Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірде 34 индустриялық жоба жүзеге асырылуда

Өңірде 34 индустриялық жоба жүзеге асырылуда



Қызылорда облысында индустрияландыру аясында құны 607,7 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 6,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында хабарлады.

«Биыл жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, бие сүтін өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты іске қосылады. Бұл ел тұрмысын жақсартуға айрықша септігін тигізеді.

Былтырғы қазан айынан бері өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытында жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 6 айда 6,2 млн. шаршы метр шыны өндірілді. Зауыт өнімі еліміздің аймақтарына, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда», – деді аймақ басшысы.


Айта кетейік, шыны зауыты айналасына шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру үшін «Хорн» неміс компаниясының технологияларын тартып, жылына 120 млн. дана шыны бұйымдарын шығаратын зауыт жобасы жүзеге аспақ. Импортты алмастыру бағытындағы жоба халықаралық стандарттарға сай түрлі шыны ыдыстарды өндіруге, шыны бұйымдарын ТМД елдеріне кеңінен экспорттауға жол ашады.

Ірі жобалардың бірі – «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталады. Құны 235 млрд. теңге болатын жоба бойынша Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
11 тамыз 2023 ж. 159 0