ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ 16 МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ
Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі 16-18 маусым аралығында өтеді. Осы ретте жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен облыстағы аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың арнайы тізімі әзірленіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары көрсетілетін болады. Сонымен қатар, құрбандық шалуға ниетті азаматтарға оңтайлы болу үшін құрбан шалу оффлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Онлайн форматта құрбандық шалу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының qurban2024.kz ресми сайты іске қосылды. Бұдан бөлек, мал бағасын тұрақты ұстау және барлық санитарлық талаптарды сақтау үшін жауапты сала өкілдері күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халыққа кеңінен насихаттауда.
- Құрбан айт мерекесі – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен жақсылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Құрбан айт мерекесі күндері құрбандыққа шалынатын малдарды союға арналған арнайы орындар әзірленді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы, Белкөл кентінде 2 қасапхана қызмет көрсететін болады. Айта кетейін, құрбандыққа арналған орындардан басқа бекітілмеген жерлерде мал союға болмайтынын ескертемін. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынған малдың етін дер кезінде тарату мақсатында арнайы еріктілер тобы жасақталды. Бұдан бөлек, құрбан айт мерекесіне «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде спорттық сайыстар ұйымдастырылады, - деді ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілі, Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі