Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілден шыққан көрікті жер

Көңілден шыққан көрікті жер

Бүгінде еліміздің Ұлттық саябақтары туристердің қызығу­шылығын оятып, келіп көруге ынтықтырып-ақ тұр. Оның бір куәсі – күні кеше Нью-Йоркте болған «Winds of Change» иммер­сивті көрмесінде көрсетілген еліміздің көрікті жерле­рінің сюжеті жиындағы жұртшылықты таң-тамаша қалдырыпты.

Көңілден шыққан көрікті жер
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл цифрлы көрме – қоршаған ортаны қор­ғауға және көрікті жер­лерді сақтауға арналған. Аталған іс-шара Манхэттендегі (Нью-Йорк) «The Canvas 3.0» галерея­сы мен «Qazaq National Parks» жобасының (серіктес) қолдауымен ұйымдастырылды.
«Біз – қоршаған ортаға құрметпен қарайтын елміз. «Winds of Change» көрмесі – біз­дің ұлт­тық саябақтарымыздың кере­метін көрсетіп қана қоймай, әлемдік саяхатшыларға насихаттап отыр. Екіншіден, біз мұндай дамыған елдермен күш біріктіру арқылы қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сақтауға мол тәжірибе алмасамыз. Сонымен қатар жаһандық экологияның жақсаруына үлес қоса аламыз», дейді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
«Winds of Change» көрмесі америкалық натуралистерге елі­міз­дің ұлттық табиғи әсем сая­бақтарын және бірегей креативті жобаларын таныстырады.
«Көрмеге қойылған «Іле-Алатау тарихы» кітабы келушілердің қызығушылығын оятты. Онда ұлт­тық саябаққа қатысты өз өмірін табиғатпен байланыстырған адамдар: ғалымдар, зоологтер, ботаниктер, археологтер, гляциологтер, астрономдар, орманшылар, альпинистер, туристер, еріктілердің қызықты оқиғалары берілген. Ал «Адам және табиғат» лэнд-арт жобасы қазіргі адамдар табиғаттың бір бөлігі болып қала ма, жоқ па деген мәселені зерттейтін жоба. Аюсай шатқалында туристер қал­дырған қоқыстар көрсетіледі», дейді «Qazaq National Parks» серіктестігінің директоры Динара Гужавина.
Көрмеге келушілер «Шарын», «Алтынемел», «Іле-Алатау» қатар­лы ұлттық саябақтардың сим­волдық өнімдерін сатып алыпты. Жалпы, ұлттық саябақ­та­ры­мыздың насихатын жасайтын және ту­ристік инфрақұрылымды дамытумен айналысатын бірден-бір орын – ол «Qazaq National Parks» серік­тестігі екенін айта кет­кен жөн.
«Еліміздегі ұлттық саябақтар десе, жусанның исі, орман сыбдыры және тау бөктеріндегі құл­пырған гүлдер есімізге түседі. «Winds of Change» көрмесінде ке­лушілерге осыны сездірдік. Біз­дің саябақтар сонысымен талайларды қызықтырып тұр», дейді көрме жетекшісі Наргиз Магаева.
Айтпақшы, шығыстағы Катон­­қарағай ұлттық саябағы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының басым экоөңірлерінің бірі деп танылғаны белгілі. Талайды тамсандырған әсем бақ биыл нау­рызда «Green destinations Story Awards» байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінгені ел есінде болса керек. Байқау «ITB Berlin» ірі әлемдік туристік көрмесінде өткен еді.
Туризм – табысы тасқындап тұрған сала. Қазір әлемде кірісінің 90 пайызын осы саладан түскен қаражат қалыптастыратын елдер жетерлік. Біздің күніміз бұған қарап тұрмаса да, артық дәулет бас жармасы анық. Елімізде ондай қосымша табыс көзі боларлық туристік әлеует мол. Оны міне, Нью-Йорк төрінде тағы бір дәлел­деп бердік.
29 маусым 2024 ж. 186 0