ПОЛЯК ДЕЛЕГАЦИЯСЫ – ПРЕЗИДЕНТ АРХИВІНДЕ
Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы архивінде Польшадағы Екінші соғыс музейі мен Ұлттық зерде институты қызметкерлерінің кездесуі болып өтті.
Екі мемлекет өкілдерінің кездесуін ашқан Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов Польшадағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі және еліміздегі Ұлттық зерде институтының өкілдерімен жүздесуі поляк мемлекеті қайта өркендеуінің 100 жылдығын атап өту шараларына сәйкес келіп отырғанын айтты.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Польшаның Алматыдағы бас консулы Радослав Грук Қазақстан Президентінің архивіне 1930 − 1940 жылдары қазақ еліне күштеп қоныс аударылған поляктардың тарихына қатысты аса маңызды құжаттарды сақтап отырғаны үшін зор алғысын білдірген-ді.
- Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі мен Қазақстан Президенті архивінің арасында өткен жылы желтоқсан айында өзара серіктестік туралы келісімге қол қойылып, осы келісім негізінде екі ел тарихшы-мамандарының бірлесіп атқаратын шараларының нақты жоспары белгіленді Сөйтіп, іс-шаралар жан-жақты жүзеге асырыла бастады. Мұның өзі екі елдің ынтымақтасытығы мен достық қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеді.. Еліміздің Президент архиві мен Польшадағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі мамандарының бүгінгі кездесуі тамыры терең ынтмақтастық пен іскерлікті одан әрі ілгерілетуге барынша жол ашады деген ойдамын, - деді Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы Евгения Чиликова өткен ғасырдың отызыншы және қырықыншы жылдары туған жерлерінен Қазақстанға күштеп қоныс аударылған поляк азаматтарының тарихына қатысты бұрын ешқайда жарияланбаған өте маңызды құжаттардың «Қазақстанға жер аудару тарихынан - Из истории депортаций Казахстан» деп аталатын тарихи жинаққа енгізілгені туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, архив директорының көмекшісі Мұхамед Жылгелдинов тарихшы-мамандар қолға алған «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары» деп аталатын ғылыми-зерттеу жобасымен таныстырды. Жобаға сәйкес биыл ақпан айында Польшадығы осы музейдің басшылығының шақыруымен қазақстандық архивтанушылар Польшаға іссапарға барып қайтты.
«Іс-сапар барысында қазақстандық архившілерге тарихтан белгілі бұрынғы Штуттгоф концентрациялық лагерінің музейінде болып, осындағы тарихи құжаттармен жан-жақты танысыты. Ең бастысы, осы сапардың нәтижесінде біздің Президент архивіне қазақстандық әскери тұтқындар туралы мәліметтер жазылған есеп кітаптарының электрондық көшірмелері жеткізілді, –деді Мұхамед Жылгелдинов.
Поляк делегациясы атынан сөз алған Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің директоры Кароль Навроцкий Қазақстан Президенті архивіне шынайы ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.
–Бұл менің осы архивке екінші рет келуім. Біздің мамандар алдағы уақытта 1941 жылғы ақпанда Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылған поляктардың тарихына, Андерс әскерін құру, қоныс аударған поляк азаматтарының тағдырына қатысты ары қарай зерттеу жүргізуге қызығушылық танытуда. Архив пен музей арасында өзара ынтмақтастық туралы Меморандумға қол қойылғаннан кейін нәтижелі қарым-қатынас орнады. Екі мекеме арасында да серіктестікті жалғастырып, болашақта бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырсақ дейміз, – деді музей басшысы Кароль Навроцкий.
Кездесу барысында мәртебелі меймандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы негізінде және Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының 25 жылдығына арналған тарихи-құжаттық көрмелер таныстырылды. Шара соңында Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің басшысына Президент архиві қорында сақталған Андерс әскерінің Қазақстан жерінде орналасуының тарихына қатысты 1942 жылғы құжаттың көшірмесі табыс етілді.
АНЫҚТАМА: Екінші дүниежүзілік соғыс музейі 2017 жылы наурыз айында алғаш соғыс басталған Гданьск қаласында ашылған. Ол Еуропадағы заманауи тарихи музейлердің қатарына кіреді. Музейде аталған тақырыпқа сай 2,5 мың экспонат бар.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
(Суреттерді түсірген автор)