Ресейлік 79 жастағы кейуана коньки тебеді
Ресейдің Иркутск облысында Байкал көлінде коньки тебетін 79 жастағы кейуана тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24». Любовь Море-ходованың спорттық аяқ киімі де өзі сияқты қарапайым. Конькидің жүзін қара пимаға кәдімгі кендір жіппен байлап, мұздың бетімен зымырағанда бойжеткен қыздың өзін артта қалдырады. Ол спорттың осы түріне балалық шақтан үйір болғанын айтады. Оқушы кезінде бірнеше ондаған шақырым жердегі мектепке конькимен барып-келіп оқыпты. Аяғындағы қырлы қос темір зауыттан 1945 жылы шыққан екен. Тек жүзін уақтылы қайрап отыру керек. Любовь Мореходова, зейнеткер: – Шаруам болса да, болмаса да конькимен жүре беремін немесе анда-мында барып, сиыр қараймын. Іздеп жүріп, оларды тау жақтан тауып аламын. Саламатты өмір салтын серік еткен сергек әжей биыл 80-нің сеңгіріне шығуы тиіс. Оның қазірдің өзінде шағын шаруашылығы бар. Көлге барып, ойық ойып, мал суаруға су әкеледі. Ол өмірдің мәні – махаббатта деп түсінеді. Любовь Мореходова, зейнеткер: – Мен сүйемін. Табиғатты сүйемін. Бәрін де жақсы көремін. Бірінші кезекте адамдарды жақсы көремін.
www.24.kz