Еуропа мен Қытай қарым-қатынасы
Өткен аптада бүкіл әлем назары Қытайға ауды. Франция Президенті Эммануэль Макрон мен Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Бейжіңге ат шалдырды. Үшжақты кездесу барысында қандай келісімдер жасалды? Еуропалық шенеуніктер діттеген мақсатына қол жеткізе алды ма? Бүгінгі мақалада қарт құрлықтан Азияға аттанған делегацияның сапарына шолу жасап көрген едік.
Макрон мырза мен Урсула ханымның Қытайға баруы геосаяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да маңызға ие. Жер-жаһанның осы сапардан үміт күтуінің бірнеше себебі бар. Біріншісі – Украинадағы соғыс. Өздеріңізге мәлім, Еуропа елдері қақтығыс басталғалы Кремльдің басқыншы әрекетін айыптап, Украинаға қаржылай да, қарумен де көмектесіп, моралдық қолдау білдіріп келген. Ал Қытай өз кезегінде Ресейдің әрекетін ашық айыптаған емес. Тек әр мемлекеттің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген сыңайдағы әңгіме айтып жүр. Есесіне, санкциядан сан соққан Кремльмен экономикалық байланысын нығайтуға мүдделі. Коммунистік партиясы басшысы Си Цзиньпин Мәскеуге барған сапарында екіжақты қарым-қатынасты нығайту басты назарда болатынын жеткізді. Қысқасы, сарапшылар Бейжің билігі әзірге бейтарап көзқарас ұстанғанымен, бір бүйрегі Ресейге бұрып тұратынын алға тартады.
Екінші себеп демократиялық мемлекеттер мен Қытай қарым-қатынасы. Кейінгі жылдары Бейжің мен батыс елдері арасынан қара мысық жүгіріп өтті. АҚШ пен Қытайдың сауда «соғысы» әлі толыққанды шешілген жоқ. Аталған елдің бірқатар компаниясы батыста шпиондық жасады деп айыпталды. Тіпті, «Huawei» секілді корпорациялардың жұмысына тыйым салынды. Тайвань тағдыры да ахуалды шиеленістіре түсті. Сондықтан сарапшылар да, саясаткерлер де осы сапар кезінде геосаяси уағдаластықтар жасалады деп күткен. Алайда алыстан ат сабылтып келген Макрон да, Урсула фон дер Ляйен де Сиге сөзін өткізе алмай, құр қол қайтқан сыңайлы. Тіпті, кей сарапшылар бұл сапарға шығудың өзі әу баста дұрыс болмағанын алға тартады.
Коммунистік партиясы басшысы екіжақты кездесу кезінде Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасынан айнымады. Мәселен, ол екі тарап та қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығы бар екенін жеткізді. Бірақ қақтығысты тоқтатуға ықпал ету жөнінде тіс жарған жоқ.
«Қытай Франциямен бірлесіп, халықаралық қоғамдастықты сабырға шақырып, ұтымды шешім ұсынуға шақырады. Бейбітшілік жөніндегі келіссөздер мүмкіндігінше ерте басталғаны жөн. БҰҰ жарғысына сүйеніп, тараптардың қауіпсіздігін ескере отырып, теңгерімді, тиімді және тұрақты еуропалық қауіпсіздік негізіне сүйеніп, саяси шешім іздеу қажет», деді Си Цзиньпин.
Сондай-ақ «Politico» сайтының хабарлауынша, екіжақты құпия кездесуде Франция Президенті Э.Макрон Бейжіңнің Ресейге қару жеткізу ықтималдығына қатысты алаңдаушылығын білдірген. Қытайлық әріптесін мұндай қадамға бармауға шақырған көрінеді. Ал Си Цзиньпин бұл соғыс Қытайдың мәселесі емес деп әңгімені шолақ қайырған.
«Бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесіне келсек, Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекетін айыптау керек. Сіз маңызды пікір айттыңыз. Бұл соғыс бәрімізге теріс әсерін тигізеді. Өйткені Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі БҰҰ жарғысын бұзып отыр. Әлем мұны қабылдай алмайды», деді Франция Президенті.
Ал BBC агенттігі баспасөз конференциясы кезінде Э.Макрон Украинадағы соғыс тақырыбын көтергенде, Си Цзиньпиннің жақтырмай терең күрсінгенін жазады. Сонымен қатар француз басшысының Ресейді ақылға шақыру туралы өтінішіне мүлдем жауап бермеген. Тіпті, Ресей атауын да, соғыс сөзін де тілге тиек етпеді.
Франциялық «Le Monde» газеті Э.Макрон Бейжің басшысын көзқарасынан айныта алмағанын жазады. Басылымның хабарлауынша, ресми Париж бейбітшілікке апаратын жол ұсынған. Алайда Макронның бастамасы қақтығысты шешпейтінін, шиеленісті одан сайын тығырыққа тірейтінін алға тартады.
Айтпақшы, еуропалық шенеуніктер Бейжіңге ат басын бұрған кезде Қытайдың премьер-министрі Ли Цян ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен телефон арқылы тілдесті. «China Daily» басылымы бұл оқиғаны «Бейжің мен Мәскеу ынтымақтастықты нығайтады» деп хабарлады. «Le Monde» газеті мұндай сәтті қарт құрлық делегациясы үстіне мұздай су құйып жібергенмен теңестіріп отыр.
Үш жолақты елдің келесі бір басылымы «Les Echos» «Франция президенті Бейжіңнің бейбітшілікке қол жеткізуде шешуші рөл атқара алатынын мәлімдеді. Бірақ Си Цзиньпин еш ишара танытпады. Ол Киев пен Мәскеуді татуластыруда Қытайдың ұстанымы өзгеретініне емеурін білдірген жоқ», деп жазады.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қытайдың мұндай көзқарас ұстануының өз себебі бар. Ресми Бейжің Еуропалық одақтың бірлігі мен еркіндігіне сенбейді. Әлемдік тәртіп мәселесін АҚШ-пен ғана талқылауды жөн көреді. Еуропадағы шырғалаңды пайдаланып, басты бәсекелесін әлсіретуге, сауданың кеңеюіне қол жеткізуге дайын.
«Макрон Еуропадағы және трансатлантикалық ұйымдағы алауыздықты байқатпауына мүмкіндігі бар еді. Ешкім оны бір топ бизнесменді ертіп апаруға мәжбүрлеген жоқ. Макрон иллюзияға сеніп, Қытай басшысын Путинге қарсы шығуға көндіремін деп өз өзін алдады», дейді Берлинде орналасқан Жаһандық қоғамдық саясат институтының директоры Торстен Беннер.
Расында, Еуропалық делегация құрамында бір топ кәсіпкер болғаны рас. Тіпті, сазгер Жан-Мишель Жарр да топтың құрамына еніпті. Осылайша, тараптар мәдени байланысты нығайту туралы уағдаластық жасасты. Сонымен қатар сауда-экономикалық қарым-қатынасты ілгерілетуге қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қытай жағы алдағы уақытта «Airbus» компаниясынан 150 дана «A320 Neo» және 10 дана «A350» ұшағын сатып алмақшы. Келісім құны 36 миллиард еуроға тең.
Осы сапар барысында Си Цзиньпин Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенді қабылдаған. Кездесуден кейін бөлек баспасөз жиынын өткізген Урсула ханым Бейжіңге қатаң ескерту жасады.
«Алда-жалда Қытай Ресейге қару-жарақ жеткізсе, онда халықаралық құқықты бұзады. Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай зардабын тигізеді. Қытай әділетті әлем құруға көмектесетініне сенім білдіремін», деді фон дер Ляйен.
Батыс мемлекеттері үшін әділ әлем ұғымы Украинаның толықтай аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді білдіреді. Яғни Ресей басып алған аймақтардан әскерін толықтай шығаруы қажет.
Осы сапардан қорытынды жасаған сарапшылар Еуропада Қытайға қатысты нақты ортақ ұстаным жоқ екеніне назар аударады. Одаққа мүше мемлекеттердің ешқайсысы Бейжің билігімен қандай қарым-қатынас жасауды анық білмейді. Сол себепті Си Цзиньпин өзара түсініспеушілікті өз кәдесіне жаратуға болатынын жақсы түсінеді.
Еуропалық кеңестің халықаралық қатынастар орталығындағы Азияны зерттеу тобының жетекшісі Янка Ортель қарт құрлықтың шенеуніктері сапар кезінде Сидің сенімділігіне селкеу түсіретін мүмкіндікті мүлт жіберіп алғанына наразы. Оның айтуынша, Эммануэль Макрон мен Урсула фон дер Ляйен бір топ бизнесменді ертіп бармағанда, Бейжің билігіне белгі беретін еді. Яғни Еуропа Украинадағы қақтығыстан басқаға бас ауыртпайтынын түсіндіретін еді.
Сарапшылардың пайымдауынша, еуропалықтар бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Енді, Си Цзиньпин қарт құрлыққа қатысты саясатта өзін судағы балықтай сезінеді. Қысқасы, бұл сапар шартарапты мазалаған мәселеге нүкте қоюдың орнына, күмән бұлтын одан сайын қоюлата түсті.
Осы орайда Қытайдың да, Еуропалық одақтың да Қазақстанның басты стратегиялық серіктестері екенін айта кеткен жөн. Мәселен, көршілес мемлекетпен арадағы сауда-саттық құны жыл санап артып келеді. Келешекте Қазақстан Қытайға мұздатылған ет пен балық өнімдерін, құс, жылқы, шошқа еті мен қосалқы өнімдерді, жұмыртқа және тауарлардың басқа да түрлерін жеткізуге әзір.
Еуропалық одақ та Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі. Еліміздегі сыртқы сауданың шамамен 30 пайызы қарт құрлыққа тиесілі. 2022 жылғы тауар айналымының көлемі 40 млрд долларға жетті. Соның ішінде экспорт 32,3 млрд долларды құраса, импорт 7,6 млрд долларға теңескен. Ынтымақтастықтың тереңдігін мына деректер де растайды. Соңғы он жылда Еуропалық одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Ал сол қаржының шамамен 70 пайызы Қазақстанға бөлінген. Қазіргі таңда еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңға жуық компания Қазақстан экономикасының түрлі секторында жұмыс істейді.