Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМГЕ ШЫҚТЫ ӘМІРЕ

ӘЛЕМГЕ ШЫҚТЫ ӘМІРЕ


Көпшілік асыға күткен «Әміре» де көрерменіне жол тартты. Еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастаған бұл фильм төңірегінде айтылар пікір аз болмайтын секілді. Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа ғұмырын баяндайды. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың Dar Play компаниясы бірігіп түсірген. Режиссері – Джефф Веспа. Сценарийді Бенжамин А.Ван дер Вин жазды.
Бұған дейін америкалық ре­жис­сердің түсірілімі қалай болар екен деген дүдәмал болғаны рас. Тіп­ті қазақы бояуды қанып ішпе­ген америкалықтың фильмді тү­сі­ру тізгінін қолына алғанына рен­­жігендер де бар. «Ұлт тұлғасын өз деңгейінде түсіре ала ма, жоқ па» деген күдік басым болды. Кү­дік­тенетіндей де жөніміз бар. Сце­нарий авторы да, режиссер де – мұхит асып келгендер. «Онсыз­да тағ­дырдан көп теперіш көрген жан­ның өмірін фильм арқылы сау­даға саламыз ба» деп қорық­қанымыз да бар.
Жұбаныш – фильмнің кеңес­шісі Жарқын Шәкәрімнің болуы. Әмі­ре тақырыбын өмір бойы қау­зап келе жатқан домбырашы-күй­шіні фильмге тегін кеңесші етіп таң­дамаған секілді. Әрі сценарий­ге негіз болған – музыка зерттеу­ші­сінің «Амре в Париже» кітабы.
Латвия, Лос-Анджелес қала­ла­рында түсірілген фильмнің соң­­ғы түсіру жұмыстары Алматы об­­лысы Үшқоңыр ауылының маңын­да жүргізілді. Әнші Әміре рө­лінде – Санжар Мәдиев ойна­с­а, Мұстафа Шоқайды бейнелеу Еркебұлан Дайыровқа бұйырып­ты. Бұған дейін Кенесарының («Ама­нат»), рөлінде көрінген (түр­лі жанрдағы фильмдердегі рөл­дерін айтпағанның өзінде) Сан­жарды Әміре бейнесінде қа­былдау – әрине, тосын болғаны рас. Өйткені оның бұған дейінгі рөлдері сәнқой, сырбаз, нәзіктеу жаратылыс иесі ретінде танытқан еді. Ал қазақ ұғымында Әміре Қа­шаубаев – нағыз дала перзенті. Әні мен сәні келіскен дара бейне. Ерек­ше дауыс иесі. Париж там­сан­ған талант. Еуропаны әнімен дүр сілкінткен жанның характерін көрсету – кез келгенге де оңай ти­месі анық. Санжар-Әміре бей­несі солғындау шыққаны да сон­дықтан болар. Дегенмен Мә­дие­втің Қашаубаевты өз дең­гейін­де алып шығуға тырысқаны байқ­алады. Есесіне, Мұстафа-Ер­кебұлан образы – сөз жоқ, ғажап. Ту­ған жерге деген сағыныш, Әмі­ре­нің әніне сүйсіну, жат жерде жүр­се де, болмыс-бітімімен қа­зақ­­ты сүйген ұлдың келбетін Ер­кебұлан Дайыров жоғары дең­гейде көрсете білген. Әттеген-ай дес­тік, Әзиз Бейшеналиевтің ор­­ны­на Еркебұлан Дайыров ой­на­­ғанда, Нарымбетовтің «Мұс­та­фасы» бұдан әлдеқайда биік шы­ғар ма еді, кім білсін?!
«Әміре» – жып-жинақы, ар­тық-ауыс дүниесі жоқ, әлем қы­зы­­­ға тамашалайтын фильм. Джеф­ф Веспа экшн жанрында озық туынды жасап шығаруға ты­рыс­қан. Әміре Қашаубаевтың бү­кіл өмірін сөз етпесе де, фильм­ге арқау болған дүние – Париж са­пары. Әйгілі – EXPO! 1925 жыл­ғы Париж сахнасындағы ұлы өнер. Қазақтың домбырасының үні шарықтаған ғажайып сәт. Ре­жиссер осы бір көріністі фильміне не­гіз етіп алған. Фильм түсірерден бұ­рын Джефф Веспа Алматыға ар­найы келіп, музыка зерттеушісі Жар­қын Шәкәрімге жолығып, Әміре тақырыбын біраз қаузаса ке­рек. Әрі режиссердің «Әміре Қа­шау­баевтай өнер иесін таптым, оның әншілік өнеріне тәнті бол­дым» деуінің сыры – осында. Сон­дықтан, әуелі «Әміре» фильмі ту­ралы Жарқын Шәкәрімнің пі­кірін білгіміз келді.
Фильм тарихи шындықтан ауытқымаған
– Әміре атамыз туралы жазып бас­­тағаныма қырық жылдай уа­қыт болыпты, – деп бастады Жар­қын аға әңгімесін. – Әншінің жү­ріп өткен жолына, шығар­ма­шы­лығына үңілмеген кезім жоқ. Сол себепті, Әміре тақырыбына жүре­гім ауырмай, селт етпей қа­рай алмаймын. «Әміре» фильмі тура­лы айтар болсам, мұның ұна­ған екі тұсы бар. Біріншіден, біз әнші өмірін сөз еткенде, «1925 жы­лы Париж сахнасында ән айт­қан» дегеннен ары аса алмаймыз. Бү­кіл халық осылай деп біледі. Сол сапардың бүге-шүгесіне дейін көрсеткен дүние болған емес. Ол мына фильмде көрініс тауып отыр. Әміре туралы Сап­ар­ғали Бе­галин, Серке Қожамқұлов, Сәкен Сей­фуллин, Әлкей Марғұ­лан – бәрі жазды. Кейбірін өз құлағым­мен де естідім. Бірақ сол конкурс­тың бас-аяғын көрсетіп, суретте­ген туынды болған жоқ. Ол әнді қа­лай айтты? Қандай көңілде болды? Әрі оның дүниежүзінің қан­дай мықты артистерімен бірге сайысқа түскенін кинотуынды айшықтап тұр. Кіл мықтылардың ортасын бұза жарып, алғашқы орынға шығуы, талайды тамсан­дыр­ған, таңқалдырған сәйгүлік­тер­дің арасынан оза шабуы – фи­льмде әдемі көрініс тауып тұр. Фильмнің бастан-аяқ желісі – Па­риж сапары. Екіншіден, та­рихи шындыққа сай келіп тұр. Париждегі концерт туралы шы­найы бейнелеуге тырысқан. Әри­не, Парижде француз қызының жо­лығуы туралы сыни пікірлер ай­тылып та жатқан болар. Ол – ре­жиссердің көркемдік шешімі. Жал­пы алғанда, Қашаубаев өне­рі­не француз жұртшылығы ғана, әлем назарын аударғаны рас. Те­нор дауысты әншінің үніне сүй­сініп, қызықпаған жан болма­ған.
– «Әміре» фильмінің ұлттық бояуы қанық емес. Ұлттық фильм емес, ұлт тұлғасы туралы экшн тү­сір­­ген» деген пікірлерге қалай қа­­рай­сыз? 
– Фильмге қойылатын ең бас­ты талап – тарихи шындық. Осы тұрғыдан келгенде, «Әміре» тари­хи деректерден алыстай қоймаған. Джорж Гершвин екеуінің достығы туралы айтылады. Ол – рас дүние. Оны Әміре туралы жазылған, ай­тылған естеліктерден де табуға бо­лады. Мұның бәрі кинода көрі­ніс тапқан. Ал Әміренің имп­ро­ви­заторлық қасиеті туралы Са­пар­ғали Бегалиннің жазып кет­кені бар. Сапарғали аға: «Әміре татаршаны да, орысшаны да, ке­рек десеңіз, частушканы да айта беретін. Домбыраны сұмдық шер­тетін болған» деп жазады. Мәс­кеуден шығар кезінде Мұс­тафа Шоқайға қатысты ескерту жа­салғаны да, Парижде онымен кез­дескені де рас. Режиссердің ой­лаған мақсаты – конкурсты көр­сету. Әрі сол мақсатынан шы­ға білген. 2016 жылы режиссер ме­ні арнайы іздеп келді. Әміре ту­ралы жан-жақты түсіндіріп бер­дім. Оның қандай әнші болғанын, тағ­дырдан көп теперіш көргенін баяндадым. Әміренің қаншалық­ты қиындық көргенін, оның өмірі азаппен өткенін айтып бердім. Ре­жиссер Әміренің тағдырын көр­сетуге тырысқан. Әміреге Мәс­кеуге шақырғаны туралы Лу­н­ачарскийдің хатын әкеліп бер­ген – Жұмат Шанин. Одан ары қа­рай Франциядағы жағдай, Әмі­ренің орындауындағы әндер – толығымен өзім баяндап берген дүниелер. Ал пікір алуандығына кел­сек, ол да дұрыс. Әркім өз көз­қа­ра­сын білдіруге тырысады. Ұна­­ғанын да, ұнамағанын да айту­­ға құқылы.
– Әміредей тұлғаны Джефф Вес­паның түсіргені көңілімізді алаң­датқан шығар. Өз режиссері­міз­дің бірі түсіргенде, Әміре бей­несі мүлдем басқаша өрілуі мүм­кін еді ғой. Солай емес пе?
– Шынын айтқанда, кім тү­сір­се де, қалай түсірсе де, қазақ­тың тұлғасын дәріптеп отыр. Фи­­льмде Әміре америкалық не­ме­се француздық болмысты көр­­­сетіп тұрған жоқ. Нағыз қа­зақтың Қашаубаевы. Әрі бұл фильмге қыруар қаржы жұмсал­ды. Оны жекеменшік компания шы­ғарып отыр. Ондағы мақсат – ұлттың ұлы тұлғасын әлемге таныту. Париж сахнасында – қазақтың әні. «Балқадиша», «Дудар-ай» – Әміре шырқаған әндер. Біле біл­сеңіз, мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетіс­тігіміз. Әйтпесе, Әміре тағдыры кинотуындыға айналар ма еді?! Бұл фильмді біз ұзақ аңсадық. ХХ ғасырдың басындағы корифейлер аңсаған дүние бұл. Әміре тағ­ды­ры қаншама жыл айтылмай кел­ді, зерт­телмей қалды. Ән ата­сы Әміре 1926 жылдан бастап, сол кез­­д­егі астанамыз – Қызылорда қа­­ласында шаңырақ көтерген ұлт теат­рының директоры Дінше Әді­ловтің қолымен берілген бұйрық бойынша осы театрдың бірінші артисі болып, жұмысқа қабылда­на­ды. 1934 жылы 6 қараша күні Ал­маты қаласында дүниеден өтті. Кезінде Темірбек Жүргенов театр ауласында Әміреге ескерткіш қою туралы бұйрық береді. Түрлі се­беп­терге байланысты әншінің мүс­іні қойылған жоқ. Одан кейін де ескерткіш-мүсін орнату туралы әрекет жасалды. Бұл – 1974 жыл бо­латын. Ескерткіш-мүсіннің ав­торы – Татьяна Андрющенко еді. Өкініштісі – ол ескерткіш де ор­на­тылмады. Сондықтан елу жыл­дан астам аты-жөнін айтуға қо­рық­қан тұлғамыз өмірге кино­туын­ды болып, қайта оралып жат­са, неге қуанбасқа?!
– Санжар-Әміре бейнесін қа­лай қабылдадыңыз?
– Санжар Мәдиев өз рөлін жо­ғары деңгейде алып шықты. О баста Санжарды басты рөлге таң­дауының өз себебі бар. Фильм Лос-Анджелесте түсірілді. Оған ағыл­шын тілін білетін актер бекі­тілуі тиіс болды. Санжар – ағыл­шын, орыс, қазақ тілін жетік мең­­­­герген жігіт. Актердің маң­дайы жазық. Әміренің де маңдайы жа­­зық кісі. Келбеті ұқсамаса, ре­­жис­сер таңдамас еді. Әміренің ән­­дерін Сержан Мұсайын шебер орын­дап шыққан. Әміренің де, Сер­жанның да дауысы – драма­лық тенор. Сол үшін бір-біріне сәй­­кесіп тұр. Режиссердің кере­мет­тігі – «Балқадиша» әні орын­далған кезде симфониялық ор­кестр қосылып кетеді. Нағыз қа­зақтың сары даласын көрсетеді. Бір-бірімен астасып жатыр. Музыканы керемет көркемдейді екен. 2016 жылы «Амре в Париже» кітабын шығардым. Сол кітаптың демеушісі – Әлидар Өтемұратов. Кітап жарыққа шыққаннан кейін үш күн ішінде таралып кетті. Әлидар өте білімді, ақылды жігіт екен. Әнші Әміренің өмірін оқып, танысып, «кино түсірсем» деп қызығып, өз мақсатына жетті. Әміредей тұлғаны жарыққа шығарғаны үшін алғысымды айтамын. Әлі де талай қазақтың тұлғалары туралы фильм түсіреміз деп отыр. Ниетіне жетсін! Әміре туралы фильм түсіруге тапсырыс берген Мәдениет және спорт министрлігіне, министр Арыс­тан­бек Мұхамедиұлына да риза­шылығым шексіз. Әміре – хал­қына қайта оралды. Аллаға шүкір­шілік жасаймын. Кино­туын­дының ғұмыры ұзақ болғай!
 
Гүлзина БЕКТАС
07 сәуір 2018 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930