Корей қыздарының құпиясы: бет терісін тазарту мен ылғалдандыру
Көбіміз корей қыздарының бет терісіне қызығамыз. Бірақ сұлулық сыры олардың шығаратын косметикалық құрылғылары мен маскаларында шығар деп жылы ысырып қоя саламыз да, өзіміздің үйреншікті кремдерімізді жағып жүре береміз. Негізінде корей қыздарының балғын терілерінің сыры – олардың қолданатын құрылғыларынан гөрі, дұрыс күтімінде. Яғни олардың косметикалық құралдарының баламасын біздің елде де табуға болады, мәселе оны ретімен пайдалануда жатыр. Бүгін біз сіздерге теріні дұрыс тазарту мен ылғалдандыру әдістерін үйретеміз. Бұл процедура біраз ұзақ болатындықтан оны көбі ерініп, жасамауы мүмкін. Бірақ мінсіз бет терісін армандайтын қыздар үшін қарапайым әдістерді дағдыға айналдыру түкке тұрмайды деп ойлаймыз. Сонымен, егер бетіңізде әлі мимикалық әжімдер көрінбесе, демек теріні күтудің қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Әсілі, әжім түсірмеудің амалын қарастыру. Өйткені бір рет түскен әжімді кетіру – қиын, ал оның алдын алу әлдеқайда оңай. Бетті тазарту Бет күтімінде ең маңыздысы – бетті тазарту. Ол бірнеше сатыдан тұрады. Егер күнделікті бетіңізге тоналды крем, опа жағып, кірпіктеріңізді бояйтын болсаңыз, оны ең алдымен косметика кетіретін тоник немесе бояу кетіретін сүтті мақтаға, не арнайы бет сүртетін қағазға жағып, мұқият сүртіп алу керек. Осы күні макияжды кетіретін зәйтүн майының негізінде жасалған майлар да бар. Оның ешқандай зияны жоқ, тек макияжды сүртіп, бетті құнарландырады. Екінші кезеңде бетті жуу керек. Байқағандарыңыздай, макияжды бірінші сумен жумаймыз, алдымен сүртіп аламыз. Өйткені тоналды крем, тушь дегендер сумен оңай кетпейді, осыдан-ақ бет терісінің тесіктері бітеліп, безеулердің пайда болуына әкеледі. Жуғанда да сумен жай жуа салу емес, арнайы гель, мусс, сабын қолданыңыз. Онда да сабынды қолға үйкелей салып немесе гельді бетке жағып, жуу емес – құрылғыларды жақсылап көпіртіп, көбікпен жуу қажет. Көпірту үшін де біраз уақыт кететіні анық, ол үшін арнайы тор (сетка) немесе жуынатын жөкенің бір шетіне жағып, сол арқылы көпіртіп алсаңыз болады. Көпіршік шығыс әйелдерінің ең басты тазалағыш құралы деп саналады. Сонымен қатар, бүгінде бет жууға арналған дайын мусстар да бар. Егер сүйікті геліңізді көпіртіп отыруға уақытыңыз болмаса, сол арнайы муссты пайдалансаңыз болады. Бірақ сабынмен жуғанда абай болу керек, терісі құрғақ қыздардың бетін сабын одан сайын құрғатып жіберуі мүмкін. Тағы бір маңызды сәт: бетті жуып болған соң орамалмен емес, ас үйінде пайдаланатын майлықпен сүртіп отырған жөн. Зерттеулер дәлелдегендей, орамалда екі күн ішінде бактериялар жиналып қалады. Ал бұл өз кезегінде теріге үлкен зиян тигізеді. Егер күнделікті бет сүртетін орамал ауыстырып отыруға мүмкіндігіңіз болмаса, бір рет қолданатын осындай майлықтар пайдаланған дұрыс. Егер көзіңізді әрдайым бояп жүретін болсаңыз, бетті жуып болған соң, құлақ шұқығышты тоникке батырып алып, көз айналасын тағы сүртіп шығыңыз. Осы арқылы тағы бір қабат бояу кетеді. Бұл да әжім түсудің алдын алатын шаралардың бірі. Аптасына кем дегенде бір рет бетке пилинг жасау керек. Пилинг скрабқа қарағанда біраз жұмсақтау келеді. Сондықтан да қазір скрабқа қарағанда көбірек қолданысқа еніп жатыр. Болмаса, қарапайым скрабты да пайдаланыңыз, тек шамадан тыс уқалап, теріге зақым келтіріп алмасаңыз болғаны. Теріні ылғалдандыру Көп қыз теріні ылғалдандыру дегенді теріге крем жағу деп түсінеді. Ал негізі ылғалдандыру да бірнеше кезеңнен тұрады. Бетті мұқият тазартып алған соң теріңіздің типіне қарай лосьон немесе тоник пайдаланыңыз. Олар беттің ылғалын сақтаудағы ең маңызды дүние. Ең басында макияж кетіргіш тоникті пайдалансақ, мұнда бетті құнарландыратын тоник жағамыз. Ол үшін тоникті саусақтарыңызға жағып алып, ақырындап бетті, мойынды ұрғылау керек. Егер жалығып кетсеңіз, ақырындап алақанмен де ұрғылауға болады. Егер жасыңыз 25-те болса 75-ке дейін іштей санап, ұрғылайсыз, яғни жасыңызға қарай үш есе ұрғылау қажет. Саусағыңыз құрғап қалса тағы тоник жағып алып, ұрғылауды жалғастырыңыз. Нәтиже бірден байқалады: алғаш тоникті жағып, бетті ұрғылаған кезден, аяғындағы процесстен бөлектеу дыбыс шығады. Яғни, ылғалданған терінің дыбысы басқа бола бастайды. Мойынды да тоникпен құнарландыруды ұмытпаңыз. Мойынға да әжім түсіп, сымбаты кететінін ұмытпаңыз. Егер әжім түсіп қойса, осындай процедуралардан кейін әжім біраз тегістеледі. Бет құрғақ болсын, майлы болсын ылғалдандыру маңызды. Ал лосьон немесе тоник пайдаланбасаңыз, бет толыққанды күтім көрмейді. Көз айналасындағы, маңдайдағы әжімдер терінің дұрыс ылғалданбауынан болады. Егер тоникті дұрыс пайдалансаңыз, кейде кремнің де қажеті болмай қалады. Лосьон үстінен серум, сарысу (сыворотка) жағу қажет. 25 жастан асқаннан кейін міндетті түрде сарысуға көшкен абзал. Құрамының арқасында серум мен сарысулар терінің терең қабатына еніп, құнарландырады. Бұл әжімдердің ерте түсуіне, жалпы терінің ылғалдануына үлкен септігін тигізеді. Бұл косметикалық құрылғылар арзан тұрмаса да теріге деген әсері мол. Және оны әжім шығатын аймақтарға ғана жағып, біраз жыл тұтынуға да болады. Әжім шығатын проблемалы аймақтарға сарысу жаққан соң, бет, мойын терісіне косметикалық сүт, эмульсия жағу керек. Одан бөлек көз айналасына арналған крем, бет кремін жағуға да болады. Алайда тоник, серум, сүтті дұрыс пайдалансаңыз, кремдердің қажеті болмай қалады. Сонымен, күнделікті пайдаланатын топтамаңызда бояу кетіргіш тоник, жуынатын сабын, не гель, құнарландыратын тоник пен косметикалық сүт, жасыңызға қарай сарысу мен серум болуы қажет. Бұған қоса аптасына, не айына бір рет құнарландыратын маска жасап тұрған абзал. Олардың түр-түрі бүгінде интернетте жеткілікті. Әрдайым әдемі болып жүріңіздер!
Massaget.kz