Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата Заңға өзгеріс – уақыт талабы

Ата Заңға өзгеріс – уақыт талабы

Конституция – халық пен биліктің арасындағы бас­ты шарт. Ол – мемлекеттік құрылымды бекітуші, адам мен азаматтың құқықтарын жария етуші және қорғаушы басты құрал. Оны қабылдау мен өзгертудің екі жолы бар. Біріншісі – референдум, ал екіншісі – Парламент. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізуді таңдады. Яғни Ата Заңдағы өзгерістерді халық талқысына ұсынды.
Қоғамның белгілі бір даму кезеңінде оның өзгеруі, толықтырылуы – заңды құбылыс. Қатып қалған қағида емес. Өмір өзгеріп тұрады. Адамның билікке, меншікке, заңға көзқарастары өзгерген жағдайда оны реттеу тетігі, яғни құқылық қатынас өзгереді. Конституция нормалары да уақыт пен кеңістікке бейімделеді. Кешегі маңызды мәселе бүгін қарапайымдануы, ал бүгінгі ұсақ мәселе ертең күрделенуі мүмкін. Міне, осындай заманауи талап ­ Конституция, заң, дәстүр, этика, эстетика сияқты әлеуметтік нормаларды да өзгеріске алып келеді.
Бүгінде Президенттің бастамасы аясында республика көлемінде қоғамдық штаб мүшелері жасақталып, референдумның бағыт-бағдарын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оның бір көрінісін Шиелі ауданындағы қоғамдық штаб мүшелерінің жұмысынан аңғаруға болады. Аудандық әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Қ.Ыханова, Облыстық «Атамекен» палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі.
Қазақстан Іскер Әйелдер Ассоцациасының Шиелі аудандық басқарма төрағасы, жеке кәсіпкер А.Әбдіқадырова, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет, аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Құдайбергенов, «Жастар» ресурстық орталығының кеңесшісі Ы.Қаппаровтан құралған штаб мүшелері аудан халқымен кездесулер өткізді.
Реформа аясында Ата заңымыздың 33 бабына түзету енгізіледі. Яғни еліміздің ең басты Құжатының үштен бірі өзгереді деген сөз. Сол себепті, осындай тарихи бетбұрысты халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асыру аса маңызды. Конституциялық реформаның бес негізгі бағыты бар. Біріншіден, бірқатар билік уәкілеті қайта бөліске түседі, функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі.Екіншіден, суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу аяқталады. Президент бәрінен тең дәрежеде оқшау тұратын, ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады. Үшіншіден, Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейтіледі. Мәжілісті құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, Парламенттің бақылаушы функциялары кеңейтіледі, заңнама процедуралары оңтайландырылады.Төртіншіден, халықтың мемлекет басқаруға қатысуы кеңейеді. Мәжіліс депутаттары бірмандатты округ жүйесі бойынша сайланады, депутат мандатын қайтарып алу тетігі енгізіліп, облыс әкімдері баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалады.Бесіншіден, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі күшейтіледі. Конституциялық Сот құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдер мен иммунитет беріледі, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынады. Осылайша, реформалардың нәтижесінде билік тармақтарының өзара теңгерімді байланысы қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады. Осы өзгерістерді тілге тиек еткен қоғамдық штаб мүшелері 10-13 мамыр аралығында «Шиелі теміржол вокзалы» қызметкерлері мен Керделі ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Сонымен қатар, аудандық спорт мектебінің қызметкерлерімен және мәдениет саласының ардагерлерімен дөңгелек үстел өткізді.

Г.Дүйсебаева
13 мамыр 2022 ж. 665 0