Биыл зиянкестер зақымдаған алқаптар ауданы екі есе қысқарды
Биыл егін алқаптарын зиянды организмдерден қорғауға 4,9 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 2,1 миллиард теңгесі шегіртке тектес зиянкестермен күреске жұмсалады. Бұл туралы ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша егін алқаптарын үйірлі шегірткеден қорғауға арналған препараттар жеткілікті. Биыл дер кезінде жүргізілген жүйелі жұмыстың арқасында зиянкестерден зақымданған егіс алқаптарының көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге кеміді. Сондай-ақ биыл алғашқы алты айда Қазақстанда карантинге жатқызылған өнімдерді ел шекарасынан өткізудің 1314 дерегі тіркелді. Заң бұзғандарға жалпы сомасы 16 миллион теңгені құрайтын 243 айыппұл салынды. Ел аумағын зиянкестерден қорғау мақсатында көрші елдердің фитосанитариялық қызметкерлерімен бірлескен жол картасы әзірленді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ағымдағы жылы 4 шілдедегі жағдай бойынша карантиндік және фитосанитариялық іс-шаралар 600 мың гектар алаңында жүргізілді. Бұл болжанған алаңның 15%-ын құрайды. Марокко шегірткесігне қарсы химиялық өңдеу Түркістан және Жамбыл облыстарында толығымен аяқталды. 7,3 мың гектар өңделді. Италияның шегірткесіне қарсы 341 мың, азиялық шегіртке қарсы 143 мың гектар жер өңделді. Дәнді-дақыл егетін алаңдарда арамшөптерге қарсы химиялық отау 7,3 миллион гектар жерге жүргізілді. Бұл жоспарланған 7,9 миллион гектардың 92%-ын құрайды.
24.kz