Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам денесі секундына қанша млн жасуша істеп шығарады

Адам денесі секундына қанша млн жасуша істеп шығарады


Адам организмі – әлі толық зерттелмеген, әлеуеті зор тірі машина. Таяуда адам денесінің мүмкіндіктерін зерделеген Израилдегі Вейцман ғылым институтының Рон Сендер және Рон Мило есімді ғалымдары адам денесі тәулігіне орташа есеппен алғанда 330 млрд жасуша істеп шығаратынын анықтады.
Бұл жайында islam.kz порталы аталған ғалымдардың зерттеу материалы жарияланған Nature Medicine мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Яғни, қас қағым мезетте, яғни, 1 секундта 3,8 млн жаңа жасуша пайда болады екен адам денесінде. Ғалымдар бұған қалай көз жеткізді? Олар өз есебі үшін салмағы 70 келі тартатын, бойының биіктігі 170 см болатын 20-30 жастағы ерлердің денесін зерделеген екен. Ғалымдар бұл тараптағы ізденісі кезінде жалпы санына шаққанда 0,1 %-ден асатын жасушаларды ғана ескерген. Өйткені, олардың барлығын есептеудің қажеті шамалы: кей жасушалар бірнеше күн ғана «өмір сүреді», ал мидағы нейрондар мен көз қарашығындағы липидтер организм өлгенше жойылмайды. Яғни, жасушалар құрамының жаңаруының өзі белгілі бір іріктелу процесін бастан кешіреді. Аталмыш зерттеу нәтижесінен белгілі болғандай, адам денесі тәулігіне жалпы жиынтығы 80 грамм тартатын жасушалардан құтылады екен, яғни, олар орнын жаңасына босатады. Соның ішінде жасушалары бойынша ең көп жаңаратыны қан жасушалары болып шықты: организмдегі жаңа жасушалардың 86 %-ын құрайды. Ал жалпы массаға (жаңаратын жасушалардың тәуліктік салмағына) шаққанда 48,6 %-дан аспайды. Керісінше асқазан-ішек жасушалары организмдегі тәуліктік жаңа жасушалардың 12 %-ын құрағанымен массаға шаққанда 41 %-ға жетеді. Ал тері жасушаларының да салмағы ауырлау келеді – организмдегі жаңа жасушалардың 1,1 %-ын, массаға шаққанда 4 %-ға жетеді. Май жасушаларына келсек, тәуліктік жаңаратын жасушалардың салмағына шаққанда 4 %-ды құрайды. 

07 ақпан 2021 ж. 550 0