ЖАСТАРҒА АРТЫЛАР МІНДЕТ КӨП
Тәуелсіз елдің жастары жалындайтын кез келді. Елордада жастар жылына арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Сәрсенбінің сәтті күнінде «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студент және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметкерлер қатысты.
Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру ресми түрде бастау алды. Шара барысында жастар жүзеге асырған табысты жобалар мен жаңа өнімдер таныстырылды. Әртүрлі салада еңбек етіп, білім алып жүрген «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» Елбасымен өз жетістіктерін бөлісті. Жас қазақстандықтар баяндама жасады. Мәселен, 23 жасар кәсіпкер Расул Абдуллаев Қазақстанда маркетинг министрлігін құруды ұсынса, елдегі ең үлкен ешкі фермасының жетекшісі, авторлық ірімшік шығарумен айналысатын Тамила Разметова Астана қаласына жел мен суыққа төзімді алма ағашын отырғызуға қолдау көрсетуін сұрады. Бүркітшілігімен әлемге әйгілі болған Айшолпан Нұрғайыпқызы Елбасын Баян-Өлгейге қонаққа шақырды, ал, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Дамира Пернебаева «Топ-100» алдыңғы қатардағы жастардың жобалары үшін гранттар бөлуді ұсынды. Сондай-ақ, ерікті Айсұлу Ерниязова Қазақстан бойынша «Ашық жүрек» жобасы ұйымдастырылса екен деген тілегін жеткізді. Жас ақын Мерей Қартов болса «Жас қаламгер» академиясын құруды ұсынды. 13 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш 1 минутта 1200-ден астам кітапты латын қарпіне аударатын жобаны таныстырды. Сонымен қатар, ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры, бірқатар инновациялық жобалардың жетекшісі, википедияның қазақша нұсқасын жасап, гугл аударма жүйесіне қазақ тілін енгізген Рауан Кенжеханұлы, жас өнертапқыш, «Назарбаев» зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы, ондаған робот құрастырып, бірнеше мобильді қосымшаны қолданысқа енгізген Иван Крепак секілді түрлі салада жетістікке жеткен жастар Елбасыға алғыспен қоса ұсыныстарын да айтты. Жалпы, ел жастарының айтар ойы салиқалы, салмақты болды.
Мемлекет басшысы жастардың ұсынысын мұқият тыңдады. Сөйтіп, кейінгі буынды мазалап жүрген бірнеше мәселеге тоқталды. Үкіметке жастар жылында жүзеге асуы тиіс 4 нақты тапсырма жүктеді. Алғашқысы, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту. Президент пәрменімен енді жылына кем дегенде 1 мың пәтер жастар үшін салынатын болды. Жалдамалы үйлер Астанада, Алматы мен Шымкентте бой көтермек. Баспана мәселесі шешілсе, білікті жастар жұмыс іздеп шарқ ұрмай, қалаған қалаға барып, қызмет қылады. Ол үшін жастарды жаппай еңбекпен қамту қажет. Елбасы біздің елде жұмыс көп, тек мамандар тапшы екенін айтты. Сондықтан, күрмеуі көп осы мәселені дереу шешуді тапсырды. «Тығырықтан шығар жалғыз жол – жастарды кәсіпкерлікке баулу», – деді, Мемлекет басшысы. Бұдан былай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін грант саны тағы 2 есеге ұлғаяды. Әсіресе, ауыл жастарына кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерту қажеттігін нықтап айтты. Ол үшін бюджеттен 32 млрд. теңге бөлінбек. Бұл – Үкіметке жүктелген міндеттің екіншісі.
Табысты еңбек ету үшін сапалы білім алу қажет. Президент мұны да қаперге алды. Мемлекет басшысы 5 әлеуметтік бастама аясында білім гранттарының саны 20 мыңға көбейіп, жатақханалардағы орын саны 75 мыңға артатынын айтты. Одан бөлек, әр өңірдегі жоғары оқу орындарының тым құрығында біреуі Назарбаев университетімен иін тірестіре алатындай болуы керектігіне тоқталды. Бұл ретте техникалық мамандықтар да назардан тыс қалмауы тиіс. Бүгінде әлем бойынша 18-30 жас аралығындағы 300 миллиондай жас жұмыссыз жүр. Сол себепті, Н.Назарбаев жастарға қоғамға қажетті мамандықтардың иесі болуды ұсынды.
Елбасы одан бөлек өнертапқыштарға кеңінен қолдау көрсетуді тапсырды. Үкіметке жүктелген үшінші міндет осы. Ол үшін ел қазынасынан жыл сайын 3 млрд. теңге бөлінетін болады.
Президенттің төртінші тапсырмасы – ерікті жастарға көңіл бөлу. «Қарттарға қарайласып, мүгедек жандарға қол ұшын созған еріктілердің еңбегі ерен», – деді Елбасы. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыспен айналысатын ерікті студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға жоғарылайтын болады. Президент қазақта қарттар үйі болмағанын айтып, жетімдерді жәутеңдетпеу керектігін жеткізді. – Ол үшін жастарды мектеп кезінен тәрбиелеу қажет. Болашақ аналардың да, әкелердің де жауапкершілігін кейінгі буынға ұғындыруымыз тиіс. Сол кезде ғана шаңырақ шайқалмайды, – деді Ұлт көшбасшысы.
Ауқымды форумда жастар туризмін қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Президент «Қазақстанның тұмса табиғатын шетелге таныту үшін сол жауһарларды әуелі өзіміз көруміз керек», – деді.
Шараны елдегі 115 жоғары оқу орны мен 479 колледж студенттері және өзге де жастар тікелей эфирде және онлайн түрде тамашалады. Солардың ішінде шиелілік жалынды жастар да бар. Белгіленген уақытта аудан әкімдігінің мәжіліс залына жиналған белсенділер форумды тапжылмастан тамашалады. Белсенді жастар Елбасының ел болашағына қатысты айтқан әр сөзін зер сала тыңдап, тағылымды ой түйді. Әсіресе, форумда айтылған жастар жылы аясында іске асатын жобалар шиелілік өрендерге қанат бітірді. Бұл жастарға мол мүмкіндік берумен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді.
Г.Сәбитқызы.