Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАР БІЛІМ КІТАПТА

БАР БІЛІМ КІТАПТА

«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Бұл бала кезімізден санада жатталып қалған құнды сөз. Осы бір тәмсілді кішкентай кезімізде түсіне бермеуіміз мүмкін. Алайда балалық шағыңда оқыған кітаптың өмір бойы есіңде қалатыны анық. Кейде қалмай қалатын тұсы да кездеседі.
Әрине, кітапқұмар жұртшылықтың бір кітапты қартайған шағына дейін бірнеше рет қайталап оқуының себебі бар. Өйткені оны әр жаста оқыған сайын адамның түйсінуі бөлек болады. Қайыра пайым жасайды, ой қорытады. Бірақ кітапты қалай оқу керек? Әркім әрқалай, біреу жылдам оқиды, екіншілері қарап шығады. Соңғысы түйсіну емес. Бірақ кітап оқыған адамның жан дүниесі терең, сөз саптауы ерек болатыны сөзсіз. Алайда солай деп біржола кесім шығаруға бола ма? Жоқ. Кейбір адамдар білгенін айта алмауы мүмкін. Дегенмен, олардың жазғанынан, ойынан бәрібір тереңдік көрініп тұрады.
Расында, біреу кітапты жылдам, екіншісі асықпай оқиды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ересектер орташа есеппен минутына 180-250 сөз оқиды екен. Алайда адамның миы оқыған кітабының мазмұнын 100 процент қабылдай ала ма? Мәселе – сонда.
Психологтардың пайымдауынша, адам кітапты асықпай оқыған кезінде ондағы жазылған мәтіннің 60 процентін ғана қабылдай алады. Ал жылдам оқитын жандар да бар. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, жылдам оқу сәтінде кітапқұмар адам туындының 80 процентін түсінуге мүмкіндік алады. Сарапшылар жылдам оқылған ақпарат санаға тез қабылданып сіңетінін айтады. Бірақ кітап оқып отырып, бір нәрсеге мән бере бермейміз. Атап айтар болсақ, жылдам оқығанның зияны жоқ. Ал адам кітапты асықпай оқыса, көз тез талады. Мына бір мысалға мән бермеуіміз ықтимал. Қарапайым адам кітап оқып отырып, қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін, яғни сіз бір мезетте 1-2 сөзді көре аласыз. Ал осы көріністі жылдам қайталайтын болсаңыз, бір зер салғанда 200-500 белгіні, яғни 33-83 сөзді бір-ақ көреді екенсіз. Сондықтан жылдам оқығанның пайдасы да көп.
АҚШ-тың он алтыншы президенті А.Линкольн «Табысқа жетудің бір ғана жолы – кітап оқу» деп бекер айтпаған. Адамның өмір сүру барысында бір кітапты бірнеше рет қайталап оқитын сәті көп. Грек философы Демосфен әйгілі тарихшы Фукидиданың шығармасын жете түсіну үшін 8 рет оқыған. Гете адамдарды оқыған кітаптарына қарай бағалаған. Қазақтың Абайды да қайталап оқи беретіні бекер емес. Боямасыз өмір, философия, тіршілік, адамдық қарым-қатынас, бәрі, барлығы – Абайдың қара сөзінде. Әрине, жақсы кітап – жан азығы.
Ұлы ақын Абайды оқыған пенде рухани тұрғыдан азбайды. Қоғамдағы қылмыс – бүгінгі тұрмыс. Абайды оқыған адам азғындыққа бармайды. Соны түйсіну ләзім. Тәрбие – тал бесіктен, өскен ортадан. Қозғалыстағы асау тіршіліктің ағынын пайымдай білуден. Ойын қорыта алмаған бала жалтақ. Қоғамдық пікірі жоқ жас қорқақ. Адамның ішкі рухани түйсігі терең болса, зиялылығы да жоғары. Бірақ бүгінгі қатыгез қоғам адамды әртүрлі етіп тәрбиелейді. Өрісі биік бала өседі, өресі тар бала өшеді. Мәселе – баланы қалай тәрбиелей алуда. Оның келешегін бағалай білуде. Кейбір бала немесе жастың ішкі түйсігі мықты болып, оны көрсете алмай булығып өсуі мүмкін. Бір ғана мысал, 20 жасында мектепті зорға бітірген Карл Линнейді мектепте мұғалімдер білімсіз деп санаған. Ол кейін табиғаттану саласының білгірі ретінде атақты швед ғалымына айналды. Гоголь мектепте шығарманы өте нашар жазған. Кейін ол орыстың ұлы жазушысы болды. Чарльз Дарвинді әкесі «сенің қолыңнан тышқан аулаудан басқа түк келмейді» деп үнемі тұқыртатын болған. Бірақ талант қашан да тас жарады. Дарындылардың аты ақыры дүниеге мәшһүр болады. Оның себебі білім, ізденіс, кітап оқудан шығып тұр. Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек деген – осы. Сондықтан олқылығыңызды кітап оқып толтырыңыз.
Жалпы ізденістен, кітап оқығаннан зиян шеккен ешкім жоқ. Мысалы, Максим Горький минутына төрт мың сөз оқыса, Наполеон минутына екі мың сөз оқыған. Сталин бір күнде оқыған 400 бетін өте төменгі көрсеткіш деп есептеген. Кітап жаныңды сергітеді, жан сарайыңды кеңітеді. Әрине, біреу тез, екінші біреу асықпай оқиды. Мұның бәрі адамның түйсінуіне байланысты. Қалай оқысаңыз да ең алдымен түсініп оқыған жақсы.
«Өскен өңір» ақпарат



25 қараша 2022 ж. 418 0