Биыл облыстың 85 жылдығымен тұстас келген Қызылорда қаласының 205 жылдығы да аталып өтуде. Қала күні мерекесі аясында «Жастар карнавалы», «Жайдарманшылар фестивалі», «Кітап fest» көрмесі, «Шаттық» облыстық балалар хор ұжымдарының фестивалі, «Үздік аула» секілді көптеген шаралар ұйымдастырылды. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Өмірбекұлы Шәменовпен тілші әңгімесі тынымсыз қала тіршілігіне тағы бір шолу жасайды.
– Асылбек Өмірбекұлы, «бойында дарияның бір қала бар» деп ақындар жырлаған Қызылорда бүгінде бір кездегі бейнесінен «үр қала бар» деп айтатын сұлу келбетке көшті. Бұл – ел басқарған азаматтардың туған жерге деген адал парыз, алғаусыз жанашырлығы арқасында іске асып отырған игілік. Қаладағы тынымсыз еңбек ырғағы жайында жұртшылыққа нақтырақ ақпарат бере отырсаңыз…
– Әрине, әркімнің өз үйін таза ұстайтыны секілді туған қаламыздың да келбетті, көрікті болғаны – ортақ абырой. Қазіргі жұмыстардың дені тұрғындардың жайлы өміріне бағытталып отыр. Сонымен бірге қаланы абаттандыруға баса көңіл бөлінуде. Бұрын көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жарияланып, оны тендер алған мекеме атқаратын. Бұл өте тиімсіз, жұмысын бітірген мекеме онан әрі жауапты болмайтын. Енді міне, көгалдандыруға байланысты «Жасыл Қызылорда» атауымен арнайы мекеме құрылды. Мысалы, «Қызылорда тазалығы» тазалық жұмыстарымен айналысса, аталған мекеме қаланы желектендіреді, гүлдендіреді, аяқсумен қамтып, оларды күтіп ұстау міндетін атқарады.
«Ауылын көріп, азаматын таны» демей ме, абаттандыру жұмысы қай кезде де алдыңғы орында тұруы тиіс. Биыл жазда кеңейтіліп, жөндеуден өткен Бейбарыс сұлтан көшесін абаттандыруға 1 млрд 722,3 млн теңге бөлінген болатын. Қазір ауқымды жұмыс аяқталып келеді. Дарияның сол жағалауындағы Абылай хан даңғылын абаттандыруға да 541,8 млн теңге бөлініп, ол жұмыс та басталып кетті. Қалада үш жүзге жуық көше бар, алдағы жылы 100 көше жөндеуден өткізілетін болады.
Осылармен бірге теміржолмен жарыса жүретін Яссауи көшесін абаттандыру жұмыстары да басталмақ. Бұл көше кеңейтіліп, оның бойында түрлі демалыс орындары орналасады. Жоба жасалып, қаржысы шешіліп тұр. «Шұғыла» шағын ауданындағы қауын-қарбыз сататын базар жаңартылады. Кәсіпкерлер нысанды біздің концепциямызға сай жасайтын болады. Бұл арба итеріп жүретін, көрпе жамылып жататын базар емес, заманауи түрдегі, іші сыртынан көрінетін шыны қабырғалы, қауын-қарбызды қабылдайтын зертханасы, адамдар отырып демалатын дәмханасы бар сәнді базарға айналады.
Азанда үйінен шыққан адам жұмысына дейін демалып, айналасындағы көрініске көз тойдырып бару керек. Кешке үйіне де сондай көңіл-күймен оралуы тиіс. Бұл үшін қаланың көрікті болуы маңызды.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен қазір қаламызда 1000 орындық «Өнер орталығы», облыстық «Қан орталығы» және сол жағалаудан «Оқушылар сарайы» секілді іргелі ғимараттар бой көтеріп жатыр. Бұлардың бәрі де халыққа аса қажетті әлеуметтік нысандар, сонымен қатар олар қала үшін заманауи бет-бейнесімен де қымбат.
«Оқушылар сарайы» – мектеп балаларының ең көп шоғырланатын орталығы. Онда көптеген үйірме жұмысы, секциялар болады. Әр мектепте оқитын балалардың достық қатынасына мүмкіндік туады. Жеткіншектерді отангерлікке тәрбиелеу ордасы да сол болмақ. Әйтпесе, қазір балалардың көбі әлеуметтік желілер әсеріне алдануда. Смартфонмен сырласқан баланың кейбір жат әдеттерге бой алдыруы ғажап емес.
Сондықтан, «Оқушылар сарайын» сол жағалаудан ғана емес, қала орталығынан да салу жұмысын қолға алдық.
– Біздің қалада мектеп мәселесі шешімін тапқан дей аламыз ба?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаламызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен заманауи үлгідегі 8 мектеп салынады. Биыл 5 мектептің құрылысын бастадық. Ол мектептер – сол жағалауда, «ПМК-70», КБИ шағын аудандарында, «Арайда» және «Қызылжарма» ауылдық округінде.
Сол жағалаудан 300 орынға лайықталған жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Сіздің қабылдауыңызға азаматтар қандай мәселелер көтеріп келеді?
– Бұрын саяжай болған «Еңбек», «Сабалақ» шағын аудандарының тұрғындары жол, ауызсу, газ мәселесіне көп шағымданады. Кейінгі айларда «Сабалақтың» он төрт көшесіне тас төселді.
Биыл «Ақсуат» ауылдық округі газға қосылды. Қазіргі кезде «Қосшыңырау» ауылдық округінің Абай, Досан ауылдарына газ құбыры тартылуда. Бұл жұмыстар қараша айына дейін аяқталады. Бірер жылда қала айналасының бәрі де «көгілдір отын» игілігін көретін болады.
Көпшіліктің басты мәселелерінің бірі – баспана. Бір ғана қаланың өзінде қазір 27 мың адам пәтер кезегінде тұр.
Биыл жыл аяғына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында осал топқа жататын 620 жерлесіміз жаңа пәтерге қол жеткізеді. Сонымен бірге 640 отбасы несиелік пәтерге кіреді, 135 пәтер апаттық тұрғын үйде тұратын азаматтарға, 45 пәтер көпбалалы отбасыларға, 100 пәтер «Сыр жастары» бағдарламасы бойынша беріледі.
Жалпы жыл басынан биылғы тамыз айына дейін 278 отбасы жаңа баспананың кілтін алды.
– Қаламызда көлік көбейіп келеді, жол апаттары да орын алып тұрады. Жаяу жүргіншілер үшін жерасты өткелін салу жоспары бар ма? Қала ортасын бөліп жатқан теміржолдың арғы-бергі бетіне өту үшін кептеліс те пайда болып жатыр…
– Әрине, жерасты өткелі – жүргіншілер үшін қауіпсіз жол. Біз мұны зерттеп көргенбіз, күрделі технология әрі қаржысы тым қомақты шықты. Бірақ адам өмірі – бәрінен қымбат. Сондықтан алдағы жылдары жаяу жүргіншілерге жерасты өткелдерін салуды қолға аламыз.
Қазір көлік кептелісін азайту үшін жабылып қалған бұрынғы ескі теміржол өткелі ізімен жерасты өткелін салуға конкурс жарияладық. Бүгінде теміржолдың сол жағы мен оң жағындағы қаланы негізінен Қорқыт ата көшесіндегі тесік көпір мен «Ақмешіт» шағын ауданындағы аспалы көпір байланыстырып тұрса, осы жұмыс аяқталғанда қалалықтар көлікке және жүргіншіге арналған жаңа жерасты өткелін тұтынатын болады.
– Жақсы жаңалық екен. Теміржол қақпасының да қайта жаңғыртудан өтіп жатқанын көріп отырмыз.
– Облыс әкімінің ұсынысына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» компаниясы 347 млн теңге бөліп, теміржол вокзалының ғимараты жаңғыртылу үстінде. Ал вокзал аумағындағы перронға және автотұраққа жаңа асфальт жабындысы төселіп, жарық шамдары орнатылып, абаттандырылды. Бұл жұмыстардың атқарылуына жергілікті кәсіпкерлер 90 млн теңге қаржы құйды.
– Бұған қоса, жаңа автовокзал құрылысы да басталып кетті ғой…
– Жалпы құны 975 млн теңгені құрайтын Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа автовокзалдың құрылысы басталды. Бұл автовокзалдан барлық қалааралық, ауданаралық автобустар жүретін болады. Ол жерде жолаушыларға барлық жағдай жасалады.
– Қаланы абаттандыруда жақсы жұмыстар атқарылып жатқанын айттыңыз. Бөкейханов көшесі бойында, қазіргі автовокзал маңында орналасқан бірнеше екі қабатты үй бар. Бұл үйлерде кәріз жүйесі жоқ, сыртқы келбеті де тым ескі, көзге қораш…
– Бұл екі қабатты үйлерді бұзып, олардың тұрғындарын жаңа үй салып көшіріп, орнына келбетті ғимарат немесе астыңғы қабатында тұрмыс қажетін өтеу орындары орналасқан көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізетін инвестор іздеп, ұсыныс жасағанбыз. Инвесторлар, әрине, ең алдымен өз қаржысының қайтарымын ойлайды. Осы мәселеге келгенде әзір белсеніп шыққаны жоқ. Бірақ алдағы уақытта бұл міндетті түрде қолға алынатын жобаның бірі болып отыр.
– Қаланың солтүстігіндегі «Қызылжармадан» «Бәйтерек» ауданы мен қаланы байланыстыратын көпір құрылысы басталды. Алайда жұртшылық осы жарманы жағалап жүретін автожолға да бір жөндеу керек десіп жүр.
– Сіз айтып отырған көпір құрылысы бітуге таяу. «Қызылжармаға» осындай тағы бір көпір түседі, сонда «Бәйтерек» тұрғындары қалаға тұс-тұстан кіре алатын болады. Ал автожолға келсек, бұрын ол «Құмкөл» теңгеріміндегі жол болатын, осы күні қала құзырына қарады. Қазір Жезқазған трассасы салынып жатқандықтан, бұл жолмен ауыр жүк көліктері жиі жүреді. Сондықтан дәл бүгін ол жолға жөндеу жұмысын жүргізу тиімсіз. Келесі жылы Жезқазған трассасының жұмысы бітеді, сол кезде «Қызылорда-Құмкөл» жолы да жөндеуден өткізіледі.
– Қала әкімдігіне айтылатын халықтың талап-тілегі көп болар?
– Қанша көп болса да, халықтың талабы бірінші орында. Дегенмен, оны іске асыру заңдылыққа сай жүргізіледі, кей кезде кезеңін, кезегін күтіп қалады. Бірақ бәрібір іске асырылады.
Тұрғындардың талай жылғы талап-тілегі ескеріліп, Досан елді мекенінде медициналық бекет және «Ақжарма» ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынуда. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қаражат бөлінді. Аталған нысандар жыл аяғында пайдалануға беріледі.
Ал Сырдарияның сол жағалауынан 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салынады. Бұл да – халықтың талабы.
Халықтың талап-тілегі көпшілік көлігіне байланысты да көбірек айтылады. Облыс әкімінің қолдауымен биыл «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-на тағы 150 автобус сатып алуға қаражат бөлінді. Бүгінде сол автобустардың 50-і келді, қалған легі енді келеді. Осыларды толығымен қалаішілік бағыттарға қоссақ, жолаушылар тасымалындағы түйткілдерге нүкте қоятын боламыз.
– Іске асырылып жатқан мол жұмысқа бір мақала жетпейді. Біз де әңгімеге нүкте қояйық деп отырмыз. Қала күні мерекесі аясында бір ай бойы түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Халыққа рухани демалыс болды.Қала жұртшылығына қандай ізгі тілек арнайсыз?
– Ең бастысы, ел аман болсын, ел ішінде бәріміз аман болайық. Халықтың ауызбірлігі бұзылмасын, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Ұрпағымызға өнеге көрсетіп, олардың бақытты болашағын жасауға атсалысайық.
Туған қаламызды болашақта еліміздегі ең көрікті, ең келбетті қаланың біріне айналдыру үшін еңбек етейік.
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ