Автобус аялдамаға ғана тоқтайды
Қызылорда қаласында қоғамдық көлік мәселесі шешілді. Осы кезге дейін әбден сынға түсіп келген түйткіл облыс әкімінің табандылығы арқасында тарқатылды.
Өткен жылдың қараша айында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алынды. Осылайша, 2013 жылдан бері жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында құрылған «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Серіктестік жұмысын БАҚ өкілдері аралап көрді.
– Ертеңнен бастап, халық игілігі үшін 23 бағыт іске қосылады. Қазіргі таңда, қалаішілік жолаушылар тасымалын күнделікті 150 автобус жүзеге асыруда. Қоғамдық көліктердің бағыттардағы қатынау интервалы 12-15 минутты құрайды. Серіктестік теліміндегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қосымша бағыттарға қосылуда. Жүйені цифрландыру, халықтың қоғамдық қатынас мәдениетін арттыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Ескеретін жайт, енді автобустар аялдамаға ғана тоқтайды. Тұрғындар осыны ескеріп, тәртіпке иліккені абзал, – дейді қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Исламов.
«СБ» ақпарат