Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫ АЛАТАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ

СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫ АЛАТАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ

Қыркүйек айының 21-22 күндері Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өтті.
Алматылықтар ең алдымен «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен танысты. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылады. Әсіресе, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен «Шірік-Рабат сақ жауынгері»,» Сығанақ ханшайымы» мүсіндері көпшілікке ұсынылды. Көрмені Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері тамашалады.
Одан соң Сыр өңірі өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала-концерті өтті. Бұл Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығы тамашалаған қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті.
Ән-жырдың ту тіккен ордасынан жеткен өнер майталмандары еліміздің басты сахналарының бірінде өтетін концертке тыңғылықты дайындықпен барды. Алматылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынылатын әр нөмірге жете мән берілді. Сахна шымылдығы ашылғанда орындалған «Отан-ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» әндері тыңдаушысын баурап алды.
Жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғани Құлжановтың, театр әртісі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологі әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятқаны сөзсіз. Бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиетті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ерәлиева, Б.Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтті.
Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Бүгінгі концертте де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбеттің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты.
Оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі күйші М.Сыдықовтың «Батыр баба» күйі, халық әндері орындалды. «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян, рояльмен орындалған туындылар, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлерінің сүйемелдеуі, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті.
Гала-концерт жерлесіміз, ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.
Алматы аспанын әдемі әндерімен, саф өнерімен тербеген Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аямады.
Келесі күні Қызылорда облысының Алматыдағы өнер күндері Құрманғазы оркестрінің концерт залында өткен «ЖЫР - ҚАЗЫНА, КҮЙ - КҮМБЕЗ» атты Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концертімен қорытындыланды.
Оркестр репертуарында халық әндері және Қазақстан композиторларының туындылары, классикалық шығармалар бар. Концертте Сыр сүлейлерінің жыр-термелері шеру тартып, ақындар өлең оқыды. Қорқыт бабадан бері үзілмеген қобыз сарыны тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Айта кетейік, 2007 жылы құрылған өнер ұжымы осыған дейін облыс әкімдігінің қолдауымен бірнеше мәрте шет елдерге гастрольдік сапармен барды.
Бұл жолғы концертте де халық аспаптар оркестрінің өнеріне Алматы жұртшылығы ризашылықпен қошемет көрсетті.

«Өскен өңір» ақпарат
17 қыркүйек 2024 ж. 20 0