Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шахмардан Смайлов: Ең көп тараған тері ауруларының түрі – псориаз және микроспория

Шахмардан Смайлов: Ең көп тараған тері ауруларының түрі – псориаз және микроспория




Жылдың төрт мезгілінде де өзектілігін жоғалтпайтын бір мәселе болса, ол – тері күтімі. Қазіргі таңда әлемде қоршаған ортаның қолайсыз әсерінен көптеген адамдар тері ауруларына шалдығуда. Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, адам денесінің ең нәзік бөлшегінің маңызы зор. Оған бей-жай қарау – қауіпті тері ­ауруларына әкеліп соқтырады. Біз бүгін тері ауруларына байланысты көптеген сауалға жауап табу үшін Шиелі аудандық емханасының дерматовенеролог дәрігері Шахмардан Смайловпен сұхбаттаасқан едік.

– Шахмардан Көрегенұлы, ең әуелі тері ауруларына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Ол неден пайда болады?
– Жалпы адам баласының ең нәзік бөлшегі – тері. Сондықтан да теріге қашан да күтім керек. Тері ауруларының түрі өте көп. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда қоршаған ортамызда болып жатқан қолайсыздықтардың салдары теріге әсер етеді. Әсіресе, біз тұратын аймақ шаңды, желді өңір болғандықтан, ол да тері ауруларына жиі шалдықтырады. Бұдан бөлек адам салауатты өмір салтын ұстанбаса, дұрыс тамақтанбаса тері ауруларын өзіне тез қабылдап алады. Бұл – иммундық жүйемен тікелей байланысты. 

– Жалпы елімізде көп тараған тері ауруларының түрлері қандай?
– Елімізде ең көп тараған тері ауруларының түрі – псориаз және микроспория. 

– Аталған тері аурулары қалай, қайдан пайда болады? Алғашқы белгілері қандай? 
– Псориаз – терінің созылмалы ауруы болып саналады. Псориазбен ауырған науқастың бас терісінде, тізесінде, білек буындарында, сондай-ақ арқасының төменгі тұстарында тері қатпарларының орнына қатты қышитын тығыз, талаураған қызыл түсті дақтар пайда болады. Кейде әлгі дақтар күлгін түсті болып келеді. Псориазбен  бір рет ауырып, айығып шыққан науқасты аталмыш дерттен толық жазылуы мүмкін емес. Өйткені, ауру жасырын формаға ауысып кетуі мүмкін. Сондықтан толық айыққан адамның өзі үнемі дерматологтың бақылауында ¬болуы қажет.  Ал микроспория көбінесе жан-жануарлардан жұғатын ауру түрі болып саналады. Мұнымен көп жағдайда балалар жиі ауырады. Себебі кішкентайлар ит пен мысықпен көп ойнайды. Ал балалардың терісі бактерияны тез жұқтырғыш келеді. 

– Дұрыс тамақтанбау теріге қаншалықты әсер етеді? Мәселен, асқазаны, бауыры ауыратын науқастың терісінде өзгеріс пайда болатыны белгілі. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Терінің жай-күйі адамның өмір салтына, әсіресе, тамақтануға, асқазан-ішек жолдарының жай-күйіне, гормоналды жүйеге, ағзада паразиттердің бар-жоғына тікелей байланысты. Сондықтан ішікі ағзалары ауыратын науқастың ащы, майлы, тәтті тағамдарды көп тұтынбағаны абзал. Мұндай жағдайда адамның терісі қабынып, бөртіп кетеуі ғажап емес. Сондай-ақ біз адамдарға  мүмкіндігінше қоғамдық орындарда тамақтанбауға кеңес береміз. Әсіресе фаст-фуд, сондай-ақ тез дайындалатын консерванттар тері ауруларын қоздырады.

– Ал балалардың тері аурулары жөнінде не айтасыз? Қазіргі таңда жаңа туған нәрестелерде көптеген тері аурулары кездеседі. Неліктен?
– Балалардың терісі – бала ағзасының күйін көрсететін айнаға ұқсас. Ол жұқпалы, физикалық және химиялық факторлардың әсерінен өте сезімтал келеді. Егер баланың күтімі нашар болса, теріде түрлі аурулар пайда болады. Ол тек теріні ғана бүлдіріп қоймай, басқа да  ауруларға шалдықтыруы мүмкін. Көп жағдайда әйел адам жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбағандықтан, бір реттік жөргектерді жиі пайдаланғандықтан нәрестенің терісінде түрлі қышыма, диатез, сарғыш сынды аурулар пайда болады. Ал оның алдын алу үшін баланың денесін таза ұстап, апта сайын төсек жаймаларын ауыстырып, баланың киімін жиі жуып, үтіктеп отыру қажет. Бұдан бөлек әйелдің өзі де салауатты өмір салтын ұстануы керек. Сонда балада тері аурулары пайда болмайды. Ал туа бітті пайда болатын тері ауруларына келер болсақ, мұндай аурумен ауратын балалар міндетті түрде біздің бақылауымызда болады. Өйткені мұндай ауру түрімен ауыратын науқастарға үнемі ем-дом шаралары қажет болады. 

– Тері саулығы үшін не маңызды?
– Терінің саулығы үшін өмір салты, тамақтану, жалпы ағзаның саулығы маңызды. Уақытылы тексерулерден, скринингтерден өтіп тұру керек, салауатты өмір салтын ұстану қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет!
04 мамыр 2023 ж. 210 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930