Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уран снарядтары: ядролық бопсалауға жақсы сылтау

Уран снарядтары: ядролық бопсалауға жақсы сылтау

уран снарядтары

Жаһандағы геосаяси ахуалдың күрделене түсуі әлсін-әлсін ядролық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарып келеді. Бірер күн бұрын Украинадағы Запорожье АЭС-іне барған Халықаралық атом қуаты агенттігі (IAEA-МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси станса аумағында әскери қимылдар күшейе бастағанына алаң­дай­тынын айтты. Әрі «өлтірілген» уранның радиологиялық қаупі жоқ екенін де атап өткен. Бірақ уран мәселесі ядролық қарудың таралуын тежеу процесіне кедергі келтіруі бек мүмкін.

Украинадағы соғыс басталған­нан бергі 13 айда ядролық қауіп мә­селесі бірнеше мәрте күн тәрті­біне шықты. Әу баста Ресей әскері Энергодар қаласын басып алатын кезде Еуро­падағы ең ірі атом электр стансасы са­налатын Запорожье АЭС-і ма­ңайындағы ұрыс қимыл­дары көп­шілікті алаңдатты. Тіпті, станса аула­сында бірнеше мәрте снаряд жарылғаны бар. Станса төңірегінде жарылған снарядтарға бай­ланысты Украина мен Ресей бір-бірін айып­таған. Абырой бол­ған­да станса аман қалды. Әйгілі АН-225 «МРИЯ» ұшағын қират­қан­дай соққы тисе, стансаға аз зақым келмес еді. Егерде стансада апат бо­ла қалса, 1986 жылғы Черно­был­дағы жарылыс «ойыншық» саналар еді. Мұны ядролық қауіп төнген бірінші сәт деп ба­ғалауға болады.
Екінші жағдай жазда қалып­тасты. Майдандағы бірқатар сәт­сіздіктен, Қырымдағы көпірде жа­рылыс болғаннан кейін ресейліктер тактикалық ядролық қару қолдану ықтималдығы жайлы жиі айта бастады. Тіпті, РФ қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Дмитрий Медведев жазда да, биылғы наурызда да Ресей қажет бол­са ядролық қару қолдануы мүм­кін екенін айтқан. Сөйтіп, Мәскеу ашықтан ашық ядролық қарумен бопсалау сипатындағы мәлімде­мелер таратқан-ды.
Енді міне, ядролық қару жайлы әңгіме тағы ушықты. Оған Ұлыбри­танияның Украинаға «өлтірілген» ураннан жасалған тұмсығы бар снаряд беруге бекінгені себеп болды.

Уран «өлуші» ме еді?
Әдетте уранның радиоактивті зат екені анық. Оның руда күйін­дегісінің өзі радиоактивті болып келеді. Әдетте қару мен атом энер­гетикасы үшін уран байытылады. Ал Ресейді аяғынан тік тұрғызған уран осы байыту процесі кезінде қалатын қалдық өнім. Қазақстанда оны рес­ми терминологияда «кедейлен­дірілген уран» деп атапты. Біз қа­зақтың көне танымында сынапты маймен араластырып, ем ретінде пайдаланатын кездегі процесті «өлтіру» деп атайтынын ескердік. Сол себепті қазақы таныммен «өл­тірілген уран» деп атадық.
Мұндай уранның радиоак­тив­тілігі руда шығаратын радиация­ның 60 пайызындай ғана болады деседі. Сондықтан тым зиянды болып есептелмейді. Тек адам ағзасына ауыр металл ретінде жиналуы мүм­кін. Ал тікелей радиациясы күшті саналмайтын болса керек. Сон­дықтан «өлтірілген» уранды түрлі салаларда қолданып жүр. Зеңбірек снарядтарының өзегін немесе тұм­сығын осы ураннан жасау техноло­гиясын әлемнің бірқатар елдері өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері қолданып келеді. Олардың арасында АҚШ та, Ресей де бар.Тығыздығы қорғасыннан 70 па­йызға артық бола­тындықтан «өл­тірілген уран­нан» жасалған сна­ряд тұмсығы құ­рыш сауыттарды оңай бұзады. Әрі вольфрамға қа­­ра­ғанда арзан бол­ған­дықтан да әскери салада жиі қол­да­нылып жүр. Тіпті, АҚШ-тың аты­шулы AbramsaM1A2 танк­те­р­і­нің мұна­ра­сын­дағы қал­қандар немесе корпу­сының алдын­ғы ете­гіндегі сауыттар осы ураннан жаса­ла­­­­ды. Мұндай «өл­­­ті­ріл­ген уран» ядро­­лық қару бо­лып санал­май­ды, сол се­беп­ті оған халық­ара­лық құ­қықтық нор­маларға сәй­кес тыйым салын­баған. Бірақ оны Ре­сей ядро­­лық қару­мен тең көрді.

Лукашенконың арманы еді...
Ұлыбританияның Украина ар­миясына Challenger-2 танктерімен қатар «өлтірілген ураннан» жасал­ған снаряд беретіні жайлы мәлім­деме шыға сала ресми Мәскеу жақ­тан түрлі қарсы жауап айтыла бастады. Ресей президенті В. Путин де, қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Д.Медведев те, қор­ғаныс министрі С.Шойгу да мұн­дай уранды ядролық компоненті бар қаруға теңеді. Сөйтіп, Ресей Беларусь мемлекетіне такти­калық ядролық қару орналас­тыратынын мәлімдеді. Шамасы Еуропа жұртын үрейлендіруді көздеген сыңайлы. Бірақ Еу­ропа ме­диасында «кәрі құр­лық» мем­лекеттері басшыла­рының үйрей­ленгені жайлы ақпарат көзге түс­педі. АҚШ та айылын жия қой­майтынын байқатты.

Украина

Дегенмен ядролық қаруды орналастыру туралы мәлім­деме Беларусь басшысы Алек­сандр Лукашенкоға майдай жаққанға ұқсайды. Қаруды өз елінде ор­наластыруға қарсы емес екенін байқатты. Біздің пайым­дауы­мызша, оның Мәскеуге қар­сылық таныт­пауында мән бар. Өйткені 30 жыл бұрын Бе­ларусь мем­лекетінің сол кез­дегі прези­денті Станислав Шушкевич өз елінің ядролық қарудан бас тартуына ұйытқы болған-ды. Сөй­тіп, қаруды Ресейге өткізіп берген. Би­лікке 1994 жылы келген А.Лу­кашенко өзінен бұрын жасалған келісімдерге кедергі жасай алмады. Соңғы ядро­лық қару Беларусь жерінен 1996 жылы әкетілгенде А.Лука­шенко өкініш білдіргені жайлы мәліметтер бар. Енді сол өкінішінің орны толатын сияқ­ты. Өйткені В.Путиннің шешімімен Ресей Беларусь жеріне 10 страте­гиялық бомбалаушы ұшақ пен «Ис­кандер» зымыран кешендерін орна­ластыруы мүмкін. Бірақ Украина қалаларын атқылағанда пайда­ланылған қарапайым жарылғышы бар «Искандер» емес, ядролық оқ­тұмсық орналастырылған зы­мыран болуы ықтимал. Мәлімдеме­лердің беталысы сондай.
Ал бұл жаңалыққа А.Лукашен­коны қуану себебіне келсек, Бе­ларусь басшысы өз елінің қауіпсіз­дігіне ядролық қару кепілдік береді деп пайымдайтын сияқты. Алайда әлемнің ядролық державаларының басшылары былтыр жылдың ба­сында мұндай қаруларды басқа елдер­дің аумағында орналастырмау ту­ралы уағдаласқан еді. Сол уағда­ластықты міне, Ресей бұзып отыр. Ал Қытай Мәскеудің осынау ұста­нымын қолдамайтынын байқатты. Сондықтан Ресейдің ядролық қару­ды Беларусь жеріне орналастыру жайлы мәлімдемелерін әзірге тек бопсалау амалы ретінде қарастырған дұрыс. Бірақ жағдай шынымен ушықса алдымен Беларусь мемле­кеті зардап шегеді. Өйткені ядролық қаруды қолдану тактикасында «қа­русыздандыру соққысы» дейтін ұғым бар. Әрі ол бірінші кезекте қол­данылады. Бұл тактика бойынша ядролық қаруы бар мемлекеттер алдымен қарсыластың ядролық күштерін жоюы тиіс. Беларусь мемлекеті өз еліне ядролық қаруы бар әскери техниканы орналасты­руға рұқсат бере отырып, қарсы соққы жасалатын нысаналар тізі­міне де ерікті түрде еніп кетеді. Де­генмен текетіреске қатысушы мем­лекеттер ядролық қару пай­далануға дейін бармайтын шығар деп үміттенеміз. Бірақ бұл қаруды бопсалау құралы қылу жақсы үрдіс емес.

Ураннан жасалған снарядтар зиян ба?
Сөз басында Халықаралық атом қуаты агенттігі директоры Рафаэль Гроссидің «өлтірілген» уранның радиологиялық қаупі жоқ екенін айтқанын тілге тиек еткен едік. Көп маман мұндай уранның зияны жайлы жылдарға созылған пі­кір­таласқа қатысты. Бірақ ра­диациялық зардабы жайлы мәлі­меттер әлі нақты емес. Батыс елдері мұндай снарядты 1991 жылы Иракта, 1999 жылы Югославияда қолданды. Кейін 2000 жылдары Еуропада «Балкан синдромы» дейтін ұғым тарады. Пресса сол жыл­дары ақ қан ауруына ұшыраған италиялық сарбаздар жайлы көп жазды. Олар ураннан жасалған снарядтарды қолданғандықтан обыр дертіне шалдыққаны жайлы мәлімет тараған. Бірақ жүргізілген барлық зерттеу жұмыстары кезінде дерт пен снарядтың арасында ті­келей байланыс табылмады. Бірақ снаряд жарылған кезде ұшатын уран шаңы зиянды екені айтылды. Ал ауыр металл ретінде «өлтірілген» уран қорғасын мен сынап сияқты бауырды, бүйректі зақымдайды. Өзге дерек жоқ.
 
P.S. Адамзат қызық жаратылыс. Біреулер ураннан жасалған снаряд­пен атқылаудың зияны жайлы та­ластартыс жасайды. Бірақ жалпы соғыстың зардабын ескергендер ша­малы.Соғыста урансыз-ақ талай бей­күнә жан құрбан болып жатыр.

03 сәуір 2023 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930