Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келісіп қабылданған заң келте болмайды

Келісіп қабылданған заң келте болмайды

Елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтеді. Бұл туралы өткен жұмада Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз деді Президент. Үлкен жаңалықтар айтылған жиында тағы қандай мәлімдемелер жария­ ланды?
Иә, жалпыхалықтық референдум өткен аптаның ғана емес алдағы бірнеше айлардың басты жаңалығы болатын сыңайлы. Себебі Ата Заңға осындай жолмен өзгеріс енгізу Қазақстанда соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткен болатын. Алайда сол 27 жыл ішінде Конституацияға 5 мәрте өзгерістер енгізілсе де оның барлығы Парламенттің дауыс беруімен ғана күшіне енген екен.

Ата заңға бұрын енгізілген өзгерістер қандай?
Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын өкілді орган – Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған. 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау өткізіп, 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізіп жаңа Конституция­мыз 1995 жылы 30 тамызда бекітілген.
Нәтижесінде 1993 жылғы үлгіден Парламентті Сенат пен Мәжіліс атты екі палатаға бөлу, Жоғарғы Кеңестің таратылуы, Парламенттің заңнамалық функциясын Президент, Үкімет, Парламент атты үш институтқа бөлу сынды ауқымды сәттермен ерекшеленді. Ал 1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын Қазақстан Конституциясына Парламент арқылы барлығы 5 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары.
1) 1998 жылы қазан айының 17-сіне Конституцияның 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірінші кезекте, өзгерістер Президенттің, Парламент депутаттарының мерзімдері мен функцияларына қатысты болды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкер үшін бұрын қарастырылған жоғары жас шегі жойылды. «35 жастан асқан адам президент болып сайлана алады» деген сөйлем «40 жас­тан асқан» деп өзгертілді және «65 жастан аспаған» деген сөзді алып тастады.
2) 2007 жылы мамыр айында түзетулер мынадай: пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, Премьер-министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы енгізу және үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партиялық фракция­­лармен консультациялар рәсімі есебінен Парламент мәртебесін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді және белгіленген квотаға сәйкес өз өкілдерін Парламент Мәжілісі мен Сенатына жіберу құқығына ие болды.
Негізгі түзетулер ҚР Президентінің мәртебесіне қатысты еді. «Бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент лауазымын атқара алмайды» деген ереже енгізілді, Президенттің өкілеттілігін орындау мерзімі 5 жылға дейін қысқартылды (бұрын 7 жыл болған). Президент Қазақстан Республикасында соңғы 15 жыл тұрақты тұруға тиіс деген ереже енгізілді (бұрын Қазақстанда тұру уақыты анықталмаған, тек оның мерзімі болды). Сонымен қатар Конституцияда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша жағдайы тіркеліп, лауазымда болу мерзімі ­бойын­ша шектеу қолданылмайтыны, ал Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі жеке Конституциялық заңмен айқындалатыны көрсетілді.
3) 2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Сол кезде Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін бекіткен толықтырулар да қосылған. Бұдан басқа, заң жобалары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейнесін бүлдіргені, оның өмірбаянын көпшілік алдында қорлағаны және бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
4) 2017 жылғы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жариялады, оның басты мақсаты республика Президентінің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру болды. Сондай-ақ террористік қылмыстар жасағаны үшін, ҚР өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімі бойынша азаматтықтан айыру негіздері көзделді. Президентке қойылатын талаптар, атап айтқанда жоғары білімінің болуы толықтырылды. Түзетулерге сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның басты конституциялық органы саналды. Оның міндеттеріне елдің ұлттық қауіпсіздігі, қорғаныс қабілеті саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қарау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және осы бағыттарда ұйымдастыру жатады.
Осы өзгерістердің барлығы негізгі заңға референдумсыз енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 3 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл шешімнің неге негізделгенін түсіндірді:
«Мемлекеттік билік жүйесінің маңызды сәттері өзгермейтінін, бұл реформада адамның құқықтары мен бостандықтарының маңызды бөлімдеріне әсер етпейтінін ескере отыра, үлкен шығындармен, адами ресурстармен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан халық сайлаған депутаттық корпус Конституцияға сәйкес осы заңдарды енгізуге құқылы» – деп ҚР Тұңғыш Президенті атап өткен еді.
5) ҚР Конституциясына соңғы өзгеріс 2019 жылғы 23 наурыздағы Заңмен енгізілді. Бұл елорда атауының Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты. 2019 жылғы 20 наурыздағы Конституциялық кеңес: «Қазақстан Республикасының астанасын «Астана» атауынан «Нұр-Сұлтан» деп атауға қатысты өзгерістерді бекітті. Бұл заңға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Жалпыхалықтық референдум арқылы қандай өзгерістер енгізіледі?
Президенттің айтуынша, жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірлеген. Яғни Конституцияның үштен бір бөлігі өзгереді деген сөз. Демек елімізде үлкен саяси өзгерістер орын алып, жылдар бойы қалыптасқан жүйе алмасады. Ал бұл ауқымды өзгерістер Парламенттің дауыс беруімен ғана шешлетін болса, қарапайым халықтың үкіметке деген сенімі артпасы анық еді.
– Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі.  Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіреді. Себебі ең тұрақты құжат саналатын АҚШ Конституциясының өзіне 27 рет түзету енгізілген. Мысалы, әйелдердің дауыс беру құқын енгізетін, президент болып сайланатын мерзімді екі мерзім етіп белгілейтін (Рузвельт 4 рет президент болып сайланғаннан кейін) түзетулер уақыт талабы еді. Мұндай мысалдарды қай елдің де Конституциясынан табуға болады. Сондықтан Ата Заңға енгізілетін мұндай ауқымды реформаларды уақыт талабы деп есептейміз. Ал сол реформалар халықтың үнін ескере отырып қабылданатын болса құба-құп болмай ма?

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
03 мамыр 2022 ж. 589 0