Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелілік театрдың жарты ғасырдан астам тарихы бар

Шиелілік театрдың жарты ғасырдан астам тарихы бар




Театр – тәрбие бесігі, өнердің айнасы. Көрнекі жазушы Ғабит Мүсіреповтың  «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі де тегін болмаса керек. Расында, театр – адамзат баласына рухани азық сыйлайтын қасиетті мекен. Ал сол қасиетті де қастерлі саналатын театрды сахна әртістерінсіз, өнер ұжымынсыз елестету мүмкін емес. Сондай өнер ұжымының бірі, ауданның ғана емес Сыр елінің абыройын асқақтатып жүрген  – «Халық ­театры».

Бір қарағанда сіз бен біз көріп жүрген театрлық қойылымдар мен спектакльдердің жұмысы сахнаның бергі жағынан оңай көрінуі мүмкін. Алайда, көптеген адамдар сахнаның арғы жағындағы қаншама еңбекті байқамайды, ауыр қиындықтың бар екенін біле бермейді. Сахна артындағы жұмыс көзге көрінбегендіктен, кейде ескерілмей жататыны да шындық. Ақиқатында біздің жанарымызға жас толтырып, алпыс екі тамырымызды шымырлатып жіберетін қойылымдардың бәрі қаншама сүзгіден өтеді, мықты дайындықты талап етеді. Әрине, мұның барлығы театр ұжымының бірлесіп, ұйымдасып атқаратын қажырлы еңбегінің арқасында ғана жүзеге асады.

Қазіргі таңда қаншама қиындықтан өтіп, қаншама жүлдені қанжығасына байлаған театрлар көп-ақ. Мақаламызға арқау болып отырған «Халық театрын» да солардың бірі десек, артық айтпағанымыз болар. Олай деуімізге де себеп көп. Жарты ғасырдан аса тарихы бар өнер ұжымы ең алғаш 1967 жылы драма үйірмесі болып құрылған еді. Көркемөнерпаздардан құрылған құрам 1991 жылға дейін ел арасында үйірме ретінде танылды. Сол жылдан бастап үйірме әртістері «Үлгілі» атағын қорғап, ел алдына «Халық театры» деген атпен шыға бастады. Театр атағын алған өнер ұжымы сол уақыттан күні бүгінге дейін халықтың сүйікті театрына айналып келеді. Иә, «Халық театрын» бүгінде өнерге ғашық өнерпаздар жазбай таниды. Себебі, оның жеткен жетістіктері жайлы топ-том кітап жазуға болады. 

«Өнер жолы – ауыр жол» дейді қазақ. Әсіресе нәзік жандылар мен қыз баласы үшін бұл жолмен жүру оңай болмасы анық. Десе де, қазақ сахнасында қаншама әйел затының өнер үшін жан бергенін білеміз. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әмина Тасболатова. Ол – Халық театры өнер ұжымының ең алғашқы режиссеры болып, есімі тарих бетінде алтын әріптермен қалды. Әмина Қажықызы театр сүйер қауымға көптеген спектакльдер мен қойылымдарды ұсынды. Атап айтар болсақ, Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», К.Кемеңгерұлының «Алтын сақина», Б.Тәжібаевтың «Батақтың сарысы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Қ.Мұхаммеджановтың «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын» сынды көптеген төл туындыларын сахналап, ел алғысына бөленді. Аталған қойылымдардың барлығы бүгінде әлі де көпшілік көрерменнің есінде.
 
Иә, «Халық театрының» жеткен жетістіктері мен талай жылғы еткен еңбегін өнерге ғашық жандар жақсы біледі. Өнер ұжымы тек аудан деңгейінде ғана емес, облыс, тіпті республика көлемінде шығармашылық іс сапарлар жасап, төл туындыларымен талайды қуантты. Тіпті, қаншама фестивальдар мен байқауларда оза шауып, Сыр елінің мәрбесін асқақтатты. Мәселен, «Халық театры» 2006 жылы облыстық ¬«Театрлар көктемі» фестиваліне қатысып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналады. Аталмыш театрдың режиссеры Әмина Тасболатова «Ең үздік режиссер» атағына ие болса, өнер ұжымының мүшесі Ғ.Маханов «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.

Бұдан бөлек 2010 жылы Қызылорда қаласында өткен «Театр көктемі – 2010» атты облыстық драма ұжымдары мен халық театрларының фестиваліне қатысып, О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» атты 3 актілі спектаклін қойып, «Ең үздік қойылым» номинациясын қанжығаға байлады. Ал 2013 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Рауан» фестиваліне қатысып, Әкім Таразидің «Қыз махаббаты» драмасын қойып, бас жүлдеге ие болды. 2014 жылы ұжым өнерпаздары көпшілік қауымның алдында «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналаса, 2015 жылы Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесу» драмасын өнерсүйер қауымға жолдады.

Бұдан бөлек 2016 жылғы «Құдағи келіпті» комедиясы да халықтың есінде өз ерекшелігімен қалды. Иә, «Халық театрының» сахналаған қойылымдарын айта берсек көп-ақ. Өнер ұжымының «Діннен шыққан дүрбелең», «Ең үздік әйел рөлі», «Жан дауа», «Телғара», «Суицид алаңынан репортаж» сынды қойылымдары да сіз бен біздің есімізде мәңгі қалары анық. Ал 2020 жылы сахналанған драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» атты драмасы күллі Сырт жұртшылығының сүйікті қойылымына айналып үлгерді. 

Биылғы жылы да «Халық театры» көрермен көзайымына айналып, тағы бір жүлдені иемденді. Өнер ұжымы сәуір айында Ақтөбе облысында өткен байқауда да үздік деп танылды. Ақтөбе облысының әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, және Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау жазушы Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналып ұйымдастырылған еді. Міне, дәл осы байқауға  республиканың 7 облысынан 10 халық театры қатысты.

Бұл фестивальде Қызылорда облысынан Шиелі ауданының мәдениет және спорт бөліміне қарасты Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы жанынан құрылған «Халық театры» ұжымы Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасын сахналады. Ал «Театр – өнердің ұлы көші» атты республикалық халықтық театрлар фестивалінде ұлы өнердің құдіретін ұғынған жерлестеріміз І орынға ие болып, «Ең үздік сценография» номинациясын жеңіп алды.
04 мамыр 2023 ж. 231 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930