Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ПІСТІ

ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ПІСТІ

Биыл да әдеттегідей жаздың алғашқы күнінен қауын-қарбыз саудаға түсе бастады. Қазір тіптен базарда жасылды-сарылы болып, домаланып, үйіліп жатыр. Шәрбатты жемісті сағынып қалғанымыз рас. Көргеннен-ақ сілекей шұбыра жөнеледі.
Бағасы былтырғымен салыстырғанда қымбаттау. Қарбыздың келісін 200 теңгеден, әңгелектің бір данасын 300-400 теңгеден саудалап жатыр. Десе де бағамен санасып жатқандар шамалы, жұрт шөл басатын астан дәм татуға асық.
Күріші өз алдына, Шиелі ауданы елге бал татитын-қауын-қарбызымен де танымал. Биыл аудан диқандары 2392 гектар алқапқа аталған бақша дақылдарын екті. Оның 1474 гектарын – қарбыз, 918 гектарын – қауын құрап отыр. Бірер күннен бері жергілікті диқандар да көктемдегі бейнетінің зейнетін сезіне бастады.
Десе де мамандар қарбыз жеуге әлі ерте екендігін айтады. Өзіміз де қанша құмартып тұрғанымызбен «осыны жеп алып, уланып қалмас па екенбіз?» деген ой іштей маза бермей тұратыны рас. Әсіресе ерте піскен өнімнен қауіп көп. Себебі жаз мезгілінде астан улану жағдайлары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, көпшілігі сырттан тасымалданады. Өнімді көп және тез арада жинау мақсатында жеміс-жидек пен көкөніске тыңайтқыштар қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы – нитраттар. Тыңайтқыштың аз мөлшері біздің ағзамызға зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс болуы өте қауіпті.
Дәл қазір базардағы қауын-қарбыз нитраттан қаншалықты таза? Адам денсаулығына зиянды әсері жоқ па? Ол да белгісіз. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарынан сұрағанымызда жоғарыдан арнайы нұсқаулық болмаса, тексеруге құқымыз жоқ дегенді алға тартты. Басқарма қызметкері Гүлстан Болатова:
– Жыл сайын бау бақша өнімдері жаппай сатылымға шыққан уақытта арнайы акциялар ұйымдастырылып, соның аясында базарда сатылып жатқан қауын-қарбыз зертханада сараптамадан өткізетін. Бірақ биылдыққа әлі ешқандай нұсқаулық келмеді. Сондықтан өз бетімізше ештеңе жасай алмаймыз, – дейді. Шынында да бүгінде аталған мекеменің сауда орнын рұқсатсыз тексеруге құқы жоқ.
Қалай болғанда да нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында 90 мг/кг, қарбызда 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыры ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі. Ал қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға саласыз. Егер су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал.
Одан бөлек сатып аларда дақылдың сыртын мұқият тексеру керек. Жақсылап жуып, сосын жеген дұрыс. Жалпы қауын-қарбызды ересектермен қатар балалар да құмартып жейді. Сондықтан бау-бақша өнімдерін тұтынғанда тазалықты қатаң сақтаған жөн. Оның үстіне балалардың ішек ауруларымен көп ауыратын мезгілі – жаз айлары.
Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әрине мезгілінде пісіп, иісі аңқыған, дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздың адам ағзасына пайдасы да көп. Ми белсенділігін арттырып, бүйректі шаяды. Қандағы холестеринді төмендетеді. Артық салмақтан арылтады. Бауырды тазалайтыны тағы бар.
Расында жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Десе де, тұтынушы өз денсаулығына келер қауіп-қатердің алдын алып, абайлағаны абзал.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
27 маусым 2022 ж. 707 0