Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ЖОЛАУШЫ ВАГОНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

ЖАҢА ЖОЛАУШЫ ВАГОНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен №21/22 «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының жаңа вагондарының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шарада өңірдің теміржол саласында қажырлы еңбек ететін қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Аймақ басшысы экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласының халық үшін маңызын атап өтіп, теміржолшылар жұмысына сәттілік тіледі.
«Жол – тіршіліктің көзі, экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір, ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою» деген болатын. Бүгін біз өздеріңізбен бірге «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының толығымен жаңаланып, халық игілігіне берілуіне куә болудамыз. Теміржол көлігі – еліміздегі инфрақұрылымның маңызды бөлшегі. Кең байтақ қазақ жерінің қолайлы географиялық орналасуы, шекарасының кеңдігі мен заман талабы теміржол көлігінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыра түсуде. Сыр өңірінде де Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жол инфрақұрылымын, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын дамыту қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгін жаңа вагондармен толықтай жабдықталып, сапарға шығатын «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызы радиобайланыспен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындармен, арбамен, көтеріп-түсіру механизмдерімен қамтамасыз етілген. Осы бағытта 44 жаңа вагон сатып алынса, дәл қазір 10 вагон сапарға аттануға дайын. Бұрынғылардан қалған «Жол мұраты – жету» деген сөз бар. Ақ тілеулі, кең пейілді халқымыз ұзақ сапардың алғашқы қадамына, жол басына ерекше мән берген. Бүгін де жолаушыларымызды ел ағаларының ақ батасымен жолға шығарып саламыз. Жолаушылар пойызы ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын арқауы болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда теміржол вокзалы 1905 жылы салынған бір қабатты және 1969 жылы салынған үш қабатты екі ғимараттан тұрады. Былтыр вокзал ғимараты мен аумағы күрделі жөндеуден өтті. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 350 млн. теңге, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн. теңге қаржы бөлінді. Теміржол вокзалы қалаға кіреберіс қақпаның бірі болғандықтан, сол маңдағы ескі дүңгіршектер алынып, тарихи ғимарат бұрынғыдан да көріктене түсті.
Жиында «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Жәнібек Тайжанов пен теміржол саласының құрметті ардагері, Жалағаш және Қармақшы аудандарының құрметті азаматы Өмірбек Жүсіпов сөз сөйлеп, жолаушыларға арналған жаңа вагондардың ел игілігіне қызмет етуіне тілегін білдірді.
Биыл өңірімізде 27 млрд. 700 млн теңгеге 266 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайыздан асады. Өткен жылы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы көптің көкейіндегі «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыруға қатысты шешім қабылдаған болатын. Қазір бұл жобаның сметалық құжаттары әзірленуде. Тарихи шешімге түрткі болған жоба 2024 жылы басталады.
Сонымен қатар, 424 шақырым «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Республикалық маңызы бар жолдың біздің облысымыз арқылы өтетін 216 шақырымын жөндеу жұмыстарының жалпы құны 108,5 млрд теңгені құрайды. Толығымен аяқталғанда Ресей Федерациясын Орта Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ, еліміздің оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарын өзара оңтайлы байланыстыруға мүмкіндік ашылады. Бастысы жолаушы мен жүк тасымалы бірнеше есе артып, Қызылордадан Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты 9 сағатқа қысқарады.
Жолаушы тасымалының сапасы да басты назарда. Қазір Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен салынған «Қорқыт Ата» әуежайының халықаралық талаптарға сай, жолаушыларға барлық жағдай жасалған жаңа терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа терминал мамыр айында ел игілігіне табысталады деп күтілуде. Сондай-ақ, жақын күндері Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
10 сәуір 2024 ж. 101 0