Қоғамдық көлік мәдениеті – ортақ жауапкершілік
Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында қоғамдық көлік мәселесі едәуір жақсарды. Облыс орталығында барлық талапқа сай келетін автобустар халыққа қызмет көрсете бастады. Онда электронды төлем жүйесі орнатылып, жолақы төлеу мәдениеті өзгерді. Десе де әлі проблемалар жоқ емес. Соның ішінде «Қоғамдық көлік мәдениетін қалай қалыптастырамыз?» деген сауал бар. Бұл – автобус жүргізушісіне де, жолаушыға да қатысты мәселе. Осы орайда «Қызылорда автобус паркі» мамандарының пікірі қандай? Алдағы уақыттан қандай жаңалық күтеміз?
Серіктестік осыдан он жыл бұрын жұмысын бастаған еді. Қазір тұрғындарға күнделікті 150 автобус қызмет көрсетуге жолға шығады.
– Жолаушылар тасымалдау мәселесін жақсарту – ұдайы назарымызда. Расы керек, Д санатындағы жүргізушілердің жетіспеушілігі байқалады. Осы мәселені шешуге мән беріп отырмыз. Оларды жұмысқа қабылдар алдында қойылатын талаптар бар. Мәселен, жүргізушілікке үміткер азаматтың еңбек өтілі бес жылдан кем болмауы тиіс, олардан Д санаты міндетті түрде талап етіледі. Сондай-ақ, өзге де талаптарға сай келген жүргізушілерге автобус тізгіндеуге рұқсат етіледі, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.
Қазір автобустарда халыққа қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып отыр. Жергілікті жолаушылар жаздың ыстық күндерінде салқындатқыш қосылған қоғамдық көлік қызметін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, автобустарда электронды төлем жүйесіне арналған құрылғылар орнатылған.
Ал алдағы жылдарда бірінші және екінші топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған кісілерге осындай жеңілдік жасау жоспарда бар. Бұл халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асады.
Жалпы қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру, тұрғындарға сапалы және қауіпсіз қызмет көрсету – негізгі міндет. Бұл тек автобус жүргізушілеріне ғана қатысты емес. Оған жолаушылар, жолда жүру процесіне қатысатын өзге де көлік құралдарының жүргізушілері де жауапты.
– Осы орайда жол жүру ережесін қатаң сақтау арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болады, яғни, жолда жүру мәдениетін қалыптастырудың мәні өте зор. Көп жағдайда жолаушылар автобус жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс арттыратынын айтып шағымданады. Бұл жол жүру ережесін өрескел бұзуға алып келеді. Жергілікті тұрғындар олардың қарсы бағытқа шығу, аялдамада тоқтаған немесе орнынан қозғалған кезде тежегішті дұрыс қолданбау салдарынан жолаушылардың өміріне қауіп төндіру секілді жағдайлардың туындағанын айтып жатады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде немесе мекеменің арнайы парақшасына жолаушылар ескертпесіне жүргізушілердің дөрекі мінез танытуы, көлік құралдарын басқарып келе жатып үнемі ұялы телефонмен сөйлесіп қауіпсіздік талаптарын сақтамайтындығы жөнінде сыни жазбалар жарияланады. аталған жағдайларға байланысты серіктестік басшылығына тікелей шағымданатын жолаушылар аз емес. Біз келіп түскен әрбір сыни пікірлер, хабарламалар мен арыз-шағымдарды назардан тыс қалдырмаймыз, – деді серіктестік директорының орынбасары Әмірбек Шаймағанбетов.
– Әрбіріміз назар аударатын мәселе бар. Мәселен, қоғамдық көлікте жүру мәдениетін қалыптастыруда жолаушылардың да ролі өте жоғары. Кейбір тұрғындар спирттік ішімдік ішіп алып, салон ішінде жолаушыларға дөрекілік танытады. Жүргізушінің жұмысына кедергі келтіреді. Жолақысын төлемеу мақсатында бұзақылық әрекетке баратындары да бар. Сондай-ақ, кейбір жолаушылар жүргізушілерге өзінің ыңғайына қарай кез келген жерге тоқтатуды сұрайды. Ал талабы орындалмаған жағдайда дөрекілік танытып, кейде бұзақылық әрекетке барады. Біз оны салон ішінде орнатылған бейнекамера арқылы анықтаймыз. Оны құқық қорғау органдарына тиісті шара көру үшін жолдаймыз. Бұдан да басқа жол қозғалысына қатысушы өзге де жеңіл және ауыр жүк көліктері жүргізушілеріне ұсыныс айтамыз. Олар жолаушылар автобусына кептеліс (затор) жағдайында басымдық беріп, аялдамадан шығатын немесе тоқтауға маневр жасауда кедергі келтірмей түсіністікпен қараса дейміз. Қысқасы, қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастыру – бәріміздің ортақ мақсатымыз екенін ұмытпайық, – дейді серіктестік директорының орынбасары.
Өкінішке орай, алғашқы жартыжылдықта «Қызылорда автобус паркі» жүргізушілер тарапынан жаяу жүргіншілердің қаза болуына әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы болды. Бірнеше дене жарақатын алу дерегі де тіркелді. Кейбір жүргізушілердің жол жүру ережесін өрескел бұзуы мекеме теңгеріміндегі автокөліктерге де материалдық шығын әкелген.
– Жүргізушілер тарапынан болған әрбір келеңсіз жағдай мен жол-көлік оқиғасының себебін анықтау – қатаң бақылауда. Бұл мәселе жол полициясы және полиция басқармасының анықтау бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен жүргізушілердің толық құрамында талқыланды. Соған сай біріккен іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тарапынан «Автобус», «Жылдамдық», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел-профилактикалық іс-шараларға мекеменің жол қауіпсіздігі инженерлері мен еңбек қорғау бөлімі қызметкерлері қатысуда. Жалпы, «қоғамдық көлік мәдениетін қалай қалыптастырамыз?» деген сауал – бәрімізге ортақ тақырып. Мәселен, жолаушы жүргізушінің қалыпты деңгейде жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Өйткені, жүргізушінің міндеті – азаматтарды межелі жеріне дейін аман-сау жеткізу. Сондықтан олар басқа жағдайға алаңдамауы қажет. Қазір осы негізде тиісті талаптар күшейіп отыр. Жолаушылар тасымалдау ісінде жеке азаматтардың да көмегі көп. Автобус паркі қала ішіндегі қоғамдық көлік мәселесін толықтай қамтамасыз еткен жағдайда халық біз айтқан мәселелерге назар аударса әрі қоғамдық мүдде үшін әрбір іске түсіністік танытып отырса деген ұсынысымыз бар. Бұл қоғамдық мәдениеттің бір өлшемі болар еді, – дейді Ә.Шаймағанбетов.
Әділжан ҮМБЕТ