Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Инвестиция тартудағы іргелі іс

Инвестиция тартудағы іргелі іс

Инвестиция тартудағы іргелі ісТүркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп келеді. Өңірде жалпы аумағы 594 гектар болатын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестициялық құны 190 млрд теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысы аймаққа жеке инвес­тиция тарту әкім­дер­дің ең басты міндетінің бірі болуы керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ Президент «Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвес­тиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек», деді.
Жүктелген міндетті орындау мақсатында жауаптылар атқарып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен өңір тұрғындары инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды нақты нәтижеге, яғни іске қосыл­ған өндіріс, кәсіпорындар мен ашылған жұмыс орындарына қа­рап бағалары анық. Бұл орайда әзірге жоспарланған және енді қолға алынған жобалардың қарасы басым. Индустриалды аймақтарда инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында атқарылған жұмыс көп. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қар­жысы қаралып, 18 нысан бо­­йынша жұмыс жүргізілген. Мысалы, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында 310 гектар индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфра­құ­рылым тарту жұмыстары да аяқ­талуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25 000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосыл­ған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кен­тау, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы индустриалды аймақтарында инфра­құрылым жүйелерінің құ­ры­лыс жұмыстары жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Өнді­ріс­тік парк аумағында салынып жатқан ғимараттардың 14-і іске қосылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбал­дының төрағалығымен өткен өңір­лік инвестициялық штабтың кезекті отырысында оннан астам жобаның жүзеге асырылу барысы, қазіргі жай-күйі сарапталып, өзекті мәселелер қаралған болатын. Мәселен, Ордабасы ауда­нында «Standard Petroleum & Co» ЖШС-ның мұнай өңдеу зауыты құрылысының І кезеңі 2025 жылы жүзеге асады, 300 жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге Түлкібастағы каустикалық сода зауытының инфрақұрылымын жасақтау бағытында жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылы ашылатын өндіріс орнында 1 000 адам жұмыспен қамтылмақ. Келес ауданында «Ecoculture-Eurasia» ЖШС 51 гектар жылыжай кешені жобасын, «Талифа» ЖШС Сауран ауданында кептірілген жемістерді өндіру, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді өңдеу зауыты жобасын жүзеге асырып жатыр. Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-ның құрама жем зауыты жобасы бойынша жергілікті бюджеттен сыртқы инфрақұрылымды жүргізуге 551 млн теңге бөлінген. Облыстың мемлекеттік сатып алу­лар басқармасы тарапынан сыртқы инфрақұрылым жүргізу бойынша мердігер компания­ны анықтау үшін конкурс жария­лан­ған. Сондай-ақ мал сою ком­би­наты және жануарлардың қал­дық­тар­ын терең өңдеу зауы­тының қайта өңдеу пункттері үшін 140 гектар жер учаскесі анықталып, 60 гектар жер учаскесі сатып алын­ған.
«Nurym Group» ЖШС-ның заманауи мал базары жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы да әзірленіп жатыр және жобаға қажетті 38,3 гектар жер учаскесі сатып алынып, құжаттарын рәсім­деу бойынша жұмыс басталды. Бұдан бөлек, Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-ның 1 380 гектарға жаңбырлату жүйесі енгі­зіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру, неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажеттігін айтты. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керектігін мін­деттеді. Осы орайда жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері әрбір инвестор мен кәсіпкерге қолдау көрсетіп, сүйе­мелдеу жұмыстарын жүр­гізуді жалғастырсын. Инвес­торлар мен кәсіпкерлер де жобаны уақтылы жүзеге асыруға күш салуға тиіс. Өндіріс орындарын, жаңа зауыттар мен цехтар ашу – басым бағытымыз», деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ инвестициялық штаб отырысында облыс әкімі кестеден кешігіп жатқан кәсіп­кер­лерге жұмысты ширату, жедел­де­туді тапсырды.
Инвестиция тарту бағытында аудандарда ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, аудан мәртебесіне ие болғаннан бас­тап Сауранда инвестициялық әлеуеті көтеріліп, жаңа мүмкін­дік­терге жол ашылды. Жеке ин­весторлардың аудан аумағында ин­вестициялық жобаларды жүзе­ге асыруға қызғушылығы артқан. Өткен жылы 34,6 млрд теңге инвес­тиция тартылған болса, биыл инвестиция көлемін 42 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,4 млрд теңге болатын 102 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде жиһаз жасау бағытында 12 цехты іске қосу жоспарланса, бүгінде 9 цех өз жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін тағы 3 жиһаз жасау орны пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін, трансформатор құрастыру және жөндейтін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін, тері, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай, тігін цехтары мен өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өнді­ретін кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады. Ауыл шаруа­шы­лығы саласында 41 жоба бар. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1 051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды.
Тамақ өнімдері бойынша 3 жобаны жүзеге асыру көзделсе, сүт тауарлы фермасы бойынша 3 жоба іске асырылмақ. Мал шаруа­шылығын дамыту бағы­тын­да бордақылау және мал сою алаңдары мен құс фермасын салу, балық шаруашылығы мен мал азығын дайындайтын комбикорм цехын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар 4 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектерға фермерлік жылыжай салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Қазақстан-Қытай іскерлік ке­ңе­сі екі ел арасындағы сауда-эко­­но­­микалық және инвестиция­лық ынтымақтастықты дамыту­дың маңызды құралына айналып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатыс­қан жиында маңызды келіс­сөздер жүр­гізілген болатын. Іс-шара қорытындысы бо­йынша қытайлық бизнесмен­дер­­мен жалпы құны 1 млрд 615 млн долларды құрай­тын 4 ірі инвестициялық жоба бо­йынша ынты­мақтастық туралы ме­моран­дум­ға қол қойылды. Атап айтсақ, Түр­кістанда бес жұлдызды қонақ­үй кешені мен аквапарк және бей­не­бақылау камераларын шыға­ратын зауыт салынбақ. Жо­ба­ның жалпы құны 270 млн долларды құрайды. Қазір арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гек­тар жер учаскесі нақтыланған. Онда 18 қабатты қонақүй, аквапарк және вилла кешені бой көтереді деп жоспарланған. Ал ауқымды инвестициялық жоба «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі.
Сонымен қатар аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бо­­­йынша да бірқатар жоба жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қуаттылығы 500 МВт бу-газ қондырғысы және қуаттылығы 300 МВт күн электр стансасы, сондай-ақ электр желі­сі­нің металл тіректерін және энер­гия жинақтау жүйелерін өн­ді­ретін зауыт базасында электр стансасын салу туралы шешім қабылданды. Аталған жобаларды іске асыру үшін Бәйдібек, Сауран, Түлкібас аудандарынан жер телімдері нақтыланды. Қуат көзін көп қажет етіп, өзге өңірлерден алып тұтынатын облыс үшін жоба аса маңызды. Қазір Қытайдың «China Energy Overseas Investment Co.,Ltd» компаниясы жобаға 915 млн доллар бөліп отыр. Ал Ордабасы ауданында «Central Asia Aluminium» ЖШС алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысын бастамақ. Құны 17 млн долларға бағаланып отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.
Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңірде бүгінге дейін тоқыма өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағаны жиі айтылып келеді. Салдарынан шикізаттық экономика деңгейінде қалып, ал мақта бағасы жыл өткен сайын арзандап, шаруалар еңбегінің жемісін толық көре алмай отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында мақта өсіріп, одан бұйым шығарып, әлемге экспортын жолға қойған қытайлық компаниялармен уағдаластықтарға қол жеткізілді. Нәтижесінде, облыс аумағында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасы салынады. «Xinjiang Lihua(Group) Co., Ltd» компаниясы аталған жобаларға жалпы 440 млн доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ. Өңірдің көрші Өзбекстанмен де сауда қатынасы жақсы дамыған. Екі ел ынтымақтастығы аясында Түркістан облысы Ташкент, Хорезм, Ферғана, Жызақ, Сыр­дария, Самарқан облыстарымен меморандумдарға қол қойды. Түр­кістан облысы құрылғаннан бас­тап экономикаға 4,3 трлн теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жоба іске қосылды. Қосымша 1,7 трлн теңгеге 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатын ТОП-20 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жос­парланып отыр. Облыста сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнер­кәсібі, құрылыс және тағы басқа салаларда Өзбекстан капи­та­­лының қатысуымен 40-қа жуық ком­пания жұмыс істейді.
Соңғы айларда құрылған индус­триалды аймақтардың бірі – Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінен, Жетісай бағытындағы жолдың бо­йынан аумағы 300 гектар болатын «Келес» индустриалды аймағы. Инфрақұрылым нүктелерін есепке ала отырып, аудан әкімдігі жер телімін де ұсынған. Ал Түркістан индустриалды аймағынан соғылған 2 браунфилдте бүгінде жиһаз және шұлық бұйымдарын өндіру цехтары жұмыс істейді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, жалпы индустриалды аймақтар­дың инфрақұрылымына бюджеттен жұмсалған қаржы 10 есе инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Өңірде өндірістік парк бойынша 39 өндірістік ғимаратты құру жоспарланған. Бірінші кезең бойынша 10 ғимарат құрылысы аяқталып, инвестиция сомасына 10 жоба іске асырылуда. Ал екінші кезең бойынша 12 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталды. Өндіріс орындарында орналасатын инвестициялық жобалар пулы жасақталып, ме­мо­рандумдарға қол қойылды. Үшінші кезең бойынша 17 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары да басталған.
Айта кетелік, өңірдің дамуы­на оң серпін беретін индус­триалды аймақтармен қатар жо­баларды «TURAN» арнайы эко­номикалық аймағына тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында шетелдік компанияның текстиль кластері, полимерлі құбырлар, тау-кен металлургия кешеніне арналған құрылғылар шығаратын зауыттар бар.
23 тамыз 2024 ж. 110 0