Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шегіртке осал жау емес

Шегіртке осал жау емес

Егіннің бітік шығып, өнімнің мол болуы топырақтың құнарына, су мен жылудың мөлшеріне ғана емес, алқаптың зиянкестерден дер кезінде қорғалуына да тікелей байланысты.Президент Қасым-жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар» деді. Әрине, өзге мәселелермен қатар егістік алқаптарды, жем-шөп қорын зиянкестерден, көлденең кеселден қорғау мәселесі де өткір тұрғаны белгілі. Әсіресе шегіртке тектес зиянкестермен зақымдануы салдарынан жыл сайын ауылшаруашылығы дақылдарының 30-35 пайызы зардап шегеді екен. Тікелей келген нұқсан өз алдына, зиянкес қоныстанған алқап өсімдіктерінің сапасы да кемиді. Ол жүріп өткен алқаптың шөптері де мал азығына пайдасыз болып қалады. Бүгінде бұл бағытта толыққанды бетбұрыс қолға алынып, іс-шаралар жүзеге асуда.
Иә, ауыл шаруашылығы дақылдарын түрлі зиянкестерден сақтау үнемі бақылауда болады. Топыраққа, өсімдікке және ауыл шаруашылығы өніміне теріс әсер ететін зиянкестерді жою жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қорғану шаралары әрбір нақты зиянды нысанның биологиялық даму ерекшеліктері мен оның экономикалық зиян келтіру деңгейі ескеріле отырып жүргізіледі. Бұл мәселеде «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Шиелі филиалының атқарар рөлі ерекше. Дәл қазір мұндағы қызметкерлер үшін жұмыстың қызатын шағы. Егінге қауіп төндіретін және карантиндік зиянкестерді анықтау, оларға мониторинг жүргізу үшін мамандар таң атқаннан қас қарайғанша алқапты аралап, атыз жағалауға әзір.
Биыл егін алқабына зиянкестерден келетін қауіптің деңгейін білмекке мекеме басшысына хабарласқанымызда қауын шыбынына мониторинг жасау жұмыстарымен жүргенін айтты. Есебін тауып, түскі үзіліс кезінде тілдесіп қайттық.
«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесінің басшысы Бақытжан Ниязовқа қойған алғашқы сауалымыз шегіртке жайлы болды.
Себебі өткен сенбіден бастап аталған жәндіктің жер-көкті қаптағанын бірден байқаған жұрт «шегіртке жауды» деп шуласты. Ал шегірткенің өсімдік атаулыға осал жау еместігі бесенеден белгілі.
Мекеме басшысы шегіртке жаумайды, желмен бір жерден екінші жерге ұшып қоныс аударады деп түсіндірді. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген сөз бар. «Ыршып жүріп ән салатын» саяқ түрінен аса қауіп жоқ. Әйтсе де, тұтаса ұшып, қаптай қонатын азиялық шегіртке көшіп келмесін деңіз. Әйтпесе егіннен егін, шөптен шөп қалмасы анық. Қалай болғанда да шегіртке үйірге біріксе, жолындағы қылтанақ біткенді жайпап түсіретін зиянкес. Бұл тұрғыда агроөнеркәсіп кешеніндегі қауіпсіздікке жауап беретін мамандардың да қарап жүрмегені белгілі.
– Биыл аудан көлемінде ерекше қауіпті азиялық шегірткеге мониторинг зерттеу жұмыстары 89 мың 700 гектар жерге жүргізілді. Маусым айының басынан бері 14100 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстары жасалуда. Жалпы қыстыгүні жерден шегірткенің күбіршегін қазып, алдағы егін маусымында қаупі қай деңгейде болатынын болжаймыз. Болжам нақты болуы тиіс. Өйткені соған қарай өңдеуден өткізетін алқаптың көлемі анықталып, мемлекеттен тиісті қаржы бөлінеді. Бізде зиянкестерді анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізумен Сәбит Парманқұлов есімді энтомолог маман айналысады.
Айта кетейін, дәл қазір даладан көпшілік байқап жатқан шегіртке – саяқ түрі. Одан қорқудың қажеті жоқ. Аудан бойынша егінге қауіпті деп танылған түрі – азиялық шегіртке. Бұл саяқ шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілмейді деген сөз емес. Мәселен, биыл қауіптің алдын алу үшін саяқ шегірткеге қарсы мемлекеттік жер қорынан 4600 гектар, шаруа қожалықтары алқабынан 5000 гектар алқап химиялық өңдеуге ұсынылды, – дейді мекеме басшысы.
Одан бөлек жоғарыда айтқан қауын шыбынын зерттеу жұмыстары 2 кезең бойынша жүзеге асады. Жоспар бойынша 2600 гектарға мониторинг жүргізіліп, оның 660 гектарын өңдеуге ұсыныс берілген. Дәл қазір 369 гектар алқап қауын шыбынына қарсы уланып үлгерген. Жиырма жылға жуық тәжірибесі бар герболог маман Ақнұр Әлиева:
– Бір дана қауын шыбыны аудандағы бүкіл өнімге қауіп төндіре алады. Себебі ол тез көбейеді. Сол секілді бір ғана жатаған у кекіренің зардабы бүкіл атызға тиеді. Жалпы зиянкестердің түрі көп. Мәселен, италиялық прус, азиялық шегіртке, саршұнақ, тышқан тектестер, коларад қоңызы – ерекше қауіпті зиянды жәндіктерге жатады. Оларды ерте көктемнен күзге дейін әрқайсысына белгіленген уақыт аралығында тексеру жұмыстарын жүргіземіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, егінге қауіп төндіретін зиянкестер мен арам шөптердің түрі көп. Олардың барлығын ажыратып, алдын алу шаралары тікелей осы мекеме мамандарының міндеті. Өздеріне жүктелген міндеттің жауапкершілігін жіті сезінетін олар күн-түн демей белгіленген 642 мың гектар алқапты аралауға дайын.
Мекеме басшысы Бақытжан Ербайұлының айтуынша, жыл сайын өткізіліп жатқан қорғану шараларының арқасында ауданда бірқалыпты фитосанитариялық ахуал қалыптасқан. Десе де қатердің алдын алу мақсатында жұмыстар бір сәтке де толастамақ емес.
Біз мекеме қызметкерлерімен тілдесуге барған мезетте аудан тұрғындарының бірі есігінің алдында өсіп тұрған гүлінен әлдеқандай белгіні байқап, мән-жайын білмекке «жараланған» жапырағын мекемеге әкеліп тұр екен. Әбден өз ісінің шеберіне айналған мамандар тексеріп жатпай-ақ, жапырақтың түрінен оның күйгенін айтты.
– Гүл ыстық күнде суғарылған немесе бірнеше күн су құйылмай шөлдеп қалған болуы керек. Содан жапырақтары күйген, – деген фитопотолог Өрісбай Қарекеев аудан тұрғынына гүлін қалай қалпына келтіру жолдарын түсінідіріп берді.
– Осы секілді есігінің алдындағы болсын, егін алқабындағы болсын өнімінен қандай да бір ерекшелікті байқағандар бізге келіп кеңес алып жатады. Біз әрқашан көмек көрсетуге дайынбыз. Тағы да айтамын, кез келген аудан тұрғыны еккен егінінен қандай да бір зиянкестің қауіп төндіргенін байқаса, бізге жүгінуге әбден болады. Мысалы дәл қазір талдарда құрт пайда болған. Тұрғындар талдың астына көлігін көлеңкелеп қойғанда әлдебір жәндіктер қаптап кетететінін айтып шағымданып жатыр. Ал біз ол талдарды тазартуға тиісті мекемелерге ұсыныс береміз. Жалпы өсімдіктерде дерттің дені ылғалдың мол болуынан туындайды.
Біздің мақсатымыз өсімдікті зиянкестерден тазалау емес, оны анықтау, себебін зерделеп, ошағын тауып, тиісті мекемелерге жолдау, – дейді маман.
Рас, соңғы жылдары зиянкестердің егін даласына алапат шабуылының беті қайтқандай. Бірақ Үкімет сақтық шарасы ретінде бюджеттен қаржы бөліп, алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
21 маусым 2022 ж. 527 0