Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазда жапон археологтары зерттеу жұмыстарын бастайды

Жазда жапон археологтары зерттеу жұмыстарын бастайды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Жапония ғалымдары бірлесіп, Сыр өңірінде археологиялық қазбалар жүргізеді. Күншығыс елінің өкілдері ғылыми жобаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография орталығының ғылыми қызметкері Ыслам Құрманиязовпен бірге жүзеге асырады.


Жобаға Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі қаржы бөледі. Сол елдің астанасы Токио қаласындағы Мэйдзи университеті Обсиадан және тастарды зерттеу орталығы археологиялық зерттеу жұмыстарын 2024-2027 жылдар аралығында жүргізеді.



– Сыр өңірінің археологиясына шетелдік ғалымдардың қызығушылығы ерекше. Бұл бағытта тәжірибелі мамандармен тыңғылықты жұмыс жүргізіп келеміз. Ендігі кезекте олардың қатарын жапониялық археология мамандары толықтырып отыр. Алдағы жазда өтетін зерттеу барысында өңірдің өткенінен сыр шертетін маңызды мәліметтерге қол жеткіземіз деген үміттеміз. Ғалымдар Арал маңының ежелгі дәуір ескерткіштерінен табылған жәдігерлерге археоботаникалық әдіс арқылы зертханалық талдау (қыш ыдыстарға) жасайды. Қазір жоғары оқу орындары арасында екіжақты меморандумға қол қоюға дайындық жүргізілуде. Зерттеушілер құрамына философия докторы, Мэйдзи университетінің Обсиадан және тастарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Эйко Эндо, Нара ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Шинья Шода кіріп отыр, – деді Ыслам Құрманиязов.
Оның айтуынша, жапон ғалымдары қыш ыдыстардағы ас қалдығын зерттейді. Аралдың солтүстік шығыс бөлігін қола және темір дәуірінде мекендеген тайпалардың, егіншілердің, бақташылардың тұрмыста қолданған қыш ыдыстарына назар аударады. Әсіресе тары, бидай секілді дақылдарды қалай пайдаланғанына кешенді зерттеу жүргізеді.
Жапондық ғалымдардың Сыр өңіріне іссапары тамыз айына жоспарланған. Іссапар кезінде университет базасындағы археологиялық қазбалар кезінде табылған қыш ыдыстарды зерттеп, Қазалы, Арал аумағындағы ескерткіштерді аралайды. Жоба аясында екі ел ғалымдары тәжірибе алмасады.
Сондай-ақ литвалық Гидре Мотузаите Матузевичюте Еуразия кеңістігіндегі ежелгі адамдардың тамақтану рационы және ауыл шаруашылығының дамуы мен таралуы туралы құнды зерттеу жүргізуге мән беріп отыр.
– Сыр өңірінде бірнеше өркениеттің ескерткіштері кездеседі. Олардың көбі әлі күнге дейін сырын ішіне жасырып жатыр. Қазір бұл аймақта археологиялық зерттеулердің қарқын алғаны қуантады. Олардың арасында Арал маңының ежелгі және ортағасырлық қалалары, оның ішінде Бәбіш-молла, Мыңарал, ортағасырлық Жанкент және Қышқала қалаларының тұрғын үй-жайлары бойынша қазба жұмыстары бар. Бұл археоботаникалық үлгілер Вильнюс университетінің зертханасында сараптамадан өтіп жатыр, – дейді Ы.Құрманиязов.
Археология ғылымының археоботаника бағыты ескерткіштердегі өсімдіктердің қалдықтарын зерттеумен айналысады. Мәдени қабаттарда көміліп қалған өсімдіктердің макро және микро қалдықтарын (жемістері мен ұрықтарын, таңбаларын) зертханалық сараптамадан өткізеді. Зерттеу барысында аталған қалалар және Арал маңын мекендеген халықтың экологиясы, егін шаруашылығы, сол заманда өмір сүрген адамдардың диетасы, күнделікті тұтынатын тағамы, көршілес елдермен сауда қатынастары туралы ақпараттарға қол жеткізуге болады.

Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
28 наурыз 2024 ж. 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930