АУЫЗ СУ САПАСЫН РЕТТЕУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Жаз басталысымен тіршілік нәріне сұраныс артатыны сөзсіз. Әсіресе, тұрғындарға берілетін ауыз су сапасы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде облысқа қарасты Қызылорда, Арал, Байқоңыр қалалары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал, елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандарымен облыстағы ауыз су жүйесі мен оның сапасы туралы сөз қозғалды.
-Қызылорда қаласы бойынша ауыз суды тұтыну көлемі – 62 мың текше метрді құрайды. Ал, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш екі есеге дейін өседі. Осыған сәйкес, қазіргі таңда тұрғындарға ауыз суды тиімді пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Су сапасына келетін болсақ, қаладағы «Арай -2» және «Арай-3» мөлтек аудандарындағы ауыз су сапасына тұрғындар тарапынан шағымдар көп келеді. Бұл ретте ондағы тұрғындар «Арай» су алу құрылымдарымен қамтамасыз етілуде. Бұл құрылым 2013 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда судың сапасына байланысты талдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ұңғымалардан су алынып, зертханаларға сараптамаға жіберілді, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуалдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов.
-Бүгінде тұрғындарға 74 ұңғыма арқылы тәулігіне 74-78 мың текше метр ауыз су өндіріліп, берілуде. Дегенмен, ауыз су қажеттілігі артқан сайын су қысымы да көтерілуде. Қазіргі таңда барлық ұңғымалар мен су алу құрылымдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жаз мезгілдерінде көп қабатты тұрғын үйлерге су қысымын қажетті деңгейде жеткізу үшін тиісті қаржы бөлініп, межеленген жұмыстар орындалды. Жоспар бойынша 36 ұңғыманың 14-і және 6 бірлік су қысымын көтеру насос станциясына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл насос станциялар 63 көп қабатты тұрғын үйлердің су қысымын реттейді, - деді «Қызылорда Су Жүйесі» МКК директоры.
-Ауыз су тарату желілері негізінен үш қызмет түрін көрсетеді. Атап айтқанда, магистральдық құбырлар арқылы сумен қамтамасыз ету, тарату желілері арқылы су беру және ағынды суларды бұру. Бүгінде қала тұрғындарын есептемегенде 475 мыңнан астам тұрғын ауыз сумен қамтылған. Тиісінше, халықтың 70 пайызға жуығы тіршілік нәрін тұрақты тұтынып отыр, - деді «Арал» СЖКБД филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі