШ)

Ерекшелігі: Жекеленген тәсіл
Бұл ақылы мектеп ашылғалы ұзақ уақыт болған жоқ, 2015 жылы бой көтерді. Жетістік құпиясы қарапайым: әр оқушыға жекеленген әдіс және жаңа технология. Summit Sierra оқушылары өз оқуын өздері ұйымдастырады. Балалар әр күні жарты сағат кітап оқиды, жарты сағат есеп шығарады. Онлайн-курстарға қатысады. Мұғалімдермен болашағы, алға қойған жоспары, таңдайтын мамандығы туралы сөйлесіп, кеңес сұрайды. Мұның барлығы бала өзіне деген сенімділігін, жауапкершілігін сезінуіне сеп болады. Америкалық кәсіпкер Билл Гейтс те бұл білім жүйесінің болашағына кәміл сенеді.
2. Оrestad Гимназиясы (Копенгаген, Дания)

Ерекшелігі: Қабырғасы жоқ мектептер
Сырт қарағанда мектеп үлкен шыны текшені елестетеді. Гимназияның басты профилі – медиа, массалық қарым-қатынас және қазіргі заманға сай мәдениет. Мұнда тек болашақ мамандығын сеніммен таңдаған жоғары сыныптар ғана оқиды, сол бағытқа қатысты машықтарды игереді. Ашық алаң арқасында мектеп оқушылары бір-бірімен жиірек араласып, көбірек серіктестік құра алады. «Біз шәкірттеріміздің зерттеуді бірлесе жүргізіп, маңызды мәселелерді бірге шешкенін қалаймыз. Білім берумен шектелу жарамайды, алған білімін тәжірибеде іске асыруы өте маңызды»,– деп сеніммен сөйлейді мектеп басшысы. Орта есеппен, оқу күні таңертеңгі сағат 8-де басталып, түскі 15:40-та аяқталады. Міндетті пәндерге: дат, ағылшын және екінші шет тілі (француз, испан, неміс, қытай – қалауы бойынша), физика, математика, тарих, дін, өнер, дене тәрбиесі, қоғамтану, биология, химия. Одан өзге болашақ мамандығына байланысты үш пән таңдауға болады. Кей пәнді мектепте емес, онлайн түрде оқуға болады.
3. Big Picture Learning (АҚШ)

Ерекшелігі: Тәжірибелік машыққа үйретеді
Бұл мектепте жұмыс пен оқу арасында ешқандай шек жоқ. Оқу үдерісі айрықша модельге құрылған: әр топта 15 оқушы болады, оларды кеңес деп атайды. Әр кеңестің кураторы бар, онымен сабақ барысын ғана емес, болашақ мамандыққа қатысты кез келген сұрақты талқылауға болады. Әр оқушы іс тәжірибесінен өтеді. Big Picture Learning алғашқы мектебі 1995 жылы ашылды. Содан бері жоба ретінде Билл Гейтс қорынан грант алып, осы жүйе бойынша АҚШ, Аустралия, Канада, Нидерланд және Италияда 65 мектеп ашылды.
4. Egalia (Стокгольм, Швеция)

Ерекшелігі: Мектепте гендер жоқ
Мектеп ұраны: «Құрмет. Жауапкершілік. Кәсібилік». Мұнда әр оқушы өзін қауіпсіз сезінеді әрі оқу мен дамуға деген құлшынысы зор. Egalia оқу жүйесі жынысына, ұлтына, дініне қарамастан мұғалімдер мен оұушылар арасындағы тең құқықтыққа құрылған. Мектепте балаларды «ұл», «қыз» деп бөлмейді, барлығын есімімен атайды. Осылай балалар стереотиптерден, бір-бірін әрекетіне қарап бағалаудан арылады.
5. AltSchool (Сан-Франциско, АҚШ)

Ерекшелігі: «Кремний алабы» мектебі
Алғашқы AltSchool 2013 жылы Сан-Францискода ашылды, мұнда 4-14 жас аралығындағы балалар оқиды. Google компаниясының бұрынғы қызметкері Макс Вентилья негізін қалады. Оның оқыту жүйесі де өзгелерден өзгешеленеді. Мұнда қалыптасып қалған тесттер жоқ, балалар терең де тез ойлануға дағдыланады. Сонда әлемнің түрлі өзгерісін жеңіл қабылдайды. Сабақта балалар 3D модельдеумен айналысады, дәптер орнына планшет қолданады, тәжірибеде маңызды мәселелерді шешуді үйренеді.
6. Sra Pou Vocational School (Камбоджа)

Ерекшелігі: Бұл мектепте балалармен қатар ересектер де оқиды
Мектеп 2011 жылы фин архитекторларының жобасы бойынша құрылды. Құрылысшылар тұрғындармен қоян қолтық жұмыс істеді. мұнда балалар да, ересектер де кәсіпкерліктің негізін меңгеріп, өз бизнесін құруды игереді. Жергілікті тұрғындар үшін Sra Pou Vocational School – тәуелсіздікке жету сатысы.
7. P-Tech High School (Бруклин, Нью-Йорк, АҚШ)

Ерекшелігі: Колледждің орнын басатын мектеп
P-Tech жоғары мектеп жүйесін өзгертеді. Төртжылдық бағдарлама орнына мұнда алтыжылдық жүйе қолданылады. Алты жыл бойы балалар STEM (Science — жаратылыстану ғылымы, Technology — технология, Engineering — инженерлік іс, Mathematics — математика), яғни Инженерлік технология бойынша білім алады. Бесінші, алтыншы сыныпта оқушылар мұғалімдерімен бірге New York City College of Technology өтеді. Бағдарламаны аяқтаған соң, жасөспірім 16 жасында алғашқы дипломын алып, колледж түлегі атағына ие болады.
8. Steve Jobs School (Амстердам, Голландия)

Ерекшелігі: Басқаша ойлауға үйрететін мектеп
Стив Джобс атындағы мектепте әр бала қызығушылығы мен қабілетіне байланысты Жеке оқу жоспарын белгілейді. Жай ғана таңдап қоймай, айпадтағы арнайы бағдарлама бойынша жасайды. Мектепте 4-12-сынып аралығындағы барлық балаға iPad беріледі. Әр алты аптаға белгіленген бағдарламаға оқушының өзі, мұғалімі не ата-анасы өзгеріс енгізе алады. Оның ыңғайлы тұсы – өзіңе қолайлы қалыпта, өзіңді өзгелермен салыстырмай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
9. Brightworks School (Сан-Франциско, Калифорния, АҚШ)

Ерекшелігі: Қалағаныңды істеуге болатын мектеп
Мұнда басқа жерде ата-аналар тыйым салатын әрекеттерді істеуге болады. Ластауға, отпен ойнауға, үтікті, кір жуатын машинаны бөлшектеп тастауға, жиһаздар мен қабырғаларға сурет салуға болады. Шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндік қарастырылған: мектеп қоймалық аумақта орналасқан, өзің театр не қамал тұрғызуға болады. «Әлемге қиындықтарды қызықты бас қатыру деп қабылдайтын, қоршаған ортаны өзгертуге бейім жандар қажет»,– дейді мектеп негізін қалаушылар.
10. Carpe Diem School (Айкен, Оңтүстік Каролина, АҚШ)

Ерекшелігі: Сыныпты кеңсе кабинеттеріне айналдырған мектеп
«Әр оқушы әртүрлі, – дейді мектептің бас директоры Роберт Соммерс. — Бірақ әрқайсысын мектептен кейінгі үлкен өмірге дайындауымыз керек». Дәл осы себепті мектеп сыныптары кеңсе кабинетіне ұқсас жасалған. Мұнда компьютермен және оқушыға қажетті барлық құралмен жабдықталған 300 шағын кабинет бар. Carpe Diem оқушылары төрт жыл қатарынан Аризон тестінен үздік нәтиже көрсеткен. Американың басқа мектептеріндегі қатарластарына қарағанда үш есе жақсы оқиды.
massaget.kz
30 сәуір 2018 ж. 1 520 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031