Қазақстанда шөп қымбаттады
Коллаж: Halyq Uni
Қазақстанда биыл құрғақшылыққа байланысты бірқатар өңірде қысқы мал азығы аз жиналды. Нәтижесінде бүгінде еліміздің басым бөлігінде шөп бағасы қымбаттаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл еліміздің өңірлерінде шөп бағасы былтырғымен салыстырғанда едәуір қымбаттаған. Мәселен, 2022 жылы шөптің бір тоннасына орташа баға 24-30 мың теңге аралығында болған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың тамыз айында республикада бойынша шөптің орташа бағасы 32 519 теңгені құраған. Өңірлер ішінде ең қымбат Түркістан облысы болса, Шығыс Қазақстан облысында ең арзан.
Olx.kz сайтында жарияланған жарнамаларды саралай келе, Қарағанды облысында шөптің бір бумасы 12 мың теңгеден бастап, 16 мың теңгеге дейін сатылып жатқанын байқадық. Биыл құрғақшылыққа байланысты шөп ең жиналған Павлодар облысында шөптің бір бумасы 8 мыңнан басталып, 16 мың теңге дейін ауытқиды. Ал Ақмола облысындағы баға 9 мың теңгеден 17 500 теңге аралығында болса, Солтүстік Қазақстан облысында баға 12 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін өзгереді. Ұлытау облысында бір бума шөп саудаға 18 мың теңгеден қойылған. Сондай-ақ Атырау облысындағы шөптің ең төменгі құны 8 мың теңгеден басталып, 12 мың теңгеге дейін жетеді. Қостанай мен Маңғыстауда шөптің бір бумасы 13 мың теңге деп көрсетілген.
«КӨМЕК ТЕК ІРІ ҚОЖАЛЫҚТАРҒА БЕРІЛЕДІ»
Ақмола облысының фермері Абай Медеубаевтың шаруа қожалығы бар. Қарамағында 40-қа жуық жұмысшысы бар агрофирма өзіне керек шөпті дайындап алған. Алайда ауылда шөп шаба алмаған мал ұстаушылар бар. Себебі шөп шабу үшін арнайы техника жоқ.
Бар шөпті шауып, қысқа қажетті мал азығын дайындап алдық. Шынын айтсақ, биыл шөп жоқ. Нашар өсті. Жаңбыр жауып, қазір жер көгеріп жатыр. Әлі шауып алуға болады. Техникасы барлар шөпті шауып алады, ал техникасы жоқтар шөп жинай алмай қалды. Биыл шөптің бағасы қымбат, өйткені техника мен дизельдік отын бағасы қымбаттады. Мәселен, судан шөбінің тоннасы 70 мың теңге, қалған шөптің бағасы 50-60 мыңның маңайына жетті. Біздің өз шаруашылығымыз болған соң, дайындап үлгердік, - деді ол.
Сондай-ақ ол шағын қожалықтарға үкіметтен көмек жоқ екенін айтып отыр.
Биыл құрғақшылық болды. Үкіметтен айтарлықтай көмек жоқ. Арзан бағамен дизель отыны беріледі дейді. Оны тек ірі қожалықтарға береді. Ал аз ғана мал ұстап отырған халыққа бермейді. Біздің қожалығымыз ірі болғандықтан дизель отынын берді. Арзан дизельдің бағасын 277 теңгеден сатып алдық, ал оның былайғы бағасы 290 теңге. Сондағы айырмашылық бар болғаны 12 теңге. Ауылдағы ЖШС, шаруа қожалықтарына кірмейтін шағын мал ұстап отырған үйлер бар. Оларға үкімет ешқандай көмек бере алмайды, - деп қосты фермер.
Бұған қоса, фермер астықты сатып алу бағасы бекітілмегенін айтты.
Қазір егін жинау жұмысы жүріп жатыр. Министрлік неге әлі астықтың бағасын бекітпей отыр деген сұрақ туындайды. Азық-түлік корпорациясы бағаны қоюы керек еді. Бүгінде алып-сатарлар 80-100 теңгеден алады. Шын мәнінде 120-130 теңгеден болуы мүмкін. Одан бөлек субсидия мәселесі бар. Былтырдан бері Ақмола облысына ақша жетпей фермерлерге субсидия берілмей жатыр. Жеңілдетілген несие бар, биыл құрғақшылықтан өнім мардымсыз болды. Үкімет несиені қайтару мерзімін ұзартуы керек. Елдегі екінші деңгейлі банктер банкрот болғанда үкімет көмектесті ғой. Ауылда істеп жатқан шаруалар мемлекетке салық, жұмысшыларына жалақы төлеп отыр. Сондықтан шаруаларға үкіметтен көмек болуы керек, - деді Абай Медеубаев.
«СУБСИДИЯ ҚАРЖЫСЫ ТҮСПЕЙ ЖАТЫР»
Батыс Қазақстан облысының фермері Саян Баетов былтырдан қалған шөпке сенім артып отыр.
«БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында шөп жоқ. Биыл құрғақшылық болды, бар шөпті киіктер жеп қойды. Мал арық, қысты көтере алмай қала ма деген секем бар. Біздің былтырдан қалған шөбіміз бар. Қазір Ресейден әкелінген жем көп, демпинг жасаған соң біздікілер де бағасын түсіріп жатыр. Бүгінде Оралда жем арзан. Мысалы, Жәнібек ауданында Ресейден әкелінген жем 70 теңге, Оралда комбайннан алатын болса 50 теңгеден сатылуда. Шөп жоқ болған соң, қымбат, шамамен 8 мың теңге, саудаласып тоннасын 7 мыңға алуға болады деп ойлаймын. Бір сиыр қыста тәулігіне 15-20 келі шөп жейді деп есептейміз. Дәл қазір қымбат болса да, шөп алатын жер жоқ», - деді фермер.
Фермер мемлекеттен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін субсидияның түспей жатқанын айтады. Сол қаржыға шаруалар қажетті азық алып, малды семіртіп тапсыра алатын еді деп есептейді.
Субсидияның қаржысы түспей жатыр. Сол қаржы түссе жем алып, жануарларды жемдеп дайындап жіберетін едік. Қазір күздің басы, бұзауларды сатып жем ала қоятын емес. Өйткені мал арық. Әркім қолынан келгенше дайындалып жатыр. Мемлекет өз бетінше, шаруалар өз бетінше өмір сүріп жатыр. Оның үстіне еттің бағасы арзан, өйткені ет көп. Рубльдің бағасы түскен соң, Ресей мен Белорусьтен сиыр еті келіп жатыр. Олардың сиырлары шұрайлы жерде өскен, ірі болады. Яғни салмақты көп береді, бірақ сапасы туралы ештеңе айта алмаймын. Оның қасында біздің сиырлар бәсекеге қабілетсіз, кіші болып келеді. Мысалы, еттің бағасын 1800,2000 және 2200 теңге деп үш түрге бөліп қараса, біздің еттеріміз ең төменгі бағамен сатылып жатыр.Тіпті, сол ең төменгі бағамен сатылса да, шүкіршілік қылатын едік, - деп толықтырды сөзін.
Сонымен қатар фермер тірі мал экспортына шектеу мәселені ушықтырып тұр деп есептейді.
«Асыл тұқымды малдардың бәрі қазір сойылып жатыр. Онда да бәсеке көп, біздің қара малдар қазір ешкімге керек болмай жатыр. Ет көп, сондықтан баға жоқ. Үкімет Ресейден келіп жатқан етке шектеу қою немесе шекараны ашу мәселесін қарауы керек шығар. Әйтпесе шаруалар қолындағы малын сатып, сатпағаны өліп, 2-3 жылда шаруашылықтардың саны азаюы мүмкін. Бұл ет тапшылығына әкеледі. Экспорт жабылған соң жылқы еті де өтпей тұр. Бұрын құлын, жабағыларды кемінде 200 мың теңгеден, келесі жылы тайын 250-300 мың теңгеден бастап сататын едік. Қазір 1,5 жылдық тайлар 200 мың теңгеге әрең өтеді. Жабағылар көп, күзде мүлдем өтпейді», - деді Саян Баетов.
«КЕЙ ӨҢІРДЕ ШӨП ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАДЫ»
Қазақстанның фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов шөптің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе өскенін айтады.
Биыл Павлодар облысында шөптің бағасы тоннасына 25 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін өскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ Қарағанды облысында 32 мыңнан 60 мың теңгеге дейін көтерілген. Ал Шығыс Қазақстан облысында 50 мыңнан 75 мыңға жеткен. Жамбыл облысында биыл құрғақшылық болып, егін шықпай қалып, бұл фактор бағаның көтерілуіне ықпал етті. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жедел ақпараты, ол құбылуы мүмкін. Әлбетте төмен жағына болады деп ойламаймын. Бір ауылдың ішіндегі екі жерде екі түрлі баға болуы мүмкін, - деді Әбуов.
Биыл жаңбырға байланысты астықтың сапасы төмендеп, көлемі де азайған.
Арпа, жемдік астықтың бағасы 60 мыңның маңайында. Былтырмен салыстырғанда қысқа шөпті дайындау көлемі аз болуы мүмкін, бірақ жем салыстырмалы түрде едәуір арзан. Ірі шаруашылықтардың көбінде өз алқаптары бар. Аз мал ұстайтын, яғни жұртшылық шаруашылықтардың ондай алқаптары жоқ. Сондықтан олардың көбі жемшөпті нарықтағы бағамен сатып алады. Жұртшылық шаруашылықтар, орта және төмен буынды фермерлер үкіметтен ешқандай субсидия алып отырған жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар жұртшылық шаруашылықтарға жемшөп мәселесінде көмек көрсетуі керек, - деді қауымдастық өкілі.